Бұл мақалада 1942 жылы, Екінші дүниежүзілік соғыстың қызып тұрған шағында Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тарапынан Ілияс Жансүгіровтің жеке архивіне жүргізілген екінші тәркілеу туралы айтылады. Бірінші рет 1937 жылғы 11 тамызда ақынмен бірге тұтқындалған құжаттар тізімі мен мазмұны көзіқарақты көпшілікке аян.
«...Барлық бөлме түннің жарымы ауғанша тінтіліп, Ілиястың кабинетіндегі барлық қолжазбаны кітаптарымен бірге алып кетті. Тек террасадағы архивтер сақталатын үлкен сары шкаф жайлаудан қайтқан жүктермен жабылып, көрінбей, тінтілмей қалды...» (Ф.Габитова, «Алыптар тағдыры», 117-б.).
Ілияс архивінің ізіне түсуіміз қиыншылықтары мол тоқсаныншы жылдары, Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіровтің музейінде осы мақала авторының директорлық қызметін атқарып жүрген кездерден басталады.
Жаппай мәдениет мекемелерінің қысқарып немесе жабылып жатқан кезі, музейде бір ғылыми қызметкер, бір қараушы, бір күзетші жұмыс жасайды. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде, «аса құпия» айдарымен жұмыс жасап келген бұрынғы КСРО және одақтас республикалардағы архивтердің жаппай жариялылықтың арқасында қолжетімді болуы ақынның қазасына байланысты толғандырып жүрген беймәлім жағдайлардан хабар берді.
Бірінші кезекте, Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне өтініш-хат жолданды. Қазақ КСР МХК қызметкері Виктор Владимирович Локтевтің түсіністігінің арқасында көп күттірмей 1991 жылы 23 сәуірдегі №11/527 жауап хатымен – Ілияс Жансүгіровті ату жазасына кесу жайлы үштік үкімінің көшірмесі және І.Жансүгіровтің 1938 жылы 26 ақпанда атылғандығын растайтын анықтаманың Мәскеуде, Кеңес Одағы МХК Орталық архивінде сақтаулы екендігінен хабар келді.
Әрине бұл құжаттар төбемізден жай түскендей әсерге бөледі. Солай болғанмен, ақиқатты соңына дейін анықтауды мақсат тұтқан келесі сұраныс хатымыз Мәскеудегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Орталық архивіне жолданды. Көп күттірмей Мәскеуден, Республикааралық қауіпсіздік басқармасынан жарты ғасырдан астам «аса құпия» айдарымен сақталып келген 2 (екі) құжаттың көшірмесі келіп жетті.
Бұл құжаттар (анықтама, үкім актісі) Жансүгіров Ілиясты ату үкімінің 1938 жылғы 26 ақпанда Алматы қаласында орындалғанын растап берген анықтама және Үкімді іске асыру актісі. Анықтамада аталған құжаттардың Кеңес Одағы НКВД ерекше архивінің 1-ші арнайы бөлімінде (8-том, 452 п.) сақталып отырғандығы көрсетілген.
Үкім актісінде – Қазақ КСР Ішкі істер наркомы Реденстің атына, ату жазасына кесілген, аты-жөндері көрсетілген 37 адамның үкімін орындауға бұйрық беру туралы, үштіктің төрағасы А. Горячевтің өтініші. Осы өтініш-құжаттың бұрыштамасында «үкім тез арада орындалсын» деген Володьзконың қойған қолы тұр.
Бұл құжаттар қалың қазақ жұртшылығын түршіктірген сұмдық және қаралы хабарлар санатында Талдықорған облыстық «Жерұйық» және «Заря коммунизма» газеттерінде және басқа басылымдарда жарияланды. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай, бірнеше хат-өтініштерден және жеке кездесулерден кейін музей қызметкерлері таныссын деген нұсқаумен Қазақстан Республикасы МХК Талдықорған облысы бойынша басқармасына І.Жансүгіровтің «Іс қағаздары» келіп түсті. Іс қағазындағы құжаттармен белгіленген қатаң тәртіпте танысып шыққаннан кейін өтінішіміз орындалып, музей экспозициясында көрсетуге сегіз құжаттың көшірмесіне арнайы рұқсат алынды. Сонымен бірге І.Жансүгіровтің «Іс қағазынан» әңгімеге арқау болып отырған 1942 жылы тәркіленген архивінің тізімдемесі табылды. 90-шы жылдардың басында қалыптасқан түрлі себептерге байланысты және зерделеу қажеттілігімен архиві жарияланбай қалды.
