Қазақстан • 15 Ақпан, 2019

Тағам өндірушілерінің І халықаралық форумы өтті

609 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінде көкейтесті мәселелер жеткілікті. Ел экономикасының импортқа тәуелділігі, қайта өңдеу және өндіруші кәсіпорындардағы мәселелерді шешуде ел Үкіметі де кешенді шараларды қарастырып келеді. Осы орайда отандық ғалымдар да азық-түлік саясатын жетілдіруге байланысты нақты қадамдарын кәсіби форму аясында таныстырды.

Тағам өндірушілерінің І халықаралық форумы өтті

Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті базасында өткен «Ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша ғылыми білім беру және өндірістік әлеуетті интеграциялау» тағам өндірушілерінің І халықаралық форумы аясында табиғи отандық өнімдер өндірісін дамыту бойынша  мемлекеттік органдар, қаржы институттары, тамақ және қайта өңдеу кәсіпорындарының өкілдері, шетелдік және отандық сарапшылар, ғалымдар саладағы басымдықтар төңірегінде пікір алмасты.

Форумда сөз алған университет ректоры Тілектес Есполов бәсекеге қабілетті, экспортқа бейімделген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайту мемлекет алдында тұрған келелі міндет екендігін жеткізді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ел стратегиясындағы басым бағыттардың бірі екендігі анық. Алайда, салалық министрлік мәліметтері бойынша ауыл шаруашылығы өнімдері ішкі дайын өнімнің 60 пайызын ғана қамтып отыр. Ал 40 пайызы импортталатын тауарлар. Ал шикізат өнімін қайта өңдеудегі ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі 27-30 пайыз, 70 пайызы «дифицит».

Ғылыми қауымдастық пен ғылыми орталықтардың ықпалдастығы аясында ғана жақсы нәтижеге жетуге болатындығын атап өткен Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми зерттеу институтының бас директоры Асан Оспанов отандық және шетелдік озық технологияларды өндіріске енгізу бүгінгі күннің талабы. Ғалымның айтуынша,  50 түрлі тағам, 300-ден астам түрлері қойылған форум аясында өндірушілер азық-түлік өндірісі саласындағы тың жаңалықтармен, озық тәжірибелермен танысуға мүмкіндік алды.

Техника ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Уришбай Чомановтың айтуынша, бүгінде табиғи ет өнімдеріне сұраныс артып келеді, ал бұл бағыттағы тағамдар тапшы. Құрамына көптеген зиянды қоспалар қосылады, сапасы төмен, адам ағзасына залалы көп. Осы орайда ғалымдар отандық шұжықтарды көбейтуді мақсат ете отырып, ғылыми жұмыстарға күш салып отыр.  Шұжықта пайдаланған шикізат еліміздің аумағында табиғи таза жеп-шөп жеп өсірілген, күтіп-бапталған мал өнімдері. Сондай-ақ бие, түйе, сиыр сүтінен алынатын сүт тағамдарының да сұранысын қамтамасыз ету үшін жаңа ғылыми ізденістер жасалды. Оның сапасы жоғары, бағасы қолжетімді.

Форум аясында сондай-ақ табиғи шырын өндірісі негізіндегі жеті түрлі табиғи сусындар қойылды. Биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Масимжан Велямовтың айтуынша, Алматы қаласы және Алматы облысы аумағынан алынған алма, қызылша, т.б. жеміс-жидектерден алынған сусындар адам ағзасына пайдалылығымен ерекшеленбек. Мұндай сусындар әсіресе, ауасы газданған аумақ тұрғындары үшін аса пайдалы. Иммундық жүйеге ықпалы зор, бактерияларға қорғанысы жоғары шырын өндірісі таяу жылдарда шетелдерге де экспортталатын болады.

Өндірушілер мен ғалымдар бас қосқан форумда  астық, оны қайта өңдеу, құрама жем, ет, сүт, нан-тоқаш, тағы да басқа салалық кеңестер құрылып, оның аясында мамандар ұсыныстарымен бөлісті. Ғалымдар форум қорытындысына орай ұсыныстарын ел Үкіметіне жолдайтын болады.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