28 Сәуір, 2012

Сардар. Қолбасшы. Азамат

551 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сардар. Қолбасшы. Азамат

Сенбі, 28 сәуір 2012 1:22

Ері елі үшін қызмет ететін, елі ерін ардақ тұтатын заман, шын мәнінде, егемендік ал­ған­нан кейін орнады. Соның нақты көріні­сіндей тәуелсіздік жылдарында небір жайсаң жігіттер ерен еңбе­гімен ерекшеленді. Солар­дың қатарында еліміз тәуелсіздік алысымен құрылған Қарулы күштеріміздің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қалып­тасуы мен дамуына үлес қосқан сардарлар қата­рында генерал-лейтенант Болат Жанасаев та тұр десек, артық айтқандық емес. Қарулы Күштердің 20 жылдығы қарса­ңында біз Болат Бақытжанұлының ғұ­мыр­лық таңдауы мен бақытына айналған тағдырдың сыйы іспеттес болған әскери қызметі, жүріп өткен жолы, қалдырған ізі, өнегесі мен еңбегі туралы ой бөліскен едік.

 

Сенбі, 28 сәуір 2012 1:22

Ері елі үшін қызмет ететін, елі ерін ардақ тұтатын заман, шын мәнінде, егемендік ал­ған­нан кейін орнады. Соның нақты көріні­сіндей тәуелсіздік жылдарында небір жайсаң жігіттер ерен еңбе­гімен ерекшеленді. Солар­дың қатарында еліміз тәуелсіздік алысымен құрылған Қарулы күштеріміздің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қалып­тасуы мен дамуына үлес қосқан сардарлар қата­рында генерал-лейтенант Болат Жанасаев та тұр десек, артық айтқандық емес. Қарулы Күштердің 20 жылдығы қарса­ңында біз Болат Бақытжанұлының ғұ­мыр­лық таңдауы мен бақытына айналған тағдырдың сыйы іспеттес болған әскери қызметі, жүріп өткен жолы, қалдырған ізі, өнегесі мен еңбегі туралы ой бөліскен едік.

– Болат Бақытжанұлы, сонау балаң жігіт шағы­ңызда И.Конев атындағы Алматы жо­ғары жалпы­әскери учи­ли­щесіне оқуға түскенде сол кез­дегі ел басшысы Дінмұхамед Қонаев оқу орнына келген екен. Сонда сіз Димекеңнің алдында сөз сөйлеу құрметіне ие болыпсыз. Сол бір сәтті еске түсіріп көріңізші.

– Ол кезде басшының алдында қазақша сөйлейтін курсант табу қиын еді. Содан көпшілік арасынан мені таң­дады. Әскери оқыту­шылар­дың жазып берген «жалынды» сөздерін жаттап, күндіз-түні дайындалдым. Көптен күткен күн де келіп, мінберге көтерілгенде жаттаған сөздердің бәрі далада қалды. Дегенмен, әйтеуір ел қорғау үшін оқып жатырмыз дегенге саятын сөздер тіл ұшына оралды.

Мінберден қалай түскенім, жиынның немен біткені есімде жоқ. Бір кездері «училище бастықтары дереу келсін деп жатыр» деген хабар жетті.

Училищенің бас корпусы алдында оқу орнының генералдары Д.А.Қонаевты ортаға алып, суретке түскелі тұр екен. Мені көрген Димекең: «Ел қорғаймын деп оқып жатқан курсант бері кел, болайын деп тұрған бала осындай болуы керек», деп қасына шақыр­ды. Үлкен жүректі, қамқор көңілмен айтқан Димекеңнің осы бір ауыз баталық тілегі әке сөзіндей қатты әсер етті. Жақсы оқуыма жаңа серпін берді. Димекеңмен бірге түскен сол сурет отбасылық альбомымда бойтұ­мар­­дай әлі күнге сақтаулы тұр.

