Аталған игі шара былтыр да жалғасын тауып экспедиция құрамы «Ауыл – рухани жаңғырудың қайнар көзі» деген атпен барлық өңірде болды. Алтай мен Атыраудың арасында өткен экспедиция барысында еліміздің 27 жылдағы жетістіктері пысықталып, әлі де шешілуі тиіс мәселелер газет бетінде жарық көрді. Өткен жұмада өңірлерге жасалған сапардың қорытындысы ретінде арнайы жиын ұйымдастырылған болатын. Оған «Нұр Отан» партиясы, Парламент депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесу барысында «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбаева аталған шараның биыл оныншы рет өткізіліп отырғанын айтты.
̶ Елімізде 7,5 мың ауыл бар болса, «Qazaqstan dauiri» газетінің ұжымы соның 5 мыңнан астамын аралап шықты. Журналисті аяғы асырайды демекші, республиканың түкпір-түкпірін аралап қана қоймай, сонда өмір сүріп отырған халықтың мұң-мұқтажын, түйткілді мәселелерін қағазға түсіреміз. Тілшілердің қолында билік болмағанымен, соған жеткізетін қарымды қаламымыз бар. Барлық көрген-білгенімізді, түйгенімізді тиісті органдарға, оның басшыларына жеткіземіз. Маңдай терімізді төгіп, атқарып жатқан жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. Бір мысал, бұрын «Дипломмен ауылға!» жобасымен елді мекендерге мұғалімдерді, дәрігерлерді жіберетін еді. Кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Qazaqstan dauiri» газеті тығыз қарым-қатынас орнатып, басылымның ұсынысы бойынша ауылға зоотехниктер мен мал дәрігерлерін де аталған жоба арқылы жібертуге мүмкіндік туды, –деді С. Мешітбаева.
Жиында «Qazaqstan dauiri» басылымының бас редакторы Ертай Айғалиұлы былтырғы экспедиция аясында көтерілген тақырыптарға тоқталып, әр облыстағы ағайынның түйткілді мәселелерін баяндады. Экспедицияның қорытындысы бойынша тұжырымдама жасаған газет ұжымы жастарды ауылға тарту, жергілікті өзін-өзі басқару, ауылдағы инфрақұрылым, табиғи, өңірлік жағдайларға байланысты мамандандыру, жем-шөп дайындау, кооператив мәселесі сынды өзге де салалық, маусымдық проблемаларды жіпке тізді. Ауылдағы ағайынның аманатын арқалай келген экспедиция мүшелері қойылған сауалдардың жауабын, мәселенің мән-жайын құзырлы органдардан сұрады. Жиынға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрлігі және өзге де ведомство өкілдері айтылған талап-тілектерге жауап беріп, алдағы уақытта нақты қандай шаралар қабылдау керектігін егжей-тегжейлі баяндады.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»