19 Мамыр, 2012

Жас ұландар жас қайраты елімнің

795 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жас ұландар жас қайраты елімнің

Сенбі, 19 мамыр 2012 8:38

Осыдан 17 жыл бұрынғы өзен флоты училищесінің бастығы Құрмаш Оқасовтың бастамасымен Семейде интернаттық үлгідегі әскери мамандыққа бейімделген Шоқан Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» ерлер лицейі ашылды. Ал аталған училищеге бұл азамат 25 жасында комсомол ұйымының хатшысы болып келіп, 14 жыл еңбек еткен. Қызметі біртіндеп жоғарылап, бастыққа дейін көтерілген. Ал өзен флотының мұндай училищесі мен техникумы бүкіл еліміз бойынша Семейде ғана болатын. Сондықтан тоқсаныншы жылдардың ортасындағы оңтайландыру саясаты негізінде бұл училище жабылып тынған.

 

Сенбі, 19 мамыр 2012 8:38

Осыдан 17 жыл бұрынғы өзен флоты училищесінің бастығы Құрмаш Оқасовтың бастамасымен Семейде интернаттық үлгідегі әскери мамандыққа бейімделген Шоқан Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» ерлер лицейі ашылды. Ал аталған училищеге бұл азамат 25 жасында комсомол ұйымының хатшысы болып келіп, 14 жыл еңбек еткен. Қызметі біртіндеп жоғарылап, бастыққа дейін көтерілген. Ал өзен флотының мұндай училищесі мен техникумы бүкіл еліміз бойынша Семейде ғана болатын. Сондықтан тоқсаныншы жылдардың ортасындағы оңтайландыру саясаты негізінде бұл училище жабылып тынған.

Енді еліміздегі осындай маз­мұндағы алғашқы лицейді ашу туралы идея бұған қалай келді дейсіз ғой? Айтайық. Тегінде өзен флотына қатысты арнаулы оқу орнында сабақ жар­тылай әскери тәртіппен жүргізілетін. Соған орай, училище курсант­та­ры форма киетін. Мұны бір десек, екіншіден, бұған дейін республика білім ісінің үздігі ата­нып үлгерген Құрмаш Бабағұ­мар­ұлы педагогика саласында бір­шама тәжі­рибе жинақтап қал­ған білікті маман еді. Ендеше, осы кезге дейінгі жинақтаған білімі мен білігін енді жас ұр­пақ­ты патриоттық рухта тәрбие­леу­ге бағыттап, өз мүмкіндігін тың салада іске асыруға кіріскен.

Осындай ойға бекінген ол ең алдымен облыстық білім департаменті мен облыстық әкім­дік­тің игілікті шаруаға көзін жеткізген соң, ғимарат мәселесі де оңды шешімін тапты. Яғни, жоғарыда айтқанымыздай, себепті жағдаймен жабылып қал­ған өзен флоты училищесінің корпусы жаңа лицейге берілді. Солайша бұрынғы ғимарат та аман сақталып қалды, бұрынғы ұжым мүшелерінің біразы да осында қызметін жалғастыра берді. Бірақ бәрі тыңнан бас­тал­ған соң оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру да көп ізденісті қажет етті. Сол мақсатпен жаңа ли­цей басшысы Новосібірдегі кадет корпусының тәжірибесіне жүгінгенді жөн көрген. Оларда кадет корпусына қабылдау 1 сыныптан жүргізілсе, бұлар жас ұландарды он жастан, яғни 5 сы­ныптан ғана бастап қабылдады.

Сол кездегі қаржы тапшы­лы­ғы көп нәрседе қол байлай бер­гені де рас. Әйтеуір, демеу­ші­лердің арқасында ондай қи­ын­шылықтар да артта қалған. Осы кезде басқаны айтпағанда Семейде жас ұландарға күнделікті және парад формаларын тігетін шеберлер табылмай, оларды Бар­наул мен Қостанайға апарып тіккізгендері де шындық. Ал көршілес екі облыс қосылған кез­де далада қалғандай күй кеш­кен. Сол кездегі Респуб­ли­калық ұланның қолбасшысы, генерал-лейтенант Сәт Тоқпақ­баев­тың қамқорлығымен бұл мәселе де сәтімен шешілген. Одан кейініректе сол кездегі Қорғаныс министрі, генерал-пол­ковник Мұхтар Алтын­баев­тың жас ұландар лицейіне үш бірдей әскери техника бөлгіз­ге­нін ұмытуға болмас.

