Хоккей • 14 Ақпан, 2019

«Барыс» хоккейшілері Қытай командасын жеңді

299 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордалық «Барыс» Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасымен кездесті.

Кездесу тартысты басталды. Қытайлық клуб хоккейшілері біздің қақпадан саңылау іздеуге тырысты. Шабуыл шебінде жиі бой көрсетті. Дегенмен, оған «Барыс» жігіттері қинала қойған жоқ. Оларға лайықты тойтарыс берді. Шабуыл тізгінін қолға алуға тырысты. Алғашқы шайбаны айдын иелері соқты.

Біздің командадан Павел Акользин 14-минутта қанжығасын майлады. Екінші кезеңде «Барыс» хоккейшілері Қытай командасының қақпашына қауіпті сәттерді жиі ұйымдастырды. Ойынның 24-минутында біздің командадан Дастин Бойд шайба соққан еді. Қытайлық қақпашыға бөгет жасалды деген желеумен төрешілер бейнеқайталауға жүгінуге мәжбүр болды.

Сосын төрешілер соғылған шайбаны санамай тастады. Десе де көп ұзамай «Барыс» сапынан Роман Старченко мергендік танытты. Бұл ойынның 29-минуты болатын. Үшінші кезеңде де екі команда тартысты ойын өткізді.

«Барыс» сапынан 49-минутта Павел Акользин бүгінгі кездесудегі екінші шайбасын соқты. Дегенмен, арада бір минутта өтпестен қытайлық хоккейшілер есеп айырмасын қысқарта алды. Ол 50-минутта Джастин Фонтейн өзінің еншісіне жазды. Ойында «Барыс» 3:1 есебімен жеңіске жетті.