Аймақтар • 20 Ақпан, 2019

Ғалымдар қуат көздерін дамытуға ден қойды

1145 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі күннен, желден алынатын дәстүрлі емес энергия көздерін жандандыруға, отандық жас ғалымдардың «жасыл» технология бойынша жүйелі жобалар әзірлеуіне зор ықпал етті. Содан беріде еліміздегі «жасыл» энергетика жолындағы жетістіктер мен жобалар нәтижелі жүзеге асып келеді. Бұл ретте С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің жас ғалымдары жасап шығарған «Автономды жарықшамдар» және «Қуат беретін жаяу жүргіншілер жолағы» жобаларын атауға болады.

Ғалымдар қуат көздерін дамытуға ден қойды

 Әр қадам 5 ватт энергия береді 

Жоба авторларының бірі, энергетика факультеті дека­ны­ның орынбасары Александр Нефтисовтің айтуынша, «Қуат бе­ре­­­тін жаяу жүргіншілер жола­­­ғы» өте қызық жоба. Ға­лым­­­­дар ойлап тапқан ғылы­ми жаңа­лық­тың ішінде платформасы бар құрылғы негізінен көшелерден өтетін жаяу жүргіншілер жола­ғы­нан бастап, адамдар көп жүре­тін тастақталары бар жерлерге төселуі тиіс. 

Күнделікті өзіміз көріп жүр­ген­­дей, қала көшелеріндегі тро­ту­­ар­ларға төселген тастақ­та­­­лар ұзаққа бармай бүліне бас­тайды. Енді бұлай уайымдамай­тын да болармыз, өйткені ғалым­дар жасаған жаңашыл жоба сынақ­тан сәтті өтіп, жүзеге асса әр бас­қан қадамыңыздан қуат жиналады.

Құрылғы ортасында қозғал­ма­лы ұяшықтар орна­тыл­ған. Сіз жолақтың бойымен өткен кезде тастақтаға табаныңыз тиіп, ұяшықтар қозғалады да, электр қуаты түзіледі. Яғни, кине­­ти­ка­лық энергиядан электр энер­гия­сы алынады. Бұл қуат арнайы аккумуляторда жиналады. 

А.Нефтисов бұл жобаны әріп­­­те­сі, электр техникасы және ав­­то­мат­тандыру кафедрасы зерт­­­ха­­на­сының меңгерушісі Вя­чес­лав Монаховпен бірлесіп жас­ап­ты. 

– Әрине жобаның Еуропада, Израильде бәсекелестері бар. Сондықтан қуат өндіретін пав­ло­­дар­­лық жолақ жобасын бас­қа­ша жасадық. Күні-түні ізденіп, еңбек еттік. Сынақ ретінде жо­лақ құры­л­ғысын университет пен Сту­дент­тер үйіне дейін апаратын аллеяға төседік, – дейді Алек­сан­др Витальевич. 

Қазір жолақтан алынатын қуат тротуар жиегіне орна­тыл­ған жарықшамдарға беріліп тұрға­нын айта кету керек. 

Аллеядағы жарықшам баған­да­рында ұялы телефонды қуат­тай­тын тетік орнатылған. Жолақ арқылы жиналған электр қуатын ала алады, – дейді жоба иелері. 

Күннен қуат алады

Ғалым­дардың ұсынған екін­ші жобасы – автономды жа­рық­­­шам­дар. Күннен қуат алатын шамдар қараңғы түссе, авто­матты түрде жанады. Күн панель­дері арқылы қуат алатын жарық­шамдар қазір барлық жерде бар. Облыс орта­лы­ғын­дағы Еуразиялық топ (ERG) құра­мына кіретін «Қазақстан электро­лиз зауыты» АҚ-да былтыр кәсіпорынға 1500-ден астам электр қуатын үнемдейтін шам орнатыпты. 

Облыс орталығында мемле­кет­-жекешелік серіктестігі аясында көше мен саябақтардың 12500 шамы толығымен жаңар­тыл­ды. Жарық шамдары күн­діз өшіп, түнде автоматты түрде қосы­лады. Бұрын қалада 

40-50 шам орталықтандырылған құ­рылғымен басқарылса, қазір 12500 шамға 70 орталық­тан­ды­рыл­ған құрылғы энергия береді. 

Жалпы, «Ав­то­ном­ды жа­р­ық­­­­­шам­дар» жобасын ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сі кезінде үнділік ға­лым­дар ұсынды. Павлодарлық жоба­ға «Баламалы таза энергия көз­де­рі» бағытында ғылыммен айналысып жүрген үнділік профес­сор Рагаван Кришнасуами да оң баға берді. Үндістандағы мұнай және энергетика уни­вер­си­тетінің профессоры жергі­лік­ті оқу орнында «Жаңартылған таза энергетика» тақырыбында бір жа­рым жылдай дәріс оқыған болатын.

