Қарқаралы қаласының іргесі ресейлік отарлау саясатының ықпалымен 1824 жылы 8 сәуірде қаланған. Жаңадан пайда болған округ орталығына мешіт тұрғызу мәселесі 1847 жылы көтеріліп, оған приказға қарасты 16 болыс қол қойып, аға сұлтан Құсбек Тәукеұлы мөр басқан құжат дуанға тапсырылған. Патша шенеуніктері мешіт тұрғызуға мақұлдық танытқан соң, яғни 1850 жылы құрылысы басталып, келесі жылы тоқырайды. Бірақ Құнанбай қажы 1849 жылы Қарқаралы округіне аға сұлтандық лауазымына өтісімен мешіт құрылысын қайта қолға алып, тыңғылықты аяқтағандықтан мешіт халық арасында «Құнанбай мешіті» аталып кеткен. Мемлекеттік архивтің 374-қорындағы «Дело строительстве мечети в Каркаралинском селении» деп аталатын құжатта: «Құдай үйінің құрылысы 1847 жылдың 11 қазанында басталып, 1851 жылы 18 қыркүйекте аяқталған» делініпті.
Сол сияқты құрылыс барысы жайлы аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы өзінің орыс ұлықтарына жолдаған баянхатында «Мешіт құрылысының барысы маған байланысты – Құдай тағала ұнамды дінді нығайтып, халық имандылығын жаңғырту үшін менің қызмет бабым бойынша ескерусіз қалуға тиіс емес, сол мешітті қоғам дайындаған ағаштан салып шығуды өзіме міндет деп санаймын» деп, мешіт жанынан медіресе салу үшін жер аумағын кеңейтіп беруді өтінген. Нәтижесінде, 1851 жылы 26 ақпанда Омбы генерал-губернаторы кеңсесі Қарқаралыдағы мешіт жанынан имам-молдаға үй, бала оқыту үшін медресе салуға рұқсат қағаз береді.
Кеңес өкіметі жылдары мешіт ғимараты әртүрлі мақсаттарға: тұрғын үй, қойма, кітапхана, архив ретінде пайдаланылды. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы жергілікті жұрттың бастамасымен қажы мешітін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 10 жылдың алдында толық реставрация жасалды. Қазіргі кезде мешіт еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіш ретінде қорғауға алынып, ҚМДБ-ға қарасты діни орталық мәртебесіне ие.
Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»