Мемлекеттік рәміздерді қасиетті құрандай қадірлей білуіміз керек – дейді Қызылорда облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрайымы Ғалия Ғизатуллина
Сенбі, 21 сәуір 2012 8:26
– Қазақстанды әлем татулықтың талбесігі ретінде таниды. Елімізді мекендеген ұлт пен ұлыстардың бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай тату-тәтті ғұмыр кешуінің рецепті ретінде нені атаған болар едіңіз?
Сенбі, 21 сәуір 2012 8:26
– Қазақстанды әлем татулықтың талбесігі ретінде таниды. Елімізді мекендеген ұлт пен ұлыстардың бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай тату-тәтті ғұмыр кешуінің рецепті ретінде нені атаған болар едіңіз?
– Сөз жоқ, ең алдымен қазақ халқының дарқан көңілі, ақжарма ниеті, кеңқолтық көпшілдігінің арқасы дер едім. Одан бөлек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанып отырған саясаты да ұлттар арасында алауыздық туғызбауға, тыныштық сақтауға, қандай да болмасын қиындыққа төзімділікпен қарауға насихаттауға бағытталған. Елдің басшысы ынтымақтың ұйытқысындай болып отыр. Сондықтан қарапайым халық та Көшбасшысының саясатын ұстанып, бір-біріне жұдырық ала жүгірмей, қайта жылы сөзін арнап, қолдарынан келгенше бір-біріне септесіп өмір сүріп жатыр.
Біздің Отанымыз бір. Сондықтан біздің бөлшектенетін, бөлінетін ештеңеміз жоқ. Біз мектеп қабырғасынан бастап Отанды сүюге, еліміздің патриоты болуға талпындық. Мектепте әр ұлттың баласы бір партаның басында отыратын едік. Сонда бір-біріміздің ұлтымызды сұрау дейтін болмайтын. Бәріміз бір үйдің баласындай едік. Ол кезде бір ғана кемшілік бар еді. Барлығымыз орыс тілінде сөйлейтінбіз. Сол заманнан бастап қазақ тілін мықтап қолға алып, қолданысқа енгізгенімізде, біздің татулығымыз қазіргіден де зор, мықты болар ма еді деп ойлаймын.
– Татулық пен тұрақтылықта өмір сүріп жатырмыз ғой. Дегенмен, кей сәттерде алакөздік те байқалып қалады. Оны жасыра алмаймыз. Осы бір өмірдің кейбір сәттерінде кездесетін кемшілікті болдырмау үшін не істемек керек?
– Қазақ айтады ғой, «бес саусақ бірдей емес» деп. Сол сияқты тәрбиесі кемшін түсіп, өзге ұлт түгілі адамдарға кеудемсоқтықпен қарап, өзіне қарата айтылған әділ сынды қабылдай алмайтын адам әрбір ұлтта бар. Ұлт дейміз-ау, ондай адамдар әр отбасынан да табылады. Бір үйдің балаларының мінезі әртүрлі болып жататынын да білесіз ғой. Бұл да сол сияқты дүние. Дей тұрғанмен, біздің елде ондай адамдар көп дей алмаймын. Орта жастан асып кеткен адамдар ондай арам пиғылдан ада екеніне көзім жетеді. Мұндай жағдайлар жастардың арасында байқалып қалып жатады. Нарық дедік, өтпелі кезең дедік, біз сөйтіп жүріп жастардың тәрбиесін сәл-пәл босаңсытып алғандаймыз. Мектептердің өзіндегі тәрбие біздің кезіміздегідей емес сияқты. Сондықтан ондай кері құбылыстармен қазақ, орыс, татар, корей болып бөлінбей, барлығымыз қоғам болып жұмылуымыз керек. Әрқайсысымыз сөзімізбен емес, жастарға ісімізбен үлгі-өнеге көрсетіп, тыныштықтың ең басты құндылық екенін ұғындырғанымыз абзал. Жалпы, өмірде жақсылық басым. Жақсылық басым болған жерде жамандықтың белең алып кетуі мүмкін емес. Сондықтан біз жастарды дұрыс тәрбиелесек, ұлттар арасындағы достық дәстүріне ешқашан селкеу түспейді деп ойлаймын.
