Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Нысандар жедел әрі сапалы салынуы тиіс

407 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында бірінші кезекті нысандар құрылысымен танысты және өңірді дамыту перспективалары бойынша кеңес өткізді.

Нысандар жедел әрі сапалы салынуы тиіс

А.Мамин облыс әкімдігі ғимараты алаңын, сауда орталығы алаңын, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, тұрғын үй алабын және өзге де нысандар құрылыстары барысын тексерді. Және де құрылысы басталған «Күлтөбе» мұражай-қорығын, сондай-ақ отандық өнім өндірушілердің құрылыс материалдары көрмесін аралап көрді. 

Бірінші Вице-премьер А.Ма­мин, Түркістан және Қызылорда облыс­тарының әкімдері Ж.Түйме­баев пен Қ.Көшербаев қызылор­да­лықтардың өңірге сыйы – Шығыс моншасы нысанының іргетасын қаласты. 

Түркістан облысын дамыту перспективалары бойынша өт­кен жиында А.Мамин құры­лыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық және инфрақұры­лым­дарды дамыту салаларында үлкен жұмыс тәжірибесі бар өңір әкімінің жаңа бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметовті таныстырды. 
 Ол Ақмола облысының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Өңірлік даму вице-министрі болып жұмыс істеген. 

«Елбасының тарихи шешімінің арқасында түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы және облыстың төр қаласы ретінде Түркістанда ауқымды құрылыс жұмыстары басталды», деп атап көрсеткен А.Ма­­мин, қала құрылысы Мемле­­кет басшысының ерекше бақыла­­­у­ында екендігін де ерекше ескертті.

2018 жылдың желтоқсанында қорытындысы шығарылған ха­лық­аралық сәулет сайысының нәтижесінде Қазақстан өңірлері мен ұлттық компаниялар бірегей нысандарды салатын болады. 

Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстары қалалық саябақты, Павлодар облысы Халыққа қыз­мет көрсету орталығын салуға, Ақтөбе облысы Рәбия Сұлтан Бегім және Қожа Ахмет Ясауи кесенелерін абаттандыру мен қалпына келтіру жұмыстарына, Атырау облысы «Ұлы дала елі» кешенін, Шығыс Қазақстан облысы музыкалық субұрқақты, Солтүстік Қазақстан облысы Олимпия резерві спорттық мек­тебін, Жамбыл облысы «Әзірет Сұлтан» ТМО орталығын, Батыс Қазақстан облысы музыкалық мектепті, Қостанай облысы Неке сарайын, Алматы қаласы медиа-орталықты, Шымкент қаласы әмбебап кітапхана мен өзге де нысандарды салуға кіріседі. 

Осы тізімдегі бірінші кезектегі нысандар үстіміздегі жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Кеңес барысында облыс әкімі Ж.Түймебаев Түркістан қаласындағы бірінші кезектегі нысандар құрылысының барысы туралы баяндап, облыс орталығын жылу және электр энергиясымен, газбен қамтамасыз ету, ин­же­нерлік-инфрақұрылымдық жү­­йесі, тұрғын үй құрылысы сала­сындағы жобаларды жүзеге асыру барысы туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қ.Өскенбаев айтып берді. 

Сондай-ақ мәдениет және спорт вице-министрі Е.Қожа­ға­панов, облыс әкімдерінің орынбасарлары мен мердігер ұйымдар басшылары сөз алды. 
Отырысты қорытындылай келіп, Премьер-Министрдің бірін­ші орынбасары А.Мамин Түр­кістан қаласындағы жаңа нысандарды жедел де сапалы салу және оларды дер кезінде пайдалануға беру қажеттігін атап көрсетті.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы