Еліміздің бас қалаларында көшелерде ілінген олардың фотосуреттері мен елдікті, бірлікті, еңбекті, адалдықты ту еткен жарқын істері, парасатты пікірлері әрбір қазақстандыққа ой салып, патриоттыққа шақырды, үздік болып шығуға ұмтылдырды.
«Бұл адал еңбектің құндылығын арттырды. Себебі құлдық санадан азат болғанымен, құлқынның құлдығынан құтыла алмай, әлем өркениетінің көшіне ілескенімен, рухани байлықтан ажырап қала жаздаған жаңару мен жаңғырудың, ұлттық құндылықтарға қайта оралып, рухани жаңғырудың шын мәдениетін ұғынғандай болды. Мұның біздің мемлекетіміз үшін дер кезінде қабылданғанын енді түйсініп жатырмыз», деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко.
Оның пайымдауынша, жобаның әрбір жеңімпазының тарихы құдды бір көркем шығарма немесе фильмнің дайын сценарийі тәрізді. Олардың әрқайсысының қалыптасуы мен қол жеткізген табыстары – тәуелсіз Қазақстан тарихының жетістігі. Осы жылдар ішінде олар өздерінің маңдай терімен және бойларына біткен дарынымен болашаққа даңғыл жол салды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко тұтас халық қалағанына қол жеткізуі үшін де біреумен иық теңестіруге ұмтыла білуі керек екенін тілге тиек етіп өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары алғашқы кезеңінде 102 адамды алға шығарып, талай талантты танытқан жоба биыл да еліміз бойынша тұлғалық сипатқа ие адамдарды іздеу алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты.
Леонид Прокопенконың айтуынша, жас ғалымдар ғылыми зерттеулерін жүргізуге арналған гранттарды екі есе көп алатын болады.
«Жастар жылының ашылуында Президент Қазақстанда жаңа технологияларға, жаңа кәсіпке негізделген 1200 жаңа кәсіпорынның құрылғандығын атап өтті. Мұның барлығы да жастар үшін жасалуда. Сіздер сол кәсіпорында жұмыс істеп, Қазақстанның жаңа индустриясын ілгерілететін боласыздар», деді ол.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздары бірі – ҚР ДСМ Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының кардиохирургия және интервенциялық кардиология кафедрасының меңгерушісі, биылғы жеңімпаз Гүлжан Сәрсенбаева. Гүлжан мектеп қабырғасында С.Беляевтың «Голова профессора Доуля» және Л.Толстойдың «Гиперболоид инженера Гарина» атты кітаптарын оқуы дәрігер мамандығын таңдауына себеп болғанын айтты.
«Маған сол кітаптарда жазылған технологиялар қызықты болатын. Мен сол кезде қиял-ғажайып санаған технологиялар қазіргі уақытта енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта мен жасанды қан айналымы арқылы балалардың жүрегіне ота жасап жүрмін. «Гиперболоидта» суреттелген сәуле қазіргі медицинада қолданылып жүрген лазерге ұқсайды», деді ол.
Кездесу барысында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының белсенділері «Jastar jyly – danǵyl jol!» жобасының ашылуын хабарлады. Жобаның басты мақсаты − қазақстандық жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалар мен әлеуметтік лифтілер платформасын іске асыру үшін жағдай жасау. Осының шеңберінде ең үздік үш жобаға байқаудың тұсауы кесілді. Алғашқысы «Бірлік» – ең үздік әлеуметтік жоба, екіншісі, «Жомарт жан» – ең үздік еріктілер (волонтерлер) жобасы. Ал үшінші жоба – «Шаңырақ» ел көлеміндегі ең үздік жобаларға ақпараттық қолдау білдіретін, солардың алға жылжуына жол ашатын әлеуметтік-ақпараттық бағытты қамтиды.
Қатысушылар жоба авторларына жан-жақты сұрақ қойып, жарияланған тақырып кеңінен тарқатылды. Тәжірибелі мамандар «арманыңнан бас тартпа» деп, жастардың жүрегінде құлшыныс энергиясының тетігін басқандай әсер қалдырды.
«Бұл жобалар жастардың тың идеясы мен стартаптарын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Бұның барлығы жастар мен олардың тың жобаларын жүзеге асыру мақсатында жүргізілуде. Үздік деп танылған стартап жобалардың авторлары өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік алады. Басты мақсат – жастарға жол ашу, басын қосу, бұл өз кезегінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асыру», деді ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко.
Гүлбаршын САБАЕВА,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