– Қызылорда облыстық татар этномәдени бірлестігі қашаннан бастап жұмыс істеп келеді?
– Биыл оның құрылғанына 21 жыл толды. Бірлестіктің алғашқы төрайымы Нағима Ахмадеева болатын. Біздің бірлестік құрылғанда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылмаған болатын. Нағима Абдулқызы бірлестікті құрып, жұмысын жүйелеп, негізін қалап, осындай дәрежеге жеткізді. Кейіннен Ассамблея құрылған соң, тіркеліп, қатарларына өттік.
– Жақын маңда татар ұлттық-мәдени орталығы қандай іс-шара ұйымдастырғалы отыр?
– Құдай қаласа, алдымызда 1 мамыр мерекесі келе жатыр. Осыған орай үлкен шара ұйымдастырмақ ниеттеміз. Бұл біздің дәстүрімізге айналған. Осы күні халықтар арасындағы достықты насихаттап, ұлттар ортасындағы бірлікті нығайтуға арналған түрлі шаралар өткіземіз. Оның ар жағында Жеңіс күні де жақындап қалды. Соған орай 6 мамыр күні Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтап, оларға құрмет көрсетеміз. Сонымен бірге, «Сабантой» мерекесін де атап өткелі отырмыз. Жалпы, біздің ұлттық мәдени орталық жүйелі түрде жұмыс істейді. Мысалы, әр айдың алғашқы жексенбісінде орталық мүшелері осында жиналады. Ешкім айтпай-ақ, барлығы келеді. Сөйтіп, біз сол айда өмірден өткен адамдардың аттарын атап отырып Құран оқимыз. Ал айдың соңғы жексенбісін балаларға арнаймыз. Орталық мүшелерінің балалары жиналып түрлі ойындар өткіземіз, өлең оқылып, ән айтылады, білім-білігін сынайтын сайыстар ұйымдастырамыз. Ал қалған уақыттарда да мәдени орталықтың жұмысы тоқтаусыз жүре береді.
– Сіздер татар ұлтының балаларына туған тілін үйрететін бір орталық ашпадыңыздар ма?
– Ондай орталық жоқ. Дегенмен, біздің орталықтың шеңберінде балаларға туған тілін үйрететін дәрістер өткізіліп тұрады. Оны үйрететін мұғалімдеріміз де бар. Жалпы, біздің іс-шарамыздың барлығы екі тілде өтеді, қазақ және татар тілінде.
– Ұлттық-мәдени орталықтың іске асыра алмай отырған қандай мәселесі бар?
– Орталықтың жұмысына қатысты ешқандай кедергі, қиындық жоқ. Болып жатқанның өзінде оны Ассамблеяның, облыс басшылығының көмегімен шешіп жатырмыз. Біздің орталық мүшелерін толғандырған бір ғана мәселе бар қазір. Осы орталықты дүниеге әкелген, негізін қалаушы Нағима Ахмадеева осындағы №112 мектепте 26 жыл мектеп директоры болды. Талай шәкіртті тәрбиелеп шығарды. Ол заманда Шанхай ең қиын аудандардың бірі болатын. Сол заманның өзінде Нағима апай артында өшпес із қалдырып, өнегелі іс тындырды. Өзі Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, қаланың «Құрметті азаматы», түрлі орден-медальдармен марапатталған адам. Міне, өзі 26 жыл басқарған мектепті біз Нағима апайдың атына беруге ұсыныс жасадық. Осы ұсынысты айтқанымызға да көп болды. Бірақ, іске аспай жатыр. Осы бір арманымыз орындалса, онда біз бақытты болар едік.
– Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көшіп кетіп, қайтып келген татар ұлтының өкілдері бар ма?
– Ондай адамдар да жоқ. Мен тек бір чешен ұлтының отбасын білемін. Олар сүт сататын. Сол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында олар Чешенстанға көшіп кетті. Арада бір жыл өткен соң қайтып оралды.
– Неге?
– «Неге?» деп сұрамадым. Бірақ ол жақ жақсы болса, қайта Қазақстанға көшіп келмейтіндері анық қой.
