Мұндай қайғылы оқиғалардың орын алуының арғы астарында не сыр бар? Бұл ең алдымен ата-аналар мен білім беру ұйымдары тарапынан балаларға жасалатын бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетсе керек. Әдетте кәмелетке толмағандарды қылмыс жасауға итермелейтін басты фактор –оның әлеуметтік жағдайы, отбасындағы тәрбиенің кемшіндігі, әрі бұл мәселедегі ата-аналар жауапкершілігінің төмендігі деген ой-пікірлер үстем түсіп жатады. Кім біледі, мүмкін солай да шығар. Өйткені бүгінде ата-ананың қарауынан тыс қалған балалар аз емес. Бақылаусыз және өз бетімен кеткен жасөспірімдер де жетерлік. Соның салдарынан өткен жылы кәмелетке толмағандарды бақылаусыз жіберген 3760 ата-ана мен заңды өкілдері жауапкершілікке тартылыпты.
Айтайын дегеніміз бұған дейінгі жасалған талдаулар мен зерттеулер жасөспірімдер арасындағы қылмыс жоғарыда айтылған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары тарапынан орын алса, кейінгі көрініс бұған мүлдем қарама-қайшы. Яғни қазіргі кезде ауыр қылмысқа баратын жасөспірімдер негізінен сәтті, тәрбиелі әрі дәулетті отбасылардан шыққандар екен. Ақтөбе қалалық жалпы ата-аналар жиналысында Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменов осындай мәлімдеме жасады.
Тағы бір таңқаларлығы ауыр қылмыс жасаған балаларға мектеп әкімшіліктері жақсы мінездемелер беріпті. Бұл сипаттамалар: сабағын жақсы оқиды, спортпен айналысады, қоғамдық іс-шараларға белсенді түрде қатысады деген бағытта жазылған екен. Егер шынында да солай болса, олардың тәртіпсіздік пен қылмыстық іс-әрекеттерге баруын қалай түсіндіруге болады? Бір сөзбен айтқанда қылмыс жасалса да, бұған ешкім де кінәлі емес дегенді білдірмей ме мұндай солақай көзқарас.
Тағы бір келеңсіз жәйт құқық бұзушылыққа барған мектеп пен колледж оқушыларының іс-әрекеттерін сол оқу орындарының басшылары барынша жасыруға тырысуы да жақсылықтың белгісі бола алмайды. Өйткені қылмыс та аурумен, дертпен тең. Ал ауруын жасырған өлетінін ата-бабаларымыз баяғы заманның өзінде айтып кеткен жоқ па еді. Әрі беріден соң мұның өзі педагогикалық тактикаға да қайшы емес пе? Балаға теріс үлгі көрсетудің басты мысалы осы да. Өңірде оқушылар арасында бірін-бірі пышақ салып өлтіру секілді ауыр қылмыстардың азаймай отыруының басты бір сыры осында болып жүрмесін. Біз бұл тақырыпқа бүгінгі күні бірінші рет қалам тартып отырғанымыз жоқ. Осындай журналистік зерттеулер барысында 2017 жылдың күзінде Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы болып тағайындалған Ляззат Оразбаевамен ой-пікір алмасуды ойластырғанымызбен, оның сәті түспей-ақ қойды. Мұны ол кісінің қызметінің көптігімен, уақытының жоқтығымен түсіндіруге болатын шығар. Бір анық мәселе: жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында білім беру саласындағы жетістіктерді, бұған туғызылған жағдай мен тұрғызылған нысандарды бірінен соң бірін тізбелеп айтып беруді жаны сүйетін сала басшысының тәрбие мәселелеріне қатысты пайымды пікір, орнықты ой, құнды да бағалы ұсыныс-тілектер айтқан кезі есімізде қалмапты.
Оқушыларға саналы тәрбие беру мәселесінде облыстық білім басқармасы мен өңірдегі мектеп ұжымдары арасындағы тікелей байланыстардың да тіні босаң екені байқалып қалып жүр. Мүмкін мұндай тұтқа тікелей Ляззат Оразбаеваың қолында тұрмаған да шығар. Әйтсе де аталған жергілікті ведомства тарапынан тиісті ықпал ету шараларын алуға және жүргізуге болмас па еді деген ой келеді. Биылғы жылдың өткен қаңтар айында өткізілген кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі облыстық комиссияның көшпелі отырысында сол айдың 20 күні ішінде жасөспірімдерден 77 пышақ тартып алынғаны жөніндег дерек алға тартылды. Өңірде бұрын-соңды мұдай көрініс кездеспегені анық. Баланың сөмкесінде не қалтасында пышақ неге жүр деген сауалдар тек осы жағдайдан кейін ғана қойылып жатқаны әрине кештік қыла қоймас. Ештен де кеш жақсы демей ме халқымыз. Дегенмен бұл көрініс ата-аналар мен мектеп ұжымдарын және құқық қорғау органдары өкілдерін ойландыратынащы сабақ болуға тиіс.
Бала бірден пышаққа жүгірмейтіні табиғи жәйт. Түзу ортада өскен бала бірден пышаққа бой ұрмайды. Әрі бірден суық қару қолдануға тәуекел жасай алмайды. Ең әуелі оған ыңғайланады. Әрі бейімделеді. Содан соң қылмысқа яғни біреулерге пышақ ұруға ойша дайындалады деп мәлімдейді психолог-мамандар. Мұндайда оның кімдермен бірге жүретінін, қандай ортамен байланысы бар екенін анықтау –болуы мүмкін қауіп-қатерден сақтаудың басты жолы болмақ.
Айталық Шалқар аудандық аналар кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Гүлай Жұмағалиева кінәні сырттан емес, біріншіден отбасылық тәрбиеден, содан соң балалардың араласатын ортасынан іздеген жөн деп есептейді. Оның ойынша бұл екеуінің психологиялық тұрғыдан балаларға тигізетін теріс әсері бар. Ал ата-аналар комитетінің төра йымы Әсемгүл Егінбаеваның айтуынша балаға оң бағыт сілтеуде –отбасындағы әке тәрбиесінің орны жоғары. Өкінішке орай көптеген әкелер балаларының теріс жолға түсуіне өздері себепші болып жүр. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында білім беру басқармасы мен бөлімі жанынан арнайы құрылған топ жасөспірімдердің пышақтасуы салдарынан қайғылы жағдай орын алған мектептерге тексерулер жүргізуде. Соның нәтижесінде кейбір мектептердегі тәрбие және оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану тұрғысында бірқатар олқылықтар орын алғаны белгілі болып отыр. Айталық Ақтөбе қаласындағы №22 орта мектепте мектепішілік тізімде тұрған 21 оқушымен мектеп басшылығы тиісті деңгейде жұмыс жасамай келген. Мұның аяғы неге апарып соқтырғаны айтпаса да белгілі. Мұдай деректер аз емес.
Оқушылар арасында жасалған ауыр қылмыстардың тағы бір себебін құқық қорғау органдары мен мектеп директорлары арасындағы бірлескен іс-қимылдың кемшіндігінен іздегеніміз жөн секілді. Мұның басты мысалы мектеп жасындағы балалардың түнгі клубтар мен ойын-сауық мекемелеріне бару көріністері. Рас, оларды кіргізгені үшін 91 ойын-сауық орындарының басшылары және 159 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Әрине осымен бүкіл істі біттіге санауға болмайтыны белгілі. Қалай дегенде де оқушылар арасындағы қылмысты азайтудың басты жолы–бала тәрбиесіндегі бірлескен іс-қимыл болып қала бермек.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