– Еліміз тәуелсіздік алатын тұста Ішкі әскердің әскери бөлімін басқарып жүріп Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сай­ландыңыз. Елбасы қатысуымен өткен бір мәжілісте Қарулы Күштердің сол кез­дегі жай-күйі мен жарақталу деңгейін, ұлттық кадрлармен жинақталу мәселе­лерін ортаға салған екенсіз.

– Иә, елдің қорғанысы мен қауіпсіздігі саласындағы қандай мәселені де назардан тыс қалдырмайтын Елбасы сонда менің пікірімді қолдайтынын айтып, бұл жөнінде Жоғарғы Кеңес пен Үкімет шешетін міндет­терді атап көрсетті. Тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы құрылымдары еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен, тікелей қа­тысуымен құрылды. 1992 жылдың 10 қаң­тарында Ішкі әскерлер және сол жылдың 7 мамырында Қарулы Күштер туралы Жар­лыққа қол қойылды. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Жоғарғы Кеңес депутаттарымен жиі кез­десіп, осы құрылымдар туралы заң­намалық құжаттар мен әске­рилердің әлеуметтік жағдай­ла­рын жеңілдіктермен қамту мә­селелерін де үнемі бақылап отырды.

Көп ұзамай 1992 жылдың 3 шілдесінде мен Жоғарғы Ке­ңестің кезекті отырысында Ұлт­­тық қауіп­сіздік және қор­ғаныс жөніндегі комитетінің төрағасы болып сайландым.

Екі жылдай уақыт ішінде Жо­ғар­ғы Кеңес Елбасының ұсы­­нысымен бірқатар ма­ңыз­ды заң­дарды қабылдады. Бір ғана қауіпсіздік саласында іш­кі әс­керлер туралы, қорға­ныс туралы, жалпы әскери міндеттілік пен әс­кери қызмет, әскери қызметшілердің зейнет­керлік қамтамасыз етілуі және басқа да әс­керилерге қажетті заңдар қабылданып, тә­уелсіз ел әске­рінің құрылуы мен қалып­тасуына жол ашып берді. 1994 жылдың наурызында өткен Жо­ғар­ғы Кеңестің он үшінші шақырылған сайлауында қайтадан депутат болып сайландым.

Ал 1994 жылғы 21 қыркүйек күні Президент Н.Ә.Назарбаев қатысқан мәжіліс өтті. Мәжіліс біткен соң Елбасы шақырып алып, Ішкі әскердің қолбасшысы етіп тағайындау ойы бар екенін айтты. Сол жылы желтоқсан айында Елбасының Жарлығымен маған жоға­ры әскери атақ – генерал-майор шені берілді.

– Ішкі әскердегі қызметті осылай жа­уапкершілікпен атқаруыңызға орай 2001 жылдың наурыз айында Елбасының Жар­лығымен Республикалық ұланның қол­бас­шысы болып тағайындалуыңыз да үлкен жетістік еді.

– Иә. 2001 жылдың 10 шілдесінде, мен мұнда келгеннен кейін 4 ай өткен соң Елбасы Республикалық ұланға келіп, екі бөлім­шеге Жа­уын­герлік ту тапсыратын болды. Жан-жақты дайындалдық. Елбасы бөлім­шелердің жеке құрамы орналасқан жайларды, емделу орындарын және жаттығу алаң­дарын аралап көрді. Жаңадан алған жаттығу техникалары мен қару-жарақтардың сына­ғын байқады. «Оқу-жаттығуға жағдай жа­сал­ған екен, әлеу­меттік-тұрмыстық жайларды жақсарту үшін қандай қолдау керек?», – деген Елбасы сұра­ғына: «Жас әскери отба­сыларға арналған ша­ғын жатақхана болса жақсы болар еді, бірақ аумағымыз тарлау болғасын, мүмкін болмай тұр», деп жауап бергенмін. Сол арада бірге жүрген Астана қаласы әкімінің орынбасары Фарид Галимовке бірден тапсырма берілді.

Көп ұзамай ұландықтар үшін үлкен казарма мен шағын жатақхананың құрылысы басталып, сәтімен бітті.