Сонымен, аталған оқу орны арада тоғыз жылдан соң облыс­тық әкімдіктің шешімімен «Шо­қан Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей интернаты» мемлекеттік ме­кемесі болып қайта құрыл­ған. Соған орай лицейдің негізгі міндеттері болашақ Отан қор­ғаушыларға жоғары деңгейде білім мен тәрбие алуларына қо­лайлы жағдай жасау, ұландарға әскери іс негіздерін оқыту, белсенді денешынықтыру даярлы­ғы және мақсатты оқыту, олар­ды Қарулы Күштер сапына даяр­лау, жоғары адамгершілік, рухани жігерлілік пен психоло­гиялық әзірлікті қалыптастыру арқылы жас ұландарды хал­қы­мыздың ежелгі ерлік дәстүрлері мен өнегесін жалғастыратын патриоттар етіп тәрбиелеу, соны­мен бірге, болашақ офицер­лер­дің этикалық, эстетикалық тал­ғам­дарын қалыптастыру екендігі атап көрсетілді.

Лицей дарынды балаларға арналғандықтан, оған қабылдау талаптары да күшейе түсті. Яғни, оқуға денсаулығы жарам­ды, емтихандар мен психо­ло­гиялық тестен жақсы көрсет­кіш­терді иеленген ұлдар ғана қабылдануда. «Жас Ұлан» ерлер мектеп-лицей-интернаты­ның өз туы, әнұраны мен таңбасы бар. Лицейде ішкі қызмет жар­ғы­сы, киім үлгісі, айырма белгілері және аумағында атақ пен дәреже беру ережесі енгізілген.Негізгі сабақтар түске дейін өткізілсе, ұландар түскі асын ішіп демалған соң қосымша сабақтар, үйірме жұмыстары, түрлі олимпиа­далар­ға үміткерлерді дайындау жұ­мыс­тары жүргізіледі. Ал одан кейінгі жерде спортпен, өнермен айналысамын деген ұландарға мейлінше мүмкіндік жасалған.

Бүгінде лицейде сабақ негізінен екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде жүргізілуде. Мұның сыртында ағылшын тілі де оқы­тылады. Қазірде мұнда 350 ұлан оқып жатса, соның басым бөлігі, нақтылап айтсақ, 90 пайызы өзі­міздің қаракөз жеткіншектер. Олар­дың арасында ауылдан, бас­қа облыстан келгендер де, жетім балалар да баршылық. Оқу үл­герімі мен тәртібі дұрыс ұландар сенбі күні түстен жексенбі күні кешке дейін қаладағы туыс-ту­ғандарының үйлеріне жіберіледі.

Осы уақытқа дейін лицейді 600-ден астам ұлан бітірсе, со­ның алтауы «Алтын белгі» иегері атанып, он екісі үздік деп таны­лыпты. Лицей бастығы бізбен әңгімесінде 300-ге жуық ұлан­ның осындағы оқуды бітірген соң республика Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қаржы полициясының, Қа­зақстан Рес­публикасы мен Ресей Феде­рациясының Төтенше жағ­дай­лар министрліктерінің түрлі оқу орындарына курсант болып қабылданғанын тілге тиек еткен. Оның сыртында 150-ден астам ұлан Алматыдағы КИМЭП, Қа­зақ­стан-Британ техникалық уни­верситетінің, Астанадағы Л.­Н.Гу­милев атындағы Еуразия универ­ситетінің, Америкадағы Гарвард университетінің және басқа беделді жоғары оқу орындарының студенті атанған. Соның бірі Ерназар Тұрғазытегі Еуразия университетінде, екіншісі Андрей Филиппов Ресейдің Тверь қала­сындағы ғарыштық байланыс академиясында оқиды. Жуырда аталған оқу орындарының бас­шы­лары атынан өздеріне осын­дай үздік студенттерді дайындап бергеніміз үшін алғыс хат алдық дейді лицей басшысы зор мақта­нышпен.

Одан әрі де Құрмаш Баба­ғұ­марұлы бүгінде жоғары оқу орындарын бітіріп, егемен елге қалтқысыз қызмет етіп жатқан түлектер туралы да бізге ақпарат беруді ұмытпаған. Лицейдің ал­ғашқы түлектері болып сана­латын Данияр Сәрсеков – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шемонайха ауданы бойынша бөлімінің бастығы, Әділхан Оразғұлов – десантшы, ал Дәулет Байқұлақов танк бригадалары командирлері­нің орынбасары болып Отанға қалтқысыз қызмет етуде. Сол үш азаматтың үшеуі де майор шеніндегі офицер. Мұның үшеуі де подполковник атағын жуық арада алып қалуы әбден мүмкін, дейді Құрекең. Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қы­сады деген осы. Расында, Құр­маш – оларға сонау жылдары әке орнына әке, шеше орнына шеше бола білген азамат. Күні бүгінге дейін кешегі шәкірттерімен ұялы телефон арқылы байла­ны­сын үзбей келе жатқаны соның айқын айғағы болса керек.