– Соңғы кездері мынандай бір кері тенденция орын алып жатыр. Қазақстанның Мемлекеттік туын қорлау деген. Әр жерде Туды қорлаған әрекеттер байқалады. Соның ең соңғысы Атырауда орын алды. Тумен қоқыс тасып жүр екен. Онан бөлек, Әнұранның айналасында да дау көбейіп кетті. Мұны аз десеңіз, күл салғыштың түбіне Елтаңбаны да белгілеп тастапты, бір пысықайлар. Осы нені білдіреді?
– Мұндайды тәрбиесіздік дейін десең, ол сөз аз болып тұр. Мен мұны рухани мүгедек адамдардың тірлігі деп бағалар едім. Туған елінің Туымен қоқыс тасып, Елтаңбаға күл салып, оның үстіне түкіретіндер тек рухани мүгедектер ғана. Басқалай айту мүмкін емес. Өз басым мұндай адамдарды түсінбеймін. Түсінгім де келмейді. Бұл туған анаңды жардан итеріп жіберіп, артынан дым болмағандай кете берген тәрізді нәрсе ғой. Олар үшін ешнәрсе қасиетті емес. Сондықтан ұлттың, мемлекеттің ең маңызды рәміздерін аяқасты етіп, оны қорлап жатыр. Үйіміздің төрінде Құран тұратын болса, мемлекеттік рәміздер де сол Құранмен қатар тұруға тиіс дүниелер. Әсілі, олар ауру шығар. Басқа не айта алайын?!
– 2020 жылға қарай еліміздегі халықтың 95 пайызы қазақ тілін меңгереді деген жоспар бар. Сіз осыған сенесіз бе?
– Тіл тақырыбында мен үнемі ойланамын. Мынандай бір қанатты сөз есіме түсіп отыр. «Егер сен бір тілді білсең, онда тек жерде жүрсің. Екі тіл білсең, онда қалықтап ұшасың. Ал үш тіл білсең, онда әлемнің төбесінде шарлайсың». Міне, біздің Елбасымыз да үш тұғырлы тіл саясатын ұстанып отыр. Мұны халқымыз әлемнің төбесін шарласын деген ниет деп түсінемін.
Тіл – үйренемін деген адам үшін қиын емес. Дегенмен, түрлі сылтау айтатындар жеткілікті. Мысалы, егде адамдар «біз қартайдық, бізге тіл үйрену қиын» деп жатады. Мұның да өзіндік шындығы бар. Бірақ сол егде тартқан адамдар немерелерімен қосылып, қазақ тілін оқыса, онда тез меңгеріп кетеді. Мәселен, бастауыш сыныптарына арналған кітаптар керемет шыққан. Мен әлі күнге дейін немереммен бірге қазақ тілін оқимын. Өзім керемет көркем сөйлемесем де, қазақ тілінде нан тауып жей аламын.
Осы арада жастардың қазақ тілін меңгеруіне мықтап көңіл бөлген жөн. Өз тарапымнан бір ұсыныс айтайын. Мәселен, орыс мектептеріндегі сабақ кестесін қазақша жазу керек. Сонда ана бала өз еркінен тыс қазақ тілін үйрене бастайды. Күнде-күнде сабақ кестесін қазақ тілінде оқыса, үйреніп кетеді ғой. Онан бөлек, тарих, әдебиет пәндерінен қазақ тілінде түсінік айтқан балаларға көтермелеп баға қоятын болса, онда бар бала қазақ тіліне ден қояр еді. Балаларды тіл білуге үйретудің түрлі тәсілі бар. Соның барлығын ұтымды пайдаланар болсақ, онда жас ұрпақ мемлекеттік тілді мектептен меңгеріп шығар еді. Сонымен қатар, көшедегі билбордтарда қазақша-орысша бірдей жазылып тұрады. Мысалы, соның қазақшасын үлкен әріптермен жазып, орысшасын кішкентай әріппен берсе, адамдар еріксіз, қазақшасын оқиды. Түсінбей жатса, астындағы орысшасын оқып, түсініп алады. Бір оқисың, екі оқисың, сөйтіп тіл сындырасың. Қазақ тілін үйренейік деп құр ұрандай бергеннен, осындай қарапайым тәсілдерді қолдану әлдеқайда пайдалы ғой деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ержан БАЙТІЛЕС,
Қызылорда облысы.