Қазақстан да бұл ғаламдық үдерістен тыс қалмауы тиіс. Бүгінде осы мақсатты көздейтін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ел тұрмысына дендей еніп келеді. Негізі бұл бағдарлама аясында ел бойынша интернет қолданушылар санын 80 пайызға жеткізу міндеті тұр. 2020 жылға дейін осы межені игеруіміз керек. Ал елдің ақпарат саласындағы цифрлы хабар тарату үрдісі 95 пайызға жетуі тиіс. Сондай-ақ алдағы бір-екі жылдың жүзінде тұрғындардың ғаламторды игеру сауаты да 80 пайыздан асуы керек. Мұның бәрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да нақты айтылған.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аймақтарда жүзеге асуы адамдардың қолайлы өмір сүруіне бастайтын үрдіс екенін қайталап жату да артық. Бұл жердегі жетістік қоғамды қағазбастылықтан арылтып, бюрократияны жоюға дейін жеткізуі тиіс. Ал цифрландырудың ең басты ерекшелігі деп барлық салаға батпандап еніп кеткен сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік беретін жақтарын айтуымыз керек.
Бұл бағыттағы жұмыстар Алматы облысында өз деңгейінде жүргізіліп жатыр деуге нақты негіз бар. Қазір өңірде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жұмыстар әр сала бойынша жүруде. Мысалы, өткен жылы білім беру саласында бұл қадам сәтті жүзеге асты. Облыс бойынша балабақша кезегіне өтініш беруге автоматтандыру жүйесі енгізілді. Бұл жүйеге аймақтағы мектепке дейінгі 951 ұйым тіркелді. Осы балабақша кезегіне қатысты цифрландыру жұмысы 81,4 пайызға жеткен екен. Мұнан бөлек, облыста «Smart-колледж» қанатқақты жобасы іске қосылды. Бұл өңірдегі колледждерде білім беру үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Ал мектептердің компьютер техникасымен жабдықталуы 100 пайызға орындалып, цифрлы кабинеттердің саны 11275 бөлмеге жетті. Білім беру нысандарын жылдамдығы жоғары интернетпен қамту 56 пайызға артқан екен.
Облыста «Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізіліп жатыр. Бұл бойынша денсаулық сақтау саласындағы барлық ұйымдар медициналық ақпарат жүйесіне толық қосылған. Оның ішінде аудандық деңгейдегі қамту 69,9 пайызды құрапты. Жалпы денсаулық сақтау саласында электронды форматқа 117 медициналық нысан көшкен. Қазір қағазсыз құжат айналымы 53 пайызға дейін көбейді. Есеп бойынша өңір тұрғындарының 83 пайызында электронды денсаулық паспорты бар. Жақында Талдықорған қаласының жедел жәрдем стансасы «Көмек 103» цифрлы жүйесіне толықтай қосылды. Бұл науқастардың шақыруын жедел қабылдап, дәрігерлік көмекті уақтылы көрсетуге жол ашты.
Былтыр тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 9 тұрғын үй «е-Шаңырақ» бірыңғай зияткерлік ақпараттық жүйесіне қосылған екен. Нәтижесінде тұтынылған және жеткізілетін коммуналдық қызметтерді бақылау және мониторинг бойынша шығындар 30 пайызға төмендеді. Жалпы цифрландыру бағдарламасының «Қаланы басқару» бағытын іске асыру аясында «Smart Taldykorgan» мобильді қосымшасы әзірленген. Бұл қырықтан астам қалалық сервис қызметіне интернет арқылы қосылуға мүмкіндік береді. Облыс орталығында «Ақылды жаяу жүргінші өткелі» іске қосылған. Бірнеше «Smart» аялдама кешені орнатылды.
Сондай-ақ Алматы облысының құқық қорғау саласы да цифрлы қызмет көрсетуге көшіп жатыр. Мысалы, «Электронды қылмыстық іс» жобасы шеңберінде қылмыстық істерді тергеу электронды форматта жүргізілуде. Бұл мақсатта 300 арнайы жұмыс орны ашылған. Нәтижесінде тергеу жүргізу мерзімі қысқарып, іс материалдарын бұрмалау тәуекелі азайды.
– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрландыру үдерісі барлық өмір сүру саласына қатысты және мемлекетіміздің әр тұрғынының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстың бір парасын «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне қатысты айтуға болады. Жобалық кеңсе ашылғалы бері жұмыс тобы 12 отырыс өткізді. Ал жақында ғана облыстағы мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру бойынша екі мәселені талқыладық. Біріншісі, Мемлекеттік кірістер департаменті бастамашы болып отырған «Мемлекеттік қызметті жедел көрсету дөңгелекті кеңсе» жобасы. Бұл бойынша салық міндеттемелерін есептеп, қабылдау үшін елді мекендерге арнайы жабдықталған көлік шығару жоспарланған. Оның қызметі толықтай цифрланады. Нәтижесінде, салық төлеушілердің жұмысы жеңілдеп, қағазбастылық азаяды. Екінші жобаны «BilimMediaGroup» компаниясы ұсынып отыр. Бұл білім саласындағы қызметтерді автоматтандыру арқылы сыбайлас жемқорлық қауіпін төмендетуге бағытталған, − дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы