Ақылын жетекші, қиялын көмекші еткен қос жігіттің ойлап шығарған құрылғылары да ерекше. Он алты жастағы Дулат Әміржан бүгінгі таңда Астана қаласы №73 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы. Ол қарапайым қолмен итеру арқылы жүргізетін мүгедектер арбасына автоматтандыру қондырғысын ойлап тапқан. Арбаға орнатылған құрылғы мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін қозғалуына мүмкіндік бермек. Дөңгелекті айналдыратын екі қолдың қызметін енді бар болғаны үш тетік атқарады.
«Екі аяғы бірдей сал болып қалған мүгедек жандар арбаның доңғалағын қос қолымен итеріп жүргізетіні белгілі. Ал менің құрылғымды қолдану арқылы оларға жеңіл әрі жылдам қозғалуға мүмкіндік бар. Автоматтандырылған арбаны әлемдік нарықта шығаратындардың бағасы − тым қымбат. Оның ең арзаны − 200 мың теңге. Егер біз сатылымға шығаратын болсақ, өз бағасы 50-60 мың теңге болады. Бұл – тиімдірек», дейді жоба авторы Дулат.
Бір адам ағаш отырғызса, оны адам сая қылады. Бүгінгі кейіпкерлерімізде де осындай игі істің басын бастап, қайырымдылыққа қадам жасаған жандар деуге болады.
«Бұл құрылғыны дайындауға 40 күн уақыт кетті. Мектебімізде STEM зертханасы жұмыс істейді. Ол – оқушылардың өздерін шыңдауға көп көмегін береді. Бұл ретте осындай зертхананы ашып берген мектеп басшылығына және жетекшім Жанат Еркебұланұлына алғыс айтамын», дейді Дулат Әміржан.
Дулаттың ойлап тапқан құрылғысы арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандарға арналған болса, ал Әлиханның құрылғысын көз жанары көрмейтін зағип жандардың таяғына орнатуға болады.
«Бұл құрылғы зағип немесе нашар көретін жандардың көшеде жүруін жеңілдетеді. Алдағы бөгетке бір метр қалғанда роботталған таяқ дыбыс шығарып, белгі береді. Қашықтықты компьютер арқылы реттеуге болады. Құрылғы қашықтықты 5 метрге дейін сезе алады. Оның өзінің бағасы 5 мың теңге. Егер оны өндіріске шығаратын болсақ, 13-15 мың теңге шамасында болады. Мен Павлодар қаласының тумасымын. Сол қалада тұрғанда үйіміздің жанында «Зағиптар қоры» болды. Күн сайын таяқ ұстаған жандарды көріп, оларға көмектескім келетін. Сол ой осындай құрылғы жасап шығаруыма түрткі болды», дейді Астана қаласындағы №73 мектеп-лицейінің оқушысы Әлихан Рахметов.
«Нұр Отан» партиясы жас өнертапқыштар арасында өткізген республикалық «NURINTECH» инновациялық жобалар байқауында «Әлеуметтік маңызды инновациялар» аталымы бойынша Дулат ІІ-орынды, Әлихан ІІІ орынды қанжығалағанын да айта кеткен абзал.
Қос оқушының жетекшісі, STEM зертханасының мұғалімі Жанат Еркебұланұлы аталған зертхана 2018 жылдан бастап жұмыс істейтінін, оған 1-10 сынып оқушыларынан 40 шақты өнертапқыш балалар аптасына екі мәрте қатысатынын жеткізді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Egemen Qazaqstan»