Өнер • 18 Ақпан, 2019

Ислам каллиграфиясы

908 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көркемсурет жанрында ерекше орын алатын ислам каллиграфиясы бейнелеу өнерінің озық жетістігі саналады. Астанада өткен «Ислам каллиграфия өнері» атты көрмеде дүние жүзі каллиграфтарының 27 жұмысы көпшілік назарына ұсынылды.

Ислам каллиграфиясы

Көрмеге қойылған шеберлік жұмыстарынан Құран Кәрім аяттары, пайғамбарымыз Мұхам­медтен (с.ғ.с) жеткен сабыр, ұят, иман туралы хадистері мен шы­ғыс ғұламаларының мазмұнға бай рубаяттары көрініс тапқан. Атап айтқанда, Мехмед Өзчай (Түркия), Мухаммед Хакки (Түркия), Мухаммад Аи Захид (Пәкістан), Махфуз Заннун әл-Убайди (Ирак), Сабер Сафаи (Иран), Абдессамад Михфад (Марокко) сынды ислам тарихы, өнері мен мәдениетін ғылы­ми-зерттеу орталығының (IRICACA) калллиграфия бо­йынша әр жылдарда өткен ха­лық­аралық дәстүрлі байқауы жүл­дегерлерінің ай­шық­ты еңбек­терін көре аласыз. 

Салтанатты жиында сөз ал­ған ислам тарихы, өнері мен мәдениетін ғылыми-зерттеу орта­лығының (IRICACA) бас директоры, доктор Халит Эрен ислам мәдениетін биікке шығару жолында түрік халықтарының да өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын айтады.

– Ислам ынтымақтастығы ұйымы ашылғалы бері 56 мем­лекеттің мәдени орталығы ретінде Ыстанбұлда жұмыс істеп келеді. Қазақстан да 1991 жылдан бері осы ұйымның мүшесі. Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін ғылы­ми-зерттеу орталығы (IRICACA) жылдағы дәстүрге сай биыл каллиграфтардың 11-ші жарысын ұйымдастырмақ. Одан бөлек алматылық ғалымдармен бірлесіп, «Каспий-Арал маңа­йын­дағы мәдени мұра» атты жо­баларды бастау жоспарда бар, – деген доктор Халит Эрен орта­лықта сақтаулы қолжазбалар жинағын Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына табыстады.

Ислам көркем жазуының та­нымал хаттасы (каллиграф) түркиялық Хасан Челеби Мекке мене Мединедегі мешіттерді әрлеуімен даңқы шыққан тұлға. Ислам архитектурасының ең бір ғажайып туындысы саналатын Мединедегі үлкен мешітті безендіруге ол аттай 3 жылын арнаған. Оның эстетикалық көркемдік формасымен дараланатын бірегей композициясының ұзындығы 1400 метрге, яғни бір жарым шақырымға пара-пар болып шыққан. 3 мыңнан астам оқушы тәрбиелеген Хасан Челеби сынды айтулы ұстаздың шәкірті, қазақстандық араб кал­лиграфиясының маманы Асыл­бек Орынбасаров та бүгінгі көр­меге арнайы шақырылған қо­нақтардың бірі. 

– 2006 жылы Каир қала­сындағы Халил аға каллигра­фия институтына оқуға түс­тім. Қазақстанның облыс ор­та­­лық­­тарындағы көптеген мешіт­тердің әрлеу жұмыстарына қа­тысып, өз қолтаңбамды қал­дыр­дым. Әр каллиграфтың өз қол­таңбасы, әдіс-тәсілі болады, – дейді ол. Бүгінде Асылбектің жұ­мыстары Қазақстан ғана емес, Швейцария, Ұлыбритания, Араб әмірліктеріндегі жекелеген коллекцияларда сақтаулы. Бүгінге дейін Астана, Алматы, Мәскеу қалаларында жеке шы­ғармашылық көрмесін өткіз­ген Асылбек 18 жылдан бері кал­ли­графия саласында табанды еңбек етіп келеді.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»