«Астана – кәсіпкерлер қаласы. Тұрақты әрі серпінді даму үшін инвестициялық салымдар қажет. Өткен жылы қалаға 1 трлн теңгеден астам инвестиция құйылды. Бұл – Астана үшін тарихи рекордтық көрсеткіш. Биыл инвестиция өсімі жалғасуда. Өнеркәсіп, денсаулық сақтау, сауда, қызмет көрсету сынды салаларда да инфһвестиция көлемінің өсім байқалады», – деді Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беру кездесуінде.
Оның айтуынша, Астанаға тартылған инвестициялардың жалпы көлемінің төрттен бірі шетелдік инвесторларға тиесілі. Инвестицияның жалпы көлемінің 86%-ы – шағын және орта бизнестің салымы. Қала инвестицияларын жеке бастамалар құрайды.
«Ел бойынша шағын және орта бизнестің ең жоғары үлесі – Астанада. Нақтырақ айтқанда, ол қаланың жалпы өңірлік өнімінің 61%-ын қамтып отыр. Қалада 120 мыңнан астам бизнес субъектілері жұмыс істейді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Бүгін бюджетке салық түсімдерінің жартысынан астамы (57%) – шағын және орта бизнес салықтары», – деп атап өтті Сұлтанов.
Кәсіпкерлерді қолдау үшін Мемлекеттік бағдарламалар белсенді пайдаланылуда. Осы шаралардың барлығы қолда бар 9 мыңнан астам жұмыс орнын сақтауға және 6,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Кәсіпкерлерді қолдаудың тағы бір тетігі Елбасының бастамасымен жүргізілетін салықтық рақымшылық болып табылады. Жиналған салықтардан босату шағын және орта бизнеске өндірісті ұлғайтуға, ал жалпылай алғанда, табысты арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана кәсіпкерлерінің картасы әзірленуде. Бұл әрбір кәсіпкер бойынша егжей-тегжейлі деректер базасы болады, онда жалпы мәліметтерден басқа, олардың өзекті мәртебесі көрсетіледі. Дәлірек айтқанда, кәсіпкер несиесінің бар-жоғы, ол банкротқа ұшырай ма, салық төледі ме, қандай мамандарға мұқтаж екендігін көрсетеді. Қазір деректерді жаңартып, жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін порталды әзірлеу мүмкіндігі қарастырылуда», – деп атап өтті Астана әкімі.
Статистиктердің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанның елордасында өнеркәсіп көлемінің 6,7%-ға өсімі байқалады. Өткен жылы қалада 7 жоба іске қосылып, соның есебінен 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.