Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Қырым Алтынбеков: «Қырым аралы» – көне тарих мекені

1344 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Қырым Алтынбеков: «Қырым аралы» – көне тарих мекені

– Қырым аға, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табыл­ған алтын, темір, қыштың кішкен­тай сынықтарынан тұтас тарих құ­­рас­­тырып шығаратын ғалым­дар еңбе­г­інің едәуір бөлігі рестав­ратор­­ларға тиесілі. «Қырым аралы» деп аталатын ғылыми зерт­ха­на­ңыздың құрылу тарихы өзінше қы­зық болар, қалай дүниеге келген еді? Атауы да өзгеше...

– Тоқсаныншы жылдың тоқырауында бүкіл ел ала қап арқалап, базар жағалап кеткенде,  өзгелерден айырмашылығым, жұмыс үстелімді тастап кеткенім  жоқ. Мен археолог емеспін. Негізгі кәсібім – зергерлік. Суретші-зергермін. 2000 жылдары аяқасты ірі тапсырыс алдық та, жедел түрде серіктестік ашу керек болды. Ашпақ болып ниеттенген жеке кәсібімізді «Атамұра», «Сарыарқа» секілді үйреншікті атаумен тіркетуге барсақ, бұл атаулардың бәрін де бізден бұрын иеленіп қойғандар бар болып шықты. Ертеректе Сергей Донцов деген журналист «Извес­тия» газетіне «Остров Крым» деп мен туралы мақала жазған болатын. Осы «Остров Крым» есіме түсе қалды да, тағы да бірнеше атауды тізімдеп алып тіркелуге қайта бардық. Не керек, әлгі атаулардың ішінен жалғыз «Остров Крым» ғана жарамды болып шықты. Серік­­тестік болып тіркелгеннен кейін маған: «Бұл өзі Украинаның аралы ма?» деген секілді қитұрқы сұрақтар жиі қойылатын болды. Мен де әзіл сауалға: «Украинадағы жарты арал ғана ғой, ал біздікі бүтін арал» деп қалжыңмен жа­уап қататын болдым. Қырым деп атымды атам қойыпты. «Қырым» деген – көне түркі сөзі, «қырат», «қамал» атты ма­ғынаны білдіреді, ал «арал» деген атау арқы­лы мен тәуелсіздікпен бірге өзімнің  дер­­бестігімді де өзім белгілеп алғандай болдым.

– Сіз музей құндылықтарының консер­вациясы мен қайта қалпына кел­тіру ісімен шұғылданасыз. Жеті қабат жердің астында ғасырлар бойы жатқан, ескірмек түгілі шіру­ге ай­налған жәдігерді аршып алып,­ не бұйым екенін анықтап, та­ри­хи си­пат­тамасын жасап музей­ге­ қо­йыл­ғанға дейінгі үдерісті атқара­тын адамға «әрлеуші», «сырлаушы», «жаңғыр­тушы» дегеніміз тым тарлық етпей ме?

– Археологтар қазғаннан кейін бір­неше мың жыл бойы әлденеше жер қыртысының астында жатқан жәдігер, айталық, адамның сүйегінен бастап, оның әшекейі, киімі, ыдыс-аяғы, ат-әбзелі, қару-жарағы топырақ-құммен, лай-бат­­пақпен араласып, адам түсінбейтін пі­шінде жатады. Ол топырақ шөгіндісі ме, әлде қаланың қирандысы ма, ағаш па, темір ме – адам айы­ра алмайтын белгісіз зат. Оның не екенін анықтап, қал­пына келтіретін арнайы мекеме жұмыс істейді, дегенмен бізге келіп көмек сұрай­тын ға­лым­дар көп. Қалпына келтіру жұмы­сының ең күрделі кезеңі 1999 жылы Қазақстан, Франция және Италия, үш ел бірігіп Шығыс Қа­зақ­стандағы Берел қорғанын қазған кезде көрінді. Алтайдан табылған қазба жұмысының басына бар­сақ, лай аралас топырақтың арасында бірі шіріп, бірі сақталған ат пен адам­ның сүйектерімен бірге түсініксіз тағы біраз нәрсе жатыр. Бұған қоса, тастан, сүйектен, алтыннан жасалған әше­кейлер, қару-жарақ, бірнеше ат, оның әб­зел­дері, еркек пен әйелдің киімдері бар. Тоң ішінде мумияланып, «мұрты да­ қисаймай» мың жылдардан соң аман жет­кен байлықты қалай да сақтап қалу керек еді. 

