Театр • 18 Ақпан, 2019

Құндылықтар құлдырағанда...

974 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қоғамдағы құнды­лық­тар­дың өзгерісі, тіпті кеше ғана құрметтеп келген қа­рапайым түсініктердің заматта өңі айналып, орнын басқа ұғымдар алмастыра бастағанын күнделікті өмірде сезіну бір басқа да, театр сахнасынан көзбе-көз­ көру тым қорқынышты. Күн сайын қорланып жататын қазақ тілінің қорғансыз мүшкіл халі мен ұстаз деген ең аяулы мамандық иесінің құлдырап кеткен беделінің ортасында белден басылған қоғамның біршама шындығы жинақталған қойылым «қай­да кетіп барамыз?» деген сұ­­рақты көлденең тартады. 

Құндылықтар құлдырағанда...

«Құпия» атты жаңа премьераны сахнаға шығарып отырған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ба­лалар мен жасөспірімдер театры сахна үшін, жалпы театр өнері үшін айналып өтетін жабық тақырып бол­май­тынын жеріне жеткізе көрсетті. 

Бұған қоса, заманауи­ драматургия тағы бір тың тақы­рыппен толықты. Құлдырап бара жатқан құндылықтардың қандай жылдамдықпен жоға­лып бара жатқанын құпиялап айтуды жөн көрген драматург Жәнібек Әлікеннің шындығы Ерлан Кәрібаевтың режиссурасында барынша батыл сах­наланды. Айта кету керек, «Құпия» қойылымы белді ак­терлердің бірінен саналатын Е.Кәрібаевтың театрда жасақталған өз зертханасының аясында дайындалған эксперимент дүние. Мазмұны терең, оқиғасы шымыр, сөзі аз қойылымның режиссерлік жағынан қалыпталуында жа­ңа­лық бар. Жалпы, қойылым режиссері жеткізгісі кел­ген көп ойды пластикалық тәсіл­мен, «STEP» деп аталатын өк­шемен өрнектелетін аяқ биі арқылы айқын шешімдер та­буға ұмтылған. 

Көпшілік сахнасымен д­а­йын­далған қойылымда үш-төрт қана дара рөл бар, ал­ оқи­ға өрістей келе жалғыз ға­на­ образ айқындалып шығады – ол орыстілді аудиторияға қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нен сабақ беретін Арман мұға­лімнің бейнесі. Арманның рө­лін кейіптеген Дархан Сүлей­менов – кейіпкержанды актер. Намысты, жігерлі. Ту­ған тілін табанына салып таптағысы келетіндерге намысын қарсы қоя­ алатын рух­ты жан. Алайда, ақы­лы бө­лімде оқитын сту­дент­тер­дің есебінен колледж ашып алған директоры Жаңабай Асылханович (актер Бейбіт Камаранов) үшін намыс­тан гөрі өз пайдасы басты орында. Студенттер төбесінен тө­мен қарай қоқыс төгіп жатса да, «сенікі дұрыс» де­ген ұстанымнан айнымайтын директорға намыс, ізгілік, құрмет деген ұғымдардың құны қара бақыр. Олардың бү­кіл оспадарлығына көзін жұма қарап, мұғалімдердің де тіліне тұсау салып қой­ған. Көз алдындағы күллі әділет­сіздіктерге еті үйренген шарасыз ұстаз билікке қарсы келе ал­майды. Тек ол тұсаудың сим­воликалық көрінісі әр мұға­лімнің басына кигізілген кілті бар темір тәжде тұр. Темір тәжді аша алатын құ­дірет иесі кім? Құпия. Тіл – сананың құралы, санадағы құлдық сезім, материалдық дүниеге тәуелділік ұстаздың адымына да, тіліне де тұсау болып салынған. Тоғышар мекеме басшысының кесірінен бір өзі төрт пәннен сабақ бе­ру­­ге мәжбүр қағазбасты мұ­ға­лім бұғауды үзгісі ке­ліп бұлқынғанымен, тілін тіс­теп, мекеме басшысы мен сту­­денттің құлы болып жүре бер­­геннен басқа амалы жоқ. Ұстаздың бейшара халге түскені бәріне тиімді, міскін халге жеткен мұғалім мекеме басшысын көргенде алдында қалай билеп кететінін өзі де білмейді. «Қазақ тіліне түкіргенім бар!» деп ұстаздың өзіне айбат шегетін бай баласы Русланның әрекеті Ар­ман үшін қауіпті құбылыс бол­ға­нымен, директор үшін қалыпты жағдай. Ана ті­ліне аяусыз соққы болып тие­тін мұндай сөзден сүйегі сыр­қы­раған Арман тәрбиесіз сту­денттің жағасынан алғанда, орыстілді өзге студенттер жа­бы­­лып телефонға түсіріп, жал­ма-жан таратып, мұғалімді мас­қараламақ. Қоғамдағы Русландар мен колледж директоры өзінен биік мансаптыға ғана бас ұрып үйренген, ал еден жуушы оларға ешкім емес, оның еңбегін олар еш­­қа­шан құрметтемек емес. 

