Ақпараттық тәуелсіздіктің маңызы
– Өкінішке қарай қазіргі уақытта біздің журналистика халықаралық мәселелерге келгенде «copy, paste», яғни көшіріп алу-орналастыру деңгейінен шыға алмай отыр. Бұл – ұзаққа апаратын жол емес. Біз ақпарат жаршысы ретінде жаһандану үдерісіндегі орнымызды сақтап қалғымыз келсе, ақпараттарымыздың құндылығын жоғалтпауымыз қажет, – деп сөз бастаған Назгүл Кенжетаймен арадағы әңгіме одан әрі халықаралық, әскери журналистика, ақпараттық қауіпсіздік салаларына ұласқан болатын.
– Сіз халықаралық әскери, саяси журналистикаға маманданып, Таяу Шығыстағы, араб елдеріндегі шиеленістердің, соғыстардың ортасында болып жүрсіз. Ал сол жағдаяттарды шетелдік ақпарат көздерінен алу бізді шынайы ақпараттардан ажыратып тастаған жоқ па?
– Иә, ақпаратты көшіріп алатын мемлекеттер өзгелердің үгіт-насихатын жалғастырушы болады. Біз қазір Сириядағы жағдайға Ресей және Еуропа мемлекеттерінің көзімен қарап отырғанымыз рас. Әзірге, өкінішке қарай, солардың ақпаратын қайталаумен келеміз. Осыдан келіп ұлттық және мемлекеттік мүдделер ескерілмей қалып жатады. Мысалы, кез келген мемлекеттер арасындағы шиеленісте біздің оқырмандарымыз бен көрермендеріміз ақпарат құралдарының таралу ауқымы кең, дауысы өктем жағына еріксіз болысады. Қазір қарулы соғыстардан бұрын, ақпараттық майданның алатын орны басым.
Жалпы, халықаралық қақтығыстарда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс деп ойлаудың өзі қате деп есептеймін. Өйткені қазір «ақиқат» ақпаратты тез өңдеп, өз мүддесіне сай жаратушылардың қолында тұр.
– Сонда ақпараттық тәуелділіктен құтылудың қандай жолын ұсынасыз? Оған Таяу Шығысқа, басқа да шулы оқиғалар аймағына тілші орналастыру жағдайды оңалта ма?
– Бұл арада алдымен Отанымызға адал, ұлттық құндылықтарға шын берілген азаматтарды тәрбиелеу маңызды. Мысалы, өзім жұмыс істейтін Түркияда өте беделді, білімі толысқан, қиялы ұшқыр, қаламы қарымды, бір сөзбен айтқанда, өз ісінің шеберіне айналған журналистер бар. Бірақ кейбіреуі өзін оппозиция өкілі санап, мемлекет мүддесін, құпиясын сыртқа жариялай салуы мүмкін. Бұл – жарамайтын іс. Өз ісінің, ұлтының қызметшілері тәуелсіз журналистиканың да шегін ұғынуы керек. Сен қаншалықты оппозиция болсаң да, мәселе ел мүддесіне жеткен уақытта тоқтауың қажет. Өйткені сыртта анталап, ашкөзденіп, еліңдегі бүлікті күтіп отырған саяси күштер бар. Демек, осы жолды таңдасаң, оларға қорек бергенің. Оның үстіне, біздің халқымыздың «Бөлінгенді бөрі жейді» деген асыл сөзі бар.
Сәби бейнесі көңіл аударады
– Сіздің фото нысанаңызға ілінген кадрлардан көбіне мұңайған адамдар, көз жасы төгілген сәбилерді көрдім. Мұндай суреттерді түсірудегі мақсатыңыз не?
– Бұл суреттер бір ғана сәбидің көз жасын, бір жесір әйелдің қиыншылығын ғана бейнелемейді. Бұл – отансыз адамдардың жүзі, олардың қасіреті. Мысалы, сырттан жақсы өмір іздеп шекара асатындардың дені босқын мәртебесін алады. Ал босқынның өмірі қайдан жақсы болсын?! Жақсы өмір іздеп Швейцария, Канадаға тап болсаң да, олар үшін сен – босқынсың. Сондықтан кісі елінде сұлтан болуды аңсау ақылға сыймайды.
– Түсірген суреттеріңіздің ішінен өмірлік ұстанымыңызға, көзқарасыңызға әсер еткендері болған шығар?
– Суретке түсіру, сәтті кадр жасау – оңай шаруа емес. Сурет «сөйлеп» тұруы керек. Мысалы, еуропалықтарды шығыстың сақалды адамдарының бейнесі мүлдем қызықтырмайды. Өйткені көптеген Еуропа елдерінің араб әлеміндегі қақтығыстарға өз мүдделеріне сай жанама болса да қатысы бар. Сондықтан мен бейкүнә сәбилердің қасіреті арқылы соғыстың зардабын жеткізуді ойладым. Ал соғыс жағдайында фотосурет қойылым, нұсқаумен түсірілмейді. Тек кәнігі мергенше аппараттың түймесін керек сәтте басып үлгеруің керек. Ол жерде тілшілерге берілетін уақыт та шектеулі.
– Ал ең сәтті кадрыңыз есіңізде ме?