Француздардың кеңесімен кеңестік рефрижератор тоңазытқыш алдық. Тоңа­зыт­қышқа тиеп біздің зертханаға әкеле жатқан жолда рефрижератор сынып, ішінде мұз болып қатып тұрған берелдік жәдігердің суы еріп, тамшылап аға бас­тады. Француз археологтары көрген бетте, «бұдан енді ешнәрсе шық­пайды» деп түңіліп, қолдарын бір-ақ сіл­теді. Көз алдымызда айырылып қалғалы тұр­ған жәдігерлерге ішіміз удай ашып қарап, ақырғы рет қоштасқандай, соңғы рет суретке, фильмге түсіріп, керекті мәліметті алдық. Жәдігердің едәуір бөлігі тап әлгі жерде-ақ жарамсыз болып қалды. 

– Жиі барып жұмыс істегендіктен, Эрмитаждың сіз үшін өз үйіңіз секілді бо­лып кеткені белгілі, Луврда жұмыс іс­­те­ген жылдарыңыз да жеміссіз бол­­ма­ған екен, соның арқасында «Қырым ара­­лының» өз ноу-хауы дүниеге келген бо­лар?

– Әрине өз технологиямызды ойлап тауып тығырықтан шықпасақ, шетелдің сұраған бағасы онсыз да жұқа қалтамызға салмақ салатын болды. Себебі ол кезең­де, тоқсаныншы жылдардағы алмағайып ауыр күндерден енді-енді ес жиып келе жат­қан елімізде археологияға ақша қай­дан табылсын? Реставрация ісіне қа­жетті жабдықтың соқа басының өзі жүз­деген миллион тұрады, оны іске қосып, жұмыс істейтін ғалымдар, мамандар жә­не керек. Осының бәрін есептей келе, су­­ мен спиртті қосып, өзіміздің қос­па­мыз­ды дайындап шығарудан басқа ама­лымыз қалмады. Құрамы қарапайым қоспамыздың заттарға тигізетін еш зия­ны жоқ, керісінше, мәңгілікке сақтай ала­тын күшке ие. Бұл ойлап тапқан әдісіміз шетелдікіне қарағанда әрі арзан, әрі тиімді, ең бастысы, мұражайда сақтауға өте қолайлы болып шықты.

Мұражайда да ауаның ылғалдылы­ғын, құрғақтығын, жалпы температурасын қадағалайтын арнайы аппараттары болады. Техника болғаннан кейін олардың өзі де уақыты жетпей шетінен сынып, істен шығып жататындары бар. Бұдан кейін де мейлі ағаш болсын, мейлі тері, киіз, мата, сүйек, темір болсын, әрқайсысы үшін қолданатын мұндай қоспалардың неше түрлісін ойлап шығардық. Олар үшін алынған алуан түрлі патенттеріміз бар. Енді басқа мемлекеттердегі әріптестеріміз біздің тәжірибемізден үйреніп, бізге тапсырыс беріп, Қазақстанға келіп жасататын жағдайға жеттік. Жәдігерді қалпына кел­тіру жұмысы өте ауыр кезеңдерден тұрады,  алдымен материалды рентгенге түсіреміз, томографиясын жасаймыз, анализдерін аламыз. Әр жәдігерге жеке-дара әдіс қолданамыз, біріне сұйық қоспа, біріне қоюырақ, біріне азырақ, біріне көбірек дегендей, қай әдісіміз лайық келеді, соны пайдаланамыз. 

Біздің жұмыс істеу тәсіліміз тура ме­дицинадағыдай. Науқастың тарихына арнап парақша ашатын емханадағы сияқты әр жаңадан табылған жәдігер үшін жеке төлқұжат ресімделеді, одан 30-40-қа жуық анализ алынады, диагнозына қарай қандай ем қолданылатыны анықталады. Көп жәдігерлердің бұзылмай сақталып қалуына барынша күш салдық. Тез бұ­зылып кететін тері, мата, киіз секілді материалды сақтап қала алмасақ, олардың жанындағы негізгі компонент – сүйек, ат әб­зелі, қару-жарақтар түсініксіз болып қалады. Мұның бәрі бір дәуірдің тарихи шындығын көрсететін, бір-бірінен бөліп-жарса, мәнінен, шындығынан ажы­райтын тұтас кешенді жәдігер. Жай жәдігер ғана емес, ақпарат тасымал­даушы құрал. Бір-бірімен тығыз бай­­ланысты жәдігерлерді қалпына келтір­генде, әрқайсысы өз орнын тауып, ті­зіліп, өздері туралы сөйлей бастайды. Әше­кей болсын, ат әбзелі болсын, әр­қайсысы өз алдына жеке бір дас­тан. Қарап отырып оқуға болады. Әрбір аң, оған жалғанған қанат құдды жа­зу сияқты қызықты сыр шертеді. Тарих­шыларымыз оқи бастағанда, мәде­ниетіміз бен тарихымыздың жаңа парағы ашылып, ғылым көкжиегі кеңейе түседі. 

