Қай шаруасын болсын кешеуілдетіп қаузайтын ағайынның қысқы соғымнан дәм татыруы наурызға дейін созылып кететіні бар. Таяуда ел ақсақалы санатындағы сыйлы ағамыздың бірі телефон шалған. Шаруасы – қазақтың дәстүрлі әндерін нәшіне келтіре орындайтын әрі сол әндердің тарихынан әріден қаузап сыр шерте алатын өнерпаз болса дейді. Үлкен кісінің өтінішін аяқсыз тастау ұят. Қабыл алғанбыз. Іздедік. Іздегенімізді таптық та. Қазір өнер адамдарының осындай жиын-тойда аз-мұз тиын-тебен табатынын елдің бәрі біледі ғой. Үлкен қалалардағыдай атақ-даңқы жер жарған айтулы әншілердей емес, біздегі өнерпаздардың бәсі белгілі. Іле хабарласып едік, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай әндерін нәшіне келтіре орындайтын жігіт ағасы келісімін берді. Ән айтып қана қоймай, үй иесінің жөн сілтеуіне орай кезек-кезек сөз беріп, омыртқаның өңін кіргізіп басқарып та бермек.
Сол еңбегіне сұрайтыны 25 мың теңге.
Шаруасын тындырғанымды ағама жеткізгенмін. Қуанудың орнына күмілжіп қалды. Қымбат екен деді.
– Арзаны табылмай ма?! – деп сұрады ағам құтты бір хан базардың ортасында жүргендей, – тағы да іздеп көрсең қайтеді. Әлде үйге барған соң қабырғаммен кеңесейін бе? Жасыратын ештеңе жоқ, әне бір дөкей бастық болып істейтін інішекті де шақырғанмын. Ол өзі қымбат арақ ішеді. Бөтелкесі 250 мың теңге.
– Ондай да арақ бола ма? – деп сұраппын мен.
– Болғанда қандай, – деді ағам, – сен өзі түк білмейді екенсің ғой. Әлгі әншінің қызметі қымбат деп тұрғаным сол ғой.
Иә, ағам айтса айтқандай. Төл өнерімізді бағалай алмай жүргеніміз де осыдан-ау.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»