– Иә, ең сәтті суретім Анталияда түсірілді. Былайғы жұрт Анталия дегенде көз алдарына теңіз бен пальма ағаштарын елестетеді. Сол жерде Сириядан бас сауғалап қашып келген жиырмаға жуық отбасы тұратындығын естідік. Олар еш жерде тіркелмеген, қоғамдық және мемлекеттік ұйымдардың назарынан тыс қалған. Сөйтіп олар тұратын аумаққа жиырма шақты тілші бардық. Отбасы болған соң балалары болады, сондықтан қалтамызға тәттілерді толтырып алдық. Сириялық отбасыларды тапқан соң, балаларына базарлықтарымызды үлестіре бастадық. Баланың аты – бала, бір уақытта таласа-тармаса шүпірлеген бүлдіршіндерді әке-ағалары өшпенділікпен сабауға кірісті. Сол ересектер баланы әшейін қақпайлаған жоқ, құдды бір кегі бар адамдай өшпенділікпен ұрып жатты. Біздің сол сәттегі міндетіміз суретке түсіру болатын. Ал әріптестеріміздің көбі бұл келеңсіз көріністен абдырап, балаларды арашалауға кірісіп кетті. Алайда, мен бір мезеттік араша балаларға көмек болмайтынын ұғып, шыртылдатып суретке түсіре бердім.
Кейін бұл отбасылардың аянышты тағдыры менің суреттерім арқылы Түркия басшылығына жетіп, жаңағы балаларды есепке алып, жетімдер үйіне орналастырып, әлеуметтік көмек көрсетіле бастады. Бұл – ірі жеңісім. Әдетте мұндай кадрлар ойламаған жерде пайда болады.
– Сіз әскери журналист ретінде соғыс жүріп жатқан аймақтарға жиі шығасыз. Оның жантүршігерлік жағдаяттарын өз көзіңізбен көрдіңіз. Ал біздің бейбіт елде адамның үрейін ұшыратын қылмыстық оқиғалар, табиғи және техногендік апаттар мен олардың құрбандары, тіпті қаза болған кісілердің бейнелері басылымдардың бірінші беттерінен орын тебеді, телеарна жаңалықтарының алдыңғы легінде шығады. Мұндай үдерісті халықаралық журналистика қалай бағалайды?
– Бұл – қарапайым әдептіліктің өлшемі. Рейтинг үшін, бұқаралық ақпарат құралдарының танымалдылығын арттыру үшін мұндай қадамдар кеңінен қолданылады. Мысалы, менің де жантүршігерлік сәттер бейнеленген суреттерім бар. Бірақ олар халықаралық адам құқықтарын қорғау талаптарына сәйкес келмегендіктен, жариялауға болмайды. Оларға әдептілік өлшемімен қарап, жариялауға да қақым жоқ. Суреттегі қан, жас босанып қалған қыздардың бейнесі және басқа да әдепке жат көріністер қоғамның теріс тәрбиеленуіне ықпал ететіндіктен, халықаралық ұйымдар оларды жариялауға тыйым салған. Сөйтіп жеке архивімізде қалады. Оларды қолданғым келсе, ешкім қолымды қақпайды, бірақ менің журналистік беделіме кері әсерін тигізеді. Әдептіліктен алыс суреттерді әлеуметтік желіге салып, миллиондаған лайк жинай алсам да, адамшылықтың шегінен шығуға болмайтындығын жақсы түсінемін. Мәселен, лаңкестік кезіндегі жарылыстарды көрсете берсек, содырларға тегін жарнама жасап береміз. Оларға да керегі осы. Теріс пиғылдылар қандай да бір сұмдық оқиғалардың суреттерін жариялау арқылы мемлекеттің осы мәселе алдында әлсіз екендігін көрсетіп, өз үстемдіктерін асыра түсуді көздейді.
Байлықтан қымбат миссия
– Сіз соғыс ошақтарының маңында, кілең шиеленістердің ортасында жүргеннен кейін сол көріністерді жүрегіңізбен қабылдамау мүмкін емес шығар. Осы психологиялық қысымға қалай шыдайсыздар?
– Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары оңтүстікафрикалық фототілші Кевин Картер Судандағы соғыс аймағында белсенді жұмыс істеген. Алайда, оның рухани кедейлігі қысқа ғұмырын ақшаға тәуелділікпен, есірткіге құмарлықпен түйістірді. Оның әлемдегі ең таңдаулы жүлделерді алған Суданда түсірген суретінде аштықтан әбден қалжыраған баланың өлімін күткен жыртқыш құс бейнеленген. Бұл сурет оған ақша да, атақ та әкелді. Бірақ ол суретті түсірген бойда баланы құтқармастан кетіп қалады. Кейін тілшілерге сұхбат берген уақытында баланы неге құтқармадыңыз деген сауалға жауап таппай, адамшылықтан аттағанын сезінген бойда күйзеліске түсіп, өз-өзіне қол жұмсап тынды. Ол өлім алдындағы хатында көзімен көрген сұмдық жағдайлар әбден күйзелткенін жазып кеткен. Сондықтан бізге кәсіби саламызда психологиялық ұстамдылық, адамгершілік, биік рух керек.
– Суреттеріңізді жариялап жатқан халықаралық беделді басылымдар еңбегіңізге қаламақы төлей ме?
– Бұл салаға келген уақыттары, шынымды айтсам, қаламақысыз жұмыс істедім. Менің мүддем – көмекке зәру, жәрдемге мұқтаж, зәбір көрген халықтың зарын көрсету болды. Суреттерім жариялана бастағаннан кейін көптеген халықаралық ұйым хабарласып, кейіпкерлерімнің қайда екенін, қандай көмек керек екенін сұрай бастады. Бұл мен үшін ең үлкен сыйақы болатын. Мақсатыма жеттім, кейіпкерлеріме әлем назар аударды.
Уақыт өте әріптестерім сүйікті кәсібімнен пайда табудың да жолын көрсетті. Мені кейбіреулер мол қаражат табады деп те ойлауы мүмкін. Бірақ менің тіршілігім – студентке тән құба тіршілік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan