15 Ақпан, 2019

Сот жүйесінің міндеті – халық сеніміне ие болу

1252 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында сенаторлар сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Аталған құжаттағы өзгерістер Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған.

Сот жүйесінің міндеті – халық сеніміне ие болу

Сот жүйесінде бос орын көп

Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған заң жобалары өте маңызды екендігін және Елбасының заң шығару бастамасы бойынша әзірленгендігін атап өтті.

Сенаторлар алдында заң жобасының артықшылықтары мен негізгі басымдықтары бо­йынша баяндама жасаған Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың айтуынша, Мемлекет басшысы өткен жылдың қараша айында сотқа келушілерге жағдай жа­сау мен сот шешімдері мен үкім­дері­нің сапасын арттыруға бай­ла­нысты нақты тапсырмалар берген. 

Осы орайда, Ж.Асанов соттар­да істердің қаралуы жедел­де­геніне, жаңа технологиялардың көптеп енгізілгеніне тоқталды. Айталық, қазір сот жүйесіне арыздардың 90 пайызы интернет арқылы жолданады екен. Сондай-ақ сот жүйесінде азаматтарды қабылдауға арналған фронт-кеңселер мен түнгі соттар ашыла бастаған. 

– Дүниежүзілік рейтингіде Қа­зақстан соттарға жағдай жасау жағынан төртінші орынға көтерілді. Біздің алдымызда тек Оңтүстік Корея, Норвегия, Син­гапур тұр. Осы шараларды «100 нақты қадам», Ұлт жоспарының тікелей жемісі деп қабылдау керек, – деді Жоғарғы сот төрағасы. 

Сонымен қатар Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен сот жүйесіне білікті заңгерлерді тар­туға, соттарды дауы жоқ істер­ден босатуға, сот процесін ар­­тық бюрократиядан тазартып, оны тиімді, түсінікті әрі қолай­лы ету­ге барлық күш жұмыл­ды­рылған. 

– Сот жүйесінің тірегі де, жү­регі де – судья. Жақсы маман­дар­дың бұл салаға ұмтылысы жоқ.  Біздің соттарда қаралатын істердің 85 пайызы азаматтық дауларға қатысты. Оның ішінде шағымдардың көбі мемлекеттік органдардың шешіміне қатысты болып отыр.  Сот жүйесі монополия, салық, кеден, экология сала­сын жетік білетін білгір маман­дарға мұқтаж. Сондықтан бұл заң жобасы арқылы жалпы аппе­ляция сатысына, облыстық сот­тарға 15 жылдық заңгерлік еңбек өтілі бар мамандарға жол ашып, конкурсқа қатысуға жағдай жасалуда, – деді Жақып Асанов. 

Ж.Асановтың айтуынша, бұ­рын­дары жыл сайын орта есеп­пен судьялыққа 150 адам қабыл­да­натын. Ал былтыр 29 адам қабылданған екен, яғни бұрынғы көрсеткіштен 5 есе аз болған. 

– Бұрын судьялықтан үміт­кер әрбір төртінші кандидат жұ­мысқа алынған болса, қазір талап күшейтілгеннен кейін үміт­кер­лердің 3 пайызы ғана сыннан сүрінбей өтуде. Бұл судьялар арасында кездейсоқ адамдардың болмауы үшін жасалған амал, – деді Жоғарғы сот төрағасы. 

«Egemen» көтерген мәселенің өзектілігі айтылды

Сенаторлар негізгі баяндамашы Ж.Асановқа сауал беру мүмкіндігін текке жібермей, өздерін толғантқан мәселелердің басын ашып алды. Мәселен, сенатор Мұрат Бақтиярұлы баж салығы көлемінің төмендігі туралы мәселе қозғады. 

Ал Сәрсенбай Еңсегенов Жо­ғарғы сот төрағасынан судья­лар­дың тәуелсіздігін қамтама­сыз ету және ел газеті «Ege­men» көтерген ажырасу үдерісін азай­туға байланысты түйткілдерді алға тартты.

– Жуырда «Egemen Qazaq­stan» газетінде ерлі-зайыпты­лар­дың ажырасуы туралы маңыз­ды мақала жарияланып, был­тыр еліміз бойынша 150 мың неке тіркелгендігі, 54 мың неке­нің бұзылғандығы жазылды. Ал жаңадан құрылып жатқан Отба­сылық сот жүйесі осы ажырасуларды болдырмауға септесіп жатыр екен. Мәселен, маманданған судьялардың араласуынан соң Астана қаласында ажырасуға арыз берген 230 отбасының жар­­тысына жуығы райларынан қайт­қан. Бұл үдерісті жалғас­тыру­ға мүмкіндік бар ма? – деген тол­ғанысын жеткізді сенатор. 

Жақып Асановтың ел көле­­мінде қолға алынған Отба­сы­лық сот қанатқақты жобасы ар­қылы ажырасуға өтініш берген­дердің 73 пайызы арыздарын кері қайтарып алғандығын және сот жүйесінде тараптарды та­ту­ластыруға маңыз беріле­тіндігін атап өтті. 

Ал сенатор Дариға Назар­баева сот шешімдерінің екі-үш жеке тұлғаның куәлік етуі­мен ғана, сот­талушының айып­тарына жеткі­лікті дәлелдер жи­нақ­талмай шыға­рылуына байла­ныс­ты депу­таттарға шағым­дар­дың жиі түсе­тіндігін алға тартты.  

Депутаттың бұл сауалына жауап бере отырып, Жоғарғы сот төр­ағасы былтыр 30 мыңдай үкім шы­ғарылғандығын, 2017 жылы ақтау үкімдерінің үлесі – 1,4 пайыз, 2018 жылдың бірінші жарты­сында – 2,5 пайыз, 2018 жыл­дың екінші жартысында 5,5 па­йызға жеткендігін айтып, әділ төрелік ету сатыларының жетіл­діріліп жатқандығын баяндады.

Маңызды заңдар қабылданды

Жалпы, отырыста сондай-ақ заңнамаға сот жүйесін жаң­ғыр­ту мәселелері бойынша тү­зетулер қабылданды. Сенатор­лар одан әрі Еуразиялық эконо­ми­калық одақта тауарларды сәй­кестендіру құралдарымен таң­балау туралы келісімді, 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақ­стан мен Ресей арасындағы Қазақ­стан Республикасына мұ­най және мұнай өнімдерін жет­кізу саласындағы сауда-эконо­ми­калық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге өзге­ріс­тер енгізу туралы хаттаманы, Қазақстан мен Қырғызстан ара­сындағы Қазақстан-Қырғыз мем­лекеттік шекарасының режімі туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады.

Ал «Қорғаныс өнеркәсібі жә­не мемлекеттік қорғаныстық тапсы­рыс туралы» заң жобасы жан-жақты қарала келе, сенатор­лардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді. Оған қоса, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, ақпа­рат­тандыру саласындағы ақпа­раттық қауіпсіздік мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралды.

Отырыс барысында сенатор Сәуле Айтпаева балалардың құ­қықтарын қорғау, Динар Нөке­таева жас отбасылардың ажы­расу мәселелері, Мұрат Бақ­тияр­­ұлы халықтың әлсіз топтарын қолдаудың кешенді шара­ларын қабылдау туралы, Аңсар Мұ­са­ханов қазақтың тазы және төбет иттерінің тұқымын қалпына келтіру және сақтау туралы де­путаттық сауал жолдады. 

Сенат отырысына Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі ака­де­миясының магистранттары мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Сенатта тәжірибеден өтіп жатқан студенттері қатысты.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»