Медицина • 15 Ақпан, 2019

Назгүл Кенжетайдың объективінде – бейкүнә сәбилер қасіреті

373 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Фотосуреттері әлемнің беделді басылымдарында жарияланып жүрген Назгүл Кенжетай елімізге аталған айтулы шараға келу сапарында ұлт баспасөзінің қарашаңырағы – «Egemen Qazaqstan» басылымының редакциясына бас сұғып, қызметінің қыр-сырымен, болашақ жоспарымен бөлісті.  Сол сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын оқи отырыңыздар...

Назгүл Кенжетайдың объективінде – бейкүнә сәбилер қасіреті

Фотоны түсірген Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан»

Елбасы күні кеше «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесіп, олардың жетістіктерімен танысқан еді. Сол жеңімпаздардың бірі Назгүл Кенжетай – халықаралық әскери журналистика өкілі. Қызылорда қаласында орта мектепті тәмамдап, Түркияда білімін жалғастырған жас маман Таяу Шығыстағы соғыс ошақтарына барып, әлемдік қақтығыстардың фото деректер қорын тың туындылармен толықтыра түскен. 

– Сіздің фото объективіңізге ілінген кадрлардан көбіне мұңайған адамдар, көз жасы төгілген сәбилерді көрдім. Мұндай суреттерді түсірудегі мақсатыңыз не?

– Бұл суреттер бір ғана сәбидің көз жасын, бір жесір әйелдің қиыншылығын ғана бейнелемейді. Бұл – отансыздықтың жүзі, олардың қасіреті. Мысалы, сырттан жақсы өмір іздеп шекара асатындардың дені босқын мәртебесін алады. Ал босқынның өмірі қайдан жақсы болсын? Жақсы өмір іздеп, Швейцария, Канадаға тап болсаң да, олар үшін сен – босқынсың. Сондықтан, кісі елінде сұлтан болуды аңсау ақылға сыймайды.

– Түсірген суреттеріңіздің арасынан өмірлік ұстанымыңызға, көзқарасыңызға әсер еткендері болған шығар?

– Суретке түсіру, сәтті кадр жасау оңай шаруа емес. Сурет «сөйлеп» тұруы керек. Мысалы, еуропалықтарды сақалды адамдардың бейнесі мүлдем қызықтырмайды. Өйткені, көптеген Еуропа елінің Араб елдеріндегі қақтығыстарға өз мүдделеріне сай жанама болса да қатысы бар. Сондықтан мен бейкүнә сәбилердің қасіреті арқылы соғыстың зардабын жеткізуді ойладым. Ал соғыс жағдайында фотосурет қойылым, нұсқаумен түсірілмейді. Тек кәнігі мергенше керек сәтте аппараттың түймесін басып үлгеруің керек. Ол жерде тілшілерге берілетін уақыт та шектеулі.

– Ал ең сәтті кадрыңыз есіңізде ме?

– Иә, ең сәтті суретім Анталияда түсірілді. Былайғы жұрт Анталия дегенде көз алдарына теңіз бен пальма ағаштарын елестетеді. Сол жерде Сириядан бас сауғалап қашып келген жиырмаға жуық отбасы тұратындығын естідік. Олар еш жерде тіркелмеген, қоғамдық және мемлекеттік ұйымдардың назарынан тыс қалған. Сөйтіп, олар тұратын аумаққа жиырма шақты тілші бардық. Отбасы болған соң, балалары болады, сондықтан қалтамызға тәттілерді толтырып алдық. Сириялық отбасыларды тапқан соң, балаларына базарлықтарымызды үлестіре бастадық. Баланың аты – бала, бір уақытта таласа-тармаса шүпірлеген бүлдіршіндерді әке-ағалары өшпенділікпен сабай бастады. Сол ересектер баланы әшейін қақпайлаған жоқ, құдды бір кегі бар адамдай өшпенділікпен соққыға жыға бастады. Сол сәттегі міндетіміз суретке түсіру керек болатын. Ал әріптестеріміздің көбі бұл көріністен абдырап, балаларды арашалауға кірісіп кетті. Алайда, бір мезеттік араша балаларға көмек болмайтындығын ұғып, шыртылдатып суретке түсіре бердім.

Осы шешімнің нәтижесінде, бұл отбасылардың аянышты тағдыры менің суреттерім арқылы Түркия елінің басшылығына жетіп, жаңағы балаларды есепке алып, Жетімдер үйіне орналастырып, әлеуметтік көмек көрсетіле бастады. Бұл – ірі жеңісім. Әдетте, бұндай кадрлар ойламаған жерде пайда болады.

– Сіз жас болсаңыз да, соғыс жүріп жатқан аймақтарға жиі шығасыз. Оның жантүршігерлік жағдаяттарын өз көзіңізбен көрдіңіз. Ал біздің бейбіт елде адамның үрейін ұшыратын қылмыстық оқиғалар, табиғи және техногендік апаттар мен олардың құрбандар, тіпті қаза болған кісілердің бейнелері басылымдардың бірінші беттерінен орын тебеді, телеарна жаңалықтарының алдыңғы легінде шығады. Мұндай үдерісті халықаралық журналистика қалай бағалайды?

– Бұл – қарапайым әдептіліктің өлшемі. Рейтинг үшін, бұқаралық ақпарат құралдарының танымалдығын арттыру үшін мұндай қадамдар кеңінен қолданылады. Мысалы, менің де жантүршігерлік сәттер бейнеленген суреттерім бар. Бірақ олар халықаралық адам құқықтарын қорғау талаптарына сәйкес келмегендіктен, жариялауға болмайды. Оларға әдептілік өлшемімен қарап, жариялауға да қақым жоқ. Суреттегі қан, жас босанып қалған қыздардың суреті қоғамның теріс тәрбиеленуіне ықпал ететіндіктен, халықаралық ұйымдар оларды жариялауға тыйым салған. Сөйтіп, жеке архивімізде қалады. Оларды қолданғым келсе, ешкім қолымды қақпайды, бірақ менің журналистік беделіме кері әсерін тигізеді. Әдептіліктен алыс суреттерді әлеуметтік желіге салып, миллиондаған лайк жинай алсам да, адамшылықтың шегінен шығуға болмайды. Оның үстіне, қантөгістердің суретін жариялауды адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдар құптамайды. Мысалы, лаңкестік кезіндегі жарылыстарды көрсете берсек, содырларға тегін жарнама жасап береміз. Оларға да керегі осы. Теріс пиғылдылар қандай да бір сұмдықтардың суреттерін жариялау арқылы мемлекеттің осы мәселе алдында әлсіз екендігін көрсетіп, өз үстемдіктерін асыра түсуді көздейді. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

(Сұхбаттың толық нұсқасын газетіміздің алдағы сандарының бірінен оқи аласыздар)