– Жақында сіздер «Үржар сәуе­гейі» ат­ты өте сирек кездесетін жәдігер­ді Ұлт­­­­­­­тық музейге орналастыр­ды­ңыз­­дар.­ ­Үр­жар­лық ханшайымның сәуе­гей­ бол­ғанын, дәрігер екенін қан­дай­ дәлелге сү­йе­ніп айтып отырсыз? Ғы­лы­мның дәл­дікті сүйетінін білеміз, бі­­­рақ мұнша­ма батыл байлам жасау үшін қандай себеп­терді атайсыз?

– Үржарлық сәуегей әйел Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолын жасап жат­қан кезде кездейсоқ ашылды. Жолды кеңей­тіп қазып жатқан жұмысшылардың күрегі басқа түсті топыраққа тіреліп, 3 метр тереңдікке түскен кезде тас қо­рапқа кездескен. Тастардың арасы лаймен бітеліп жапсырылған, ішіне кіретін саңылау жоқ. Өрмекшінің торынан өзге бір түйір топырақ та түспеген. Ал­­ғашында біз оны алтын адам деп ойл­адық. Бірақ рентгенге түсіріп зерттей келе, мұның басқа адам екенін біл­дік. Мұндай байлам жасау үшін әлбетте, ең алдымен, әйелдің жанынан табылған заттарға сүйенеміз. Біз үржарлық әйел­ді зертханамызға сол саркофагта жат­қан күйінде топырағымен бір-ақ көте­ріп алып келіп, зерттеу жасадық. Ана­лиздері, томография, рентген нәти­желерінің бәрі осы сауалға өзі-ақ жауап беріп, көкейдегі көп күмәнді сейілтті. Қаңқа сүйектің жан-жағында алуан түрлі дәрілік шөптер, неше түрлі өсімдіктің тұқымдары жиналып тұр. Әйелдің бас киімінде таза алтыннан жасалған папоротник жапырағына ұқсас  қауырсын қанат тәжі бар және қолына да дәл осы жапырақты ұстап жатыр. Тіпті бұл жа­пырақты рентгенге түсіргенде ұлу сияқ­ты айналып, енді ғана бүр жарып келе жатқан балғын күйінде көрінді, ал мұн­дай өрнек бұрын да кездескен болатын. Біз осы уақытқа дейін оны өрнек деп ойлап келдік, ал оның жаңадан бауырын жазып келе жатқан жапырақ екеніне тек осы жолы көз жеткіздік. Бұл жапырақ ту­ралы мәліметті жинақтай келе, оның «жүз бір түрлі» ауруға шипа екеніне көз жет­кіздім. Онымен емдеуге болады, оны тамақ ретінде пайдаланады, оның апиын секілді миға әсер беріп, көңілді көтеретін қасиеті бар.

Оны айтасыз, бұдан да батылдау ойымды дәйектеп айтайын, сәуегей әйел ақсақ болған. Ол емін орнынан тұр­май, отырып жасайтын. Жасы 18 бен 25-тің аралығында. Әйел өмір сүр­ген кезеңдегі жерлеу салтын еске түсір­сек, егер ол патша болса жанында қызмет­шілері, нөкерлері, қымбат заттары, жауын­гер болса қару-жарағымен бірге жер­ленетін болған. Дәстүрге сай бұл әйел де ағаш­тан, қыштан жасалған тостаған-табақтарымен, от жағып, дәрі қайнатуға арналған кішкентай ғана төртбұрышты темір қазандығымен, емдік шөптермен бірге жерленген. Осының бәрін зерттей келе, басына киген алтын тәжін есеп­ке ала отырып, бұл әйелді қоғамда биік мәртебесі бар, шөппен емдейтін емші деп ұйғарым жасауға тура келді. Кон­сер­вациясын, реставрациясын, реконструкциясын, музификациясына дейін жасап, толықтай қалпына келтірдік. Ғылым үшін бұл өте маңызды жаңалық.

Қазір Ұлттық музейде тұрған «Үржар сәуегейін» тамашалауға келіп жатқан көптің қарасы қалың. Біз бұған дейін талай археологиялық қазба жұмыстарына қатыса жүріп, бұрын-соңды дәл мұндай дәрігер, емші, балгер болған жәдігерге жо­лыққан жоқ едік. Әрине соңғы сөзді тек біз ғана айтпаймыз. Келешекте біз­ден кейінгі ғалымдарымыз тағы да ана­лиздерін алып, тереңдетіп зерттей түсуі үшін консервациясын жасап, әрі­ қарай зерттеуіне мүмкіндік беріп отыр­мыз. Басқа ғалымдар да өз пікірін айт­сын. Тарихшылардың болжамы бо­йынша, біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ-ІV ғасырларда өмір сүрген «Үржар сәуегейінің» басқа да құпиясы болса, ашсын, ғылымға жаңалық енгізсін, ол үшін барлық жағдайды әзірлеп қойдық.

– Соңғы жылдары интернетті ашып қалсақ, «сүйінші, алтын адам та­был­ды» деп алақайлаған хабар­дан аяқ алып жүре алмайтын болдық. Алайда, мемлекетіміздің символы болып отырған «Алтын адам» бізде біреу ғана, ол – Есік қорғанынан та­был­ған Сақ ханзадасы. Сол та­был­ған алтын адамдарға атау беруде­гі археологияның асықпайтын самар­қаулығы, бізді алаңдататын жағдайға жеткізіп отыр. Соларға «Сармат ханшайымы», «Үржар сәуегейі» секілді әдемі атау сыйлауға не кедергі?

– Есік қорғанынан табылған алғашқы ал­тын адам ғылымдағы жаңа дәуірдің есігін ашқан Қазақ елінің баға жетпес бәсіре жетістігі, ұлттық байлығының басы  болғандықтан қатты қуанған Ке­мал Ақышевтің өзі де, күллі Қазақ елі де бірден оны «Алтын адам» атандырып жіберді. Ханзаданың киімі тұтас ал­тынмен қапталған, сондықтан алтын атандырмасқа амалың да жоқ. Бірақ осы «Алтын адам» деген атаудың өзі маған дұрыс емес секілді көрінеді. Осы үрдіспен кейінгі табылып жатқан жәдіг­ерлерді де археологтарымыз алтын деп атап жатыр. Себебі олардың да әшекейі, қару-жарағында, киімдерінде өте көп алтын бар. Сондықтан археологтар да өзінің тапқан қазынасына мақтанып, сондай дәрежеге жеткізгісі келетін алып-ұшқан көңілінің әсерімен осылай атауға асығады деп ойлаймын.

Алтын адамдар неге көп? Өйткені қазақ жерінде қай заманда да алтынның  қоры көп болған. Алтын осы аймақта мекендеген мемлекеттердің экономикасынан да, мәдениетінен де көрініс тапқан. Бұл – бір. Екіншіден, басқа органикаға қарағанда алтын шірімейді. «Алтын адам­нан» кейін тоналмай осы күнге аман-есен жеткен алтын жәдігер Батыс Қазақ­стан облысындағы Тақсайдан табылған «Алтын ханшайым». Қолында айнасы бар, жанында тостағаны бар, айналасына өте ықпалды, беделді сәуегей әйелді сирек кездесетін жәдігерлердің сана­тына жатқызуға толық негіз бар. Дәл осындай алтын адамдар Ресейдің Орын­борынан, Тывадан да табылып жатыр. Заманында мұның бәрі де бір-ақ мәдениет, бір мемлекет болған. Архео­логия мен тарих осынысымен қызық.

– Археологтармен бірге қазба жұ­мыс­та­рын жүргізе жүріп, жүздеген жәді­гер тауып, қайта қалпына кел­тірген жәді­герлердің ішінде сізді ерекше таңғал­дырғаны қайсы?

– Археология – ұжымдық жұмыс. Ол ұжым­ның төңірегіне әртүрлі бағытта ізденіп жүрген табиғаты да, ізденетін тақырыбы да ұқсамайтын ғалымдар топтасады. Мұны жалпақтау тілмен түсін­дірсем былай: ғалымдар тарих үшін қажетті дәлел, әлдеқандай ғылы­ми тұжы­­рымды дәйектейтін түйін із­дейді. Тапқан дүниесін бізге алып келе­ді. Біз сараптамасын әзірлеп берген соң ғалымдар әрі қарай ізденісін жалғастыра береді. Алтын адамдармен жұмыс істеу реставраторлар үшін қиын емес, ең қиыны – органикамен жұмыс іс­теу. Ол тез бұзылады. Жердің астында жүз­жылдықтарды жас­танып жат­қан жәдігер қазылып алған соң күн сәу­лесі түскенде жарты-ақ сағаттың ішінде бүлініп кетеді. Демек, мамандарды дер кезінде шақырмағаннан кейін алтыннан басқа органика заматта құм болып үгітіліп кетеді. Себебі ға­сыр­лар бойы жердің астында жатқан жә­дігер судың, ылғал­дың арқасында ғана сақ­талып тұрады, ал ол күн сәулесімен құр­­­ғай бас­та­ғанда, іске алғысыз  болып қалады. 

Археология тереңіне бойлатып, тылсымына тарта беретін ғажайып ғылым. Мысалы, құпияға толы, мәңгі тоң басқан Берел қорымынан табылған 2500 жыл бұрынғы ер-тоқымның жасалу технологиясын алайықшы. Негізі жастық тәрізді, ішіне жүн немесе шөп толтырылған, оның бетіне мата тартқан, оның сыртына киіз, киіздің үстінде мықты жіптермен асқан шеберлікпен аң, құс, гүл бейнесіндегі әде­мі нәзік өрнек іздерін қуалап кес­те тіккен. Әрқайсысына асықпай жеке-дара үңілсең, кино көргендей боласың. Осы жылқылардың арқасында ежелгі сақ­ тайпалары коммуникациялық мә­де­ниет қалыптастырды. Алғашқы арғы­мақтар осы жерде қолға үйретіліп, бас­қа құрлықтар жылқыны білгенімен, императорларға тарту ететін, үйретілген, адамға, тіршілікке қызмет ететін аттарды осы аймақтан сатып алды. Ғылым үшін, біздің келешегіміз үшін керекті бай дү­ние бұлар. Осы жәдігермен-ақ тұтас бір дәуірді, оның мәдениетін толықтай дә­лел­деп шығуға болады. Осыны сақтап қалғанымызды үлкен жеңіске балаймын. Біз заманауи технологияның күшімен көне жәдігерлерді зерттеп жатырмыз, ал бүгінгі техникаңыздың өзі күн са­йын­ емес, сағат сайын жетіліп бара жатыр емес пе? Сондықтан мені таң­ғалдыратын дүние әлі ашылмаған, алда кездесетін дүние деп білемін.

Астанадағы Ұлттық музей алғаш ашыл­ған кезінен бастап үш жылға дейін «Ұлттық музейге сый тарту» атты акция жүргізіп, облыс­тағы, аймақтағы музей­лерден, жеке тұлға­лардан 3000-нан астам жәдігер жинап, қорын құн­ды қазыналармен толық­тырғаны есі­мізд­е. Жаңа тұрпатты му­зей қорын толық­тырудың бұдан басқа қан­дай жолын көресіз?

– Астанадағы Ұлттық музейге біраз жәді­герімізді біз де сыйға тарттық, тарту еткен сол бағалы заттардың көпшілігі біз­дің зертханада қайта қалпына келті­рілген болатын. Қалыптасқан музей­леріміздің өзі оған жәдігер апарып сый­лайтындай жағдайда емес, себебі қолындағы бар баға­лысын, бар асылын кезінде Мәскеу мен Ле­нин­градтың  музейлері өз­деріне иеленіп алды да, жұтаңдау болып қал­ған музейлеріміз бертін уақыттан бас­тап қана дами бастады. Музейге сол ға­сыр­дың жаңғырығын, үнін құлаққа жет­к­ізіп, еле­сін көз алдыға әкелетін тірі дүние керек. Кез келген музейдің, кез келген жәді­гердің қайталанбайтын  аурасы, өзі­не ғана тән энергетикасы болады. Өзі орна­лас­қан қаламен бірге мәдениет пен тарих ес­керт­кішінің жанын музей ғана жасай алады.  

– Археология мен аруақтарды бай­ланыс­тыруға қалай қарайсыз? Тыл­­сым­нан тон пішіп, шындық таны­ғысы келе­тіндер бар. Бұған не дейсіз?

– Мұндайды менің де құлағым шалады. Берелді ашқаннан кейін, басқа қор­ған-обаларды қазғаннан кейін де табиғат өзгеріп кетті, өлім-жітім, ауру-сырқау көбейіп бара жатыр дегендей қи­сынсыз әңгімелер айтылады. Жалған сөз. Егер мәселеге дәл осы көзқараспен қарайтын болсақ, онда алдымызға қой­ған сұрақтарға жауап бере алмаймыз. Өйт­к­е­ні сол сұрақтардың жауабының бәрі сол жәдігерлермен бірге көмулі жатыр. 

– Қазақстандық реставратор­лар­дың саны өте аз, қатарының қа­лып­тас­­пай отырғанын немен түсін­­­­діруге болады?

– Реставратор деген кәсіп иесі Қазақ­­стан түгілі бүкіл әлемнің өзінде көп емес. Шетелдік реставраторлармен жыл сайын бірнеше мәрте халықаралық ғы­лыми конференцияларда бас қосып тұра­мыз. Бір-бірімізді жақсы танимыз. Сол жиын­дарда баяндама жасап, шеберлік сағаттарын өткізіп, бір-біріміздің алдымызда есеп береміз. Біздің жұмысымызда құпия  болмайды, себебі бұл жұмыспен бизнестің қатысы жоқ. Керісінше, бір-бірімізге көмектесуге тырысамыз. Кез келген елдің археологиясында табылған құнды жәдігер басқа елде баламасы жоқ,  жалғыз-ақ дана болуы мүмкін. Рас, ал­ғашында жас балалар реставраторлық кә­сіп­ті үйренгісі келіп шеберханамызға құл­шынып-ақ келеді. Бірақ мына шіріп жатқан дүниелерді көргеннен кейін, бір өзінің химик те, медик те, суретші де, зергер де болатынын білгеннен кейін, мынау сөрелерде кірпіш секілді қаланып тұрған кере қарыс кітаптардың бәрін тауысып оқуға тура келетінін, жұ­мыс­тың майдан қыл суырғандай ас­қан шеберлікпен сабырыңды сарқып оты­рып істелетін жұмыс екеніне көзі жет­кеннен кейін түрі бұзыла бастайды да, ақыры қолын бір-ақ сілтеп кетіп қалады. Аз ақшаға осынша ауқымды жұмыс істегісі келмейді және ең қызығы, ол атқарылатын жұмыстың қашан аяқ­­талатынын ешкім де дөп басып айта ал­майды.  Бұл жұмыс не үшін керек, ай­налысудағы мәні не, ол ақпарат кім үшін, не үшін керек – осы сұрақтардың жауабын білсеңіз және соның ақырғы нәтижесіне сенсеңіз ғана, шұғылдануға болады. Ал бүгінгі күндегідей тез ақша та­уып, тез байығысы келетіндерге бұл­­­ кәсіп­­пен шұғылданудың қажеті жоқ.­ Бұл тек біздің елге тән жағдай емес,­ Эр­мита­жыңызда да осы жағдай, бас­қа мем­лекет­т­ер­дегі қалпына келтіру жұмысын­да да осы қалып.

– «Қырым аралында» тұтас динас­тия­­ның жұмыс істеп отырғанын біле­міз, бұл «жат жарылқамайдының» кері ме? Арал­дың қожайыны жұмыс бары­сында қандай ұстанымға ден қоя­ды?

– Әйелім, қыздарым бұрыннан осында жұмыс істейді, жалпы бұл «аралды» 15 адам мекендейді, көп жылдардан бері көне ғасырлардың жәдігерлерімен бірге өмір сүріп келеді. Бәрі де осы кәсіпке маманданған. Көпшілігі – ғалымдар. «Қы­рым аралы» – көне тарих мекені. Жұ­­­­мыс­та тек адалдық пен кәсібилікті та­лап етемін. Күрделі әрі қиын жұмысты ат­қару үшін төзім де қажет. Бұлар болмаса жалғыз өзім не істей аламын, қа­лай бәріне үлгермекпін? Мен тек ба­ғыт бере­мін, үйретемін. Қаншама жыл­дардан бері бірге жұмыс істеп келе­міз, бірақ осы уақытқа дейін бірде-бір жәді­гердің «басынан бір тал шашы түскен» емес, ол кәсіби мамандардың арқасы. Консервациясы мен реставрациясын жасап, шетінен музейлерге өткізіп отырамыз. Халық тамашалап, ғалымдар зерттеуін жүргізіп жатыр, өз кәсібіне адалдықпен қарайтын адамға бұдан басқа не керек?

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