Ол баламалы энергия көздері тақырыбы бойынша ғылыми инновациялық бағдарламалар әзірлеп, жобаларды іске асыруға қолдау көрсетті. Үндістаннан келіп оқып жүрген студенттер де жарықшамды орнатуға жәрдем­дес­ті.

«Күлді полимер»

Ал металлургия кафедра­сы­ның аға оқытушысы Әлібек Жақыпов пен мұнай-газ ісі кафедрасының аға оқытушысы Руслан Сабинов тұрмыстық полимерлік және техногендік қалдықтарды қосып, жаңа материал жасауды жүзеге асырды. 

– Қазір полимерлік қалдықтар көп. Бұл – пластикалық бөтел­ке­лер, қақпақтар, сұйық­тық­тар құйылатын конистр­лар. Осы қалдықтарға шлак, күлді қосып, плиткалар жасап шығар­дық, – дейді Ә.Жақыпов. Ғалым­дар өздері жасап шыққан материалды «Күлді полимер» деп атаған. Айтуларынша, жаңа өнім экологиялық тұрғыдан тиімді және құрамында ыдырамайтын полимерлік заттары бар қоспа су жұқтырмайды, сондай-ақ бетондай берік.

Аязда материалдың берік­тігін сынау үшін ғалымдар ­Күлді полимерді университет аума­ғында жаяу жүргіншілер өте­тін жолға төсеген. 

«Жасыл» энергиямен өмір сүрейік 

Облыстық тұрғын үй-ком­му­н­алдық шаруашылық бас­қар­масының мәліметінше, былтыр өңірде энергия үнемдеу бойынша квазимемлекеттік сектордың 486 нысанында энергия аудиті өткізіліп, 45 мың шаршы метр­ден астам терезе қапсырмасы ауыстырылды. Нысандардың 50 шаршы метр жабыны қайта жаңартылып, 8,8 мың шаршы метр сыртқы қабырғалар жылытылды. Осының нәтижесінде бюджет секторында 1 млн кВт сағаттан астам электр және 3 мың Гкал жылу энергия­сы үнем­делген. Сонымен қа­тар Пав­­лодар, Екібастұз қала­ла­рын­да көше шамдарын жаң­ғыр­­ту бойынша мемлекет-жекешелік әріптестік аясында кә­­сіпорындар 16 мың көше ша­­мын жарықдиодты шам­дар­ға ауыстырған. Осындай жобаларды іске асыру нәти­же­сінде өңірдегі электр энергиясын тұтыну мөл­ше­рін 60 пайызға төмендету жос­пар­лан­ған.

Университет ректоры Гаухар Ахметованың айтуынша, өңір­де­гі жаңашыл жобаларды университет қаржыландырып, жас ғалымдарға қажетті құрал-жаб­дық­­тар алып берді. 

Универ­ситет ғалымдары өң­­­­­­­ір­­­­­­­­де­гі кә­­сіпорындарға Экспо-2017 халықаралық көр­­ме­­­­­­­сін­дегі жел энер­гетика қон­­­­дыр­­­ғысы (Гер­мания), жел ге­не­­­­ра­­­торы қондыр­ғысы (Түркия), сон­дай-ақ «көгіл­дір көмір» техно­логиясы (Поль­ша) жобала­рын ұсынды.

– Бұл жобалардың техно­ло­гиялары «Жас ғалым» сту­­дент­­тік ғылыми-зерттеу бағ­дар­ламасы аясында зерт­те­ле­­ді. Ал­дағы уақытта облыс әкім­дігі­нің қолдауымен уни­­вер­си­т­ет­тің коммерциялау кең­сесі жүзеге асырмақ. Сон­дай-ақ уни­верситеттің 82 сту­­­денті көр­меге еріктілер ре­тін­­­де қатысты. Студенттер оқу ор­нцында ал­ған білімдеріне сай, кел­ген қо­нақ­тармен әр тілде сөй­лесе ала­ды. Баламалы энерге­тика сала­сындағы бірегей технологиялық жетістіктермен танысу арқылы қазір түрлі ғылыми бағыттағы зият­керлік әлеуетке үйренуде. Ма­қ­сат – оқу орнының ғалым­дары мен студенттері бірлесе отырып, өңірде «жасыл» энер­гияның мүмкіндіктерін пайдалану, – дейді Г.Ахметова.

Фарида БЫҚАЙ,

«Egemen Qazaqstan» 

ПАВЛОДАР