Өз мақсатына жету жолында адамдар барлық шекарадан шімірікпей аттайды. Бұрын биік лауазым, көп ақша, шалқыған байлық үшін күрессе, қазір аспан астында шөкімдей өз орныңның болғаны үшін күресесің. Жай ғана ауа жұтып, тіршілік кешу үшін солай тырбануға тура келеді. Ал бұл үйреншікті жайт­қа айналған үрейлі құбы­лыс қоғамға қалай келді? Әді­лет­сіздікті көре тұра дәр­менсіздік танытатынымыз­ қалай? Бізді басқарып отыр­­ған­дардың алдында мақса­тымыз бен мінезімізді өзіміз бағындыра аламыз ба? Тәуе­келіміз жете ме, осыған әл­­де­ толықтай тәуелдіміз бе?­­­ Қойылым мұның баста­уы жо­ғарыдағы билікте жат­қа­нын колледж ішіндегі кіш­кентай көрініс арқылы сұқ сау­сағымен безеп тұрып көр­сетеді. Рух әлсіздігі, сана тө­мен­дігі, адам факторының аяқасты болуы, құлдық се­зім­­нің нәтижесі – өсіп келе жат­қан мына Русландар. 

Жақсы қойылым несі­мен жақсы? Ең алдымен, өзек­тілігімен, өзіміз куәсі болып­ отырған қоғамның өткір мә­се­лесін өткір қозғай алуымен өтімді. Бас кейіпкеріне жа­­ны ашып, аяушылықпен қарай алатын Е.Кәрібаев әрбір ұсақ деталіне дейін мән бере қарап, материалмен жанын сала жұмыс істегені жақсы байқалды. Бас кейіпкерінің жан дүниесін түсініп, аялап қарамағанда, спектакль көрер­менге де қызықсыз болар еді. Арман да ақыры жағымпаз жұрттың бәрі мақтанышпен жарқыратып киетін «тұсауды» басына киіп көрмекке оқталды, бірақ ноқтаға сыймаған басқа тұсау тіпті тар келеді екен, намысы жібермеді, кие алмады. Басындағы «тұсау-тәжге» топ кілттің нешеуін салып бұрап ашып, жанұшырып санасын азат етіп, тәуелсіз бос­тан тұлға болғысы келгені­мен қайран жоқ. Анау жүр­ген өзге кейіпкерлерді де – мұғалімдерді еш кінәлай ал­майсың. Мұғалімдердің кол­ледж директорының таба­нының астында билеп жүр­геніне, студенттерге жайылып жас­тық, иіліп төсек болатынына кінәлап қараудың қажеті жоқ. Олардың әрқай­сы­ның өзін ақтап алатын мың сан шындығы бар.­ Бас шұлғып, құлдық ұрған­нан басқаны білмейтін мұға­лімнің әрбірі – өмірдегі мың­ сан адамның сахнадағы ми­ни мысалы. Арманды жай ғана кейіпкер десек, тым тө­мен­деткеніміз – ол өмірдің тұтас бір қырын көтеріп тұр­ған шындықтың өзі. Қоғамда қағажу көріп келе жат­қан қа­зақ тілі сияқты Ар­ман ұс­таз да тоғышар то­быр­дың құр­­баны, оның ұлағатты мәр­те­бесі ана тілін білмейтін, біл­гісі де келмейтіндердің ал­дында тізесін бүгіп жер болып, жеңілуге мәжбүр.

Қойылымның мәреге жеткен кезінде Арманның орнын жа­ғымпаз болуға жұлқынып әзір тұрған жылмырайған жаңа мұғалім келіп алмастыр­ды. «Тұсау-тәж» басына қона кетті. Өзі өкше бидің ас­қан шебері болып шықты. Екі­леніп, еденді езіп билеген сайын табанының астына тү­сіп жаншылған туған тілдің жансебіл дауысы құлаққа жы­лам­сырап жеткендей болады.­ Жүректің түбінен әлдене қо­па­­­рылып түсті. Музыкамен әр­ле­ген Ұшқын Жамалбектің әсер­лі дауыспен салған әні әл­гі сезімді әуелетіп бара жатты.

Көрермен қандай ұрпақ­тың өсіп келе жатқанын кө­зімен көрді. Бұл қойылым үл­кен өмірдің алдында тұрған, жо­ғары, орта оқу орнында оқып жүрген жас буынға сөз­сіз ой салады. Оларға ненің жақ­сы, ненің жаман екенін нұ­қып айтудың қажеті жоқ. «Құпия» ізгілікті өлтіріп, құн­­ды­лықтарды құлатқанда, нә­ти­жесінің қандай болатынын нұсқап тұр. Сен – жас жі­гіт, сұлу бойжеткен, осы кейіп­керлер сияқты болғың келе ме? Таңдау – өз еркіңде.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