– Арқалы ақындарымыздың бірінің мектепке тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың деген қанатты сөзі бар емес пе,– дейді Құрмаш Бабағұмарұлы. – Мен сол сөзді өзімше түрленді­ріп, біздің лицейге ұлан болып қабылданып, қыран болып қа­нат­танып шығасың деймін. Со­ның бәрі осы жылдар ішінде әб­ден қалыптасып үлгерген ұжым­ның арқасы. Тағы да мақтанғандай болмайық, бізде оқу, тәрбие жұмысында кемшін жоқ. Оқу корпусы, жатақхана­мыз, асхана, шеберханамыз, спорт алаңдары бүгінгі күннің талабына сай.

Әскери дайындық, тәрбие жұ­мысы демекші, «Шығыс» өңір­лік қолбасшылығының Семейге орнығуы да бұларға үл­кен сеп болғаны байқалады. Со­ның бір дәлеліндей, жас ұлан­дар әскери парадтар мен басқа да мерекелік шаралардан тыс қалған емес. Сондай-ақ, өңірлік қолбасшылыққа келген ірі шенді офицерлердің лицейге соқ­пай, немесе жас ұландармен кез­деспей кететіндері жоққа тән. Айталық, Семейге келген Ке­ңес Одағының Батыры, рес­пуб­ликамыздың алғашқы Қор­ғаныс министрі, тұңғыш Ха­лық Қаһарманы Сағадат Нұр­ма­ғамбетов жасұландықтардың бір тобын өзіне шақырып алып кездессе, ал кісінің абыройлы жо­лын жалғастырған екінші министр, екінші Халық Қаһар­маны, екінші армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың лицейге атбасын тіреп, өздерімен кездесуге уақыт таба білгендерін бұлар қалай ұмытсын! Кейінде Халық Қаһарманы атанған генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев та «Шығыс» өңірлік әскери қол­басшылығының қолбасшысы болып тұрғанда лицейге қам­қор­лық танытудан танбаған. КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаевтың лицейде болуы да ұландар үшін есте қа­ларлық оқиғаға айналған.

Лицейде, сонымен бірге, Үкі­мет басшысы да, басқа сала министрлері де болғанын білеміз. Республикалық «Бөбек» қо­рының президенті Сара Назарбаева да Семейге келген сапа­рында жасұландықтар өмірімен танысып, оларға салтанатты жағ­дайда Елбасы атынан әсем безендірілген қылыш сыйлап кеткенін де көргенбіз. Қазірде сол бағалы сый жергілікті өлке­тану мұражайында тұр.

Дарынды балаларға арнал­ған «Жас Ұлан» лицейі тәуел­сіздігіміздің, елдігіміздің, Елба­сы­мыздың дана саясатының арқасында ашылған оқу орын­дарының біреуі ғана емес, бірегейі болып табылады. Лицеймен бірге оның басшысының абы­ройы да уақыт өткен сайын көтеріле түсіп келе жатқаны көп нәрсені аңғартса керек. Со­ның айғағындай, ол бүгінде полковник шенін иеленген бірінші қатардағы офицер, сала­лық министрлік бойынша «Ең үздік ұстаз», «Қазақстан Рес­публикасы білім беру ісінің құр­метті қызметкері» атанған білікті маман. Оның ел Конс­титуциясының – 10, ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдықтарына орай алған мерекелік медальдері мұның сыртында. Жиырма жыл демекші, енді үш жылдан соң бұл лицей де өзінің жиырма жылдығын атап өтпек. Және жасұландықтардың өз мерекесін лайықты атап өтетіндігіне еш күмән жоқ. Еркін елдің ертеңіне айналар ұландарды тәрбиелеп жатқан бір оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі, міне, осындай!

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,

журналист.

Семей.

Суретте: дарынды бала­лар­ға арналған Ш.Уәлиханов атын­дағы «Жас Ұлан» ли­цейі­нің бастығы, полковник Қ.Оқасов ұландармен бірге.

Соңғы жаңалықтар