– Сенім үдесінен шығу қашан да абыройлы іс. Елбасы сіздің Республикалық ұланға сіңірген еңбегіңізді жоғары баға­лады. Дегенмен, ішкі әскерге қайта ора­луыңыздың сыры неде еді?

– Оны Елбасының сөзімен айтсақ, 2002 жылдың қаңтар айында шақырып алған Президент: «Ұланның алдына қойған мін­дет­терді нағыз қолбасшыға сай орындап шық­тың. Енді өзің жақсы білетін ішкі әскерлерге жаңа міндеттер жүктегелі отырмын сон­дық­тан ішкі әскерге қолбасшы етіп тағайындау туралы шешім қабыл­дадым», деді.

Содан Жоғарғы Бас қолбасшының бұй­рығын бұлжытпай орындауға кірістік. Ішкі істер министрлігі мен ішкі әскерде қолға алынған реформаның нәтижесінде әскердің жауынгерлік әзірлігі, техникалық және тылдық қамтамасыз етілуі жақсы жолға қойылды. 2003 жылдың мамырында Елбасы Жарлығымен ІІ-дәрежелі «Даңқ» орде­німен марапатталдым. 2003 жылдың күзін­де Президент Қарулы Күштердің «Шығыс» өңір­лік қолбасшылығының тізгінін ұстат­ты. Ха­лықаралық деңгейдегі оқу-жаттығу­лар, өңір­­ге лайық оңтайлы құрылым­дар­дың жа­уынгерлік әзірлігін дамыту, жаңа қару-жа­рақ техникаларын сынақтан өткізу, мұның бәрі Қарулы Күштерімізді нығай­туға арнал­ған бағыттар екені анық. Осы істердің ба­сы-қасында жүріп, жүктелген тапсырмаларды бұл жолы да абыроймен орындап шықтық.

– Бұдан кейін де көптеген қызмет тіз­гіні сізге сенім артылып берілгенін біле­міз.

– Иә, 2004 жылдың қараша айында жаңа­дан құрылған Төтенше жағдайлар ми­нис­трінің орынбасарлығына тағайын­дал­дым. Кенеттен болатын табиғат апатына қар­сы тұру, оның зардаптарымен күресу, қиын­дыққа ұшыраған тұрғындарға дер кезінде қол ұшын созу шын мәнінде нағыз әске­рилердің қолынан келетін шаруа.

Арада екі жыл өткен соң Президент Қор­ғаныс министрінің орынбасары етіп тағайындау туралы шешім қабылдады. Бұ­ған дейін бірнеше қолбасшылық, лауазымдарды, Төтенше жағдайлар минис­трі­нің орын­басары болып қызмет атқарғаны­мен бұл шынында да күтпеген ұсыныс еді. Сөйтіп, Елбасы тапсырған бұл міндетті де ойдағыдай орындап 2007 жылдың 7 мамырында маған Президент Жарлығымен генерал-лейтенант шені берілді.

– Болат Бақытжанұлы, жоғарыда атал­ған қызметтеріңізде талай ұлы тұл­ғалармен кездескеніңіз анық. Сондай ес­тен кетпес кездесулердің бірі туралы айтып берсеңіз.

– Республикалық ұланның қолбасшысы болып жүргенде Қазақстанға келген Рим Папасы Иоанн Павел II-ні қарсы алу рәсімі болды. Сондай-ақ Үндістан президенті Шанкар Даял Шарм және АҚШ-тың Индиана штатынан сайланған сенаторы Ричард Лугармен болған кездесулер де өз алдына бөлек әңгіме. Қазақстанның Төтенше жағ­дайлар вице-министрі болып тұрғанда Ресейдің сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі С.Шойгумен жүздесу де есте қалды. Әскерилерге келіп отансүйгіштік және патриоттық тақырыпта әңгіме айтқан Халық Қаһарманы жезтаңдай әнші Р.Бағ­ланова, атақты спортшы В.Фетисов жә­не басқа да елге танымал адамдармен кездесулер де жұртшылық айта жүретін жылы жүздесулер болғаны сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.

Соңғы жаңалықтар