«Іс қағазындағы» мұрағат тізімдемесін орыс тілді адамның асығыс түрде, түсініксіздеу жазғаны бірден байқалды. Танысып шығуға берілген уақыт та шектеулі еді, сонымен бірге тез арада көшіріп жазып алу керек болды. Сондықтан кейіннен түпнұсқа тізімдемедегі шығармалардың атауларын, авторларын және баспадан шыққан жылдарын салыстырып отырып, дұрыстап жазуға тура келді. Ілиястың балалары Саят, Үміт, Ильфа, Болаттан әкелерінің мұрағаты туралы естеліктер жазып алынды. Әкесімен тұңғыш және ақтық рет кездесуі түрмеде өткен, анасының ұлын аман сақтап қалу мақсатымен қаншама жылдар бойы «Габитов» болып келген Жансүгіров Болатпен болған әңгімеден (27.07.1994) ақынның мұрағатына байланысты келесі нұсқалық деректерді түйіндедік:
«...Мать завещала архив мне, когда она умирала (1968 г.) архив остался у Азата (на Фонфизине). Так как у меня не было возможности для хранения, архив остался у Азата, некоторые вещи я забрал для себя, 5-6 книг, в их числе рукописи «Көбік шашқан» (№27), «Қызыл жалау» (факсимиле отца ).
1970 году в доме произошел пожар и в связи с этим по согласованию детей весь архив забрала к себе Ильфа. Затем сдала в архив. Мать рассказывала что целый сундук книг отца хранились на чердаке (во время ремонта). Его не тронули. Когда в тот дом переехал М.Каратаев, мать увидела как листы «Бақытты Жамал» валялись в грязи во дворе. Это произведение было ответным на «Бақытсыз Жамал» М.Дулатова. У Саята на руках «Тысяча песен...» Затаевича с дарственной надписью...».
Осы арада айта кететін бір жайт, Болат ағамен болған әңгімеден кейін көп күттірмей Алматыға кездесуге барып, жоғарыда айтылған ақынның «Көбік шашқан», «Қызыл жалау» қолжазбаларын және өмірі мен мұрасына байланысты басқа да материалдарды музейге әкелдік. Аталған қолжазбалар араб қарпінен аударылып, тұңғыш рет толығымен баспасөз беттерінде жарияланды, музей қорына тапсырылды, ғылыми айналымға енді.
Жүйелі түрде жан-жақтан жиналған мәліметтерді қорытындылағанда ақын архивінің үш бөліктен құралатындығы анықталды.
Бірінші бөлігі – 1937 жылы 11 тамызда Ілиястың өзімен бірге қолды болған кабинетіндегі жеке және түрлі мазмұндағы құжаттар, 15 қолжазба дәптері, 4 папкадағы еңбектері, кітаптары және т.б. Сондай-ақ жан жары Фатима Болатты босанып, перзентханада жатқанда пәтерлерінен далаға лақтырып тасталған, парақтары шашылып қалған қолжазбалары («Көбік шашқан», «Құрманғазы», «Мақпал»). Осы арада, жалпы Ілиястың қолжазба дәптерлерін нөмірлеп отырғандығын, қолжазбаларының жалқы емес, 2-3 нұсқада кездесетіндігін замандастарының жиі айтатындығын еске алған жөн.
Екіншісі – Ілиясты тұтқындаған түні жайлаудан келген заттармен жабылып, тінтуден аман қалған террасадағы үлкен сары шкафта сақталған архив. Қоғамдық ортада жиіленіп бара жатқан жантүршігерлік оқиғалардың алды-артын байқаған Ф.Габитова алдымен балаларын және жан жарының архивін сақтап қалудың жолын қарастырып, сол кезде Ішкі істер комиссариатының органдарында жұмыс істеп жүрген немере інісінің көмегіне жүгінеді. Ілияс тұтқындалғаннан кейін, бірден балалары – Азат, Үміт, Ильфаны Хуппи тәтесімен және үлкен сары шкафта сақталған архивті Қапалға аттандырады. Халық жауының отбасы санатында бірінші рет Семейге (1938 ж.), одан кейін Меркеге (1942 ж.) айдалады, қандай жағдайда болсын асқан қайсарлықпен балаларын жетімсіреткізбей жанында ұстайды. Екінші айдалудан оралғанға дейін ақынның үлкен сары шкафта сақталған архиві Қапалда, Усман Жылқыбаевтың сарайында сақталады. 1949 жылы Алматыға оралған Ф.Габитова Қапалдағы ақын архивін дереу өз қолына алдыртып, барлық мұрағатын жинақтап, қалпына келтіруге ерен еңбек жасайды. 1937-1942 жылдары руханият тәркілеуін бастан өткерген және ақын мұрағатының ұлттық мағынасын, қадыр-қасиетін барынша тереңінен түсінген Ф.Габитова 60-жылдары ҚРОММ-да І.Жансүгіровтің жеке қорын ашады. Бүгінде осы мұрағатта Ф.Габитованың және қызы Үміт Ілиясқызының жеке қорлары жұмыс істейді.
Ақын мұрағатының үшінші бөлігі − 1942 жылы кәмпескеленген мұрағаттың тізімдемесінен айқындалады, осы жолы негізінен кітаптары тәркіленгендіктен шатырдың астындағы сандықта аман қалған кітаптары мен қолжазбалары бірден еске түседі.
Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тұтқындаған осы архив Ілияс ақталғанға дейін тар қапаста, құрсауда қозғалыссыз жатады. 1957 жылы 12 сәуірде Кеңес Одағының Жоғарғы соты әскери коллегиясының анықтамасымен І.Жансүгіров «...ісінде қылмыс құрамы болмағандықтан ...» ақталады. Осыған қарамастан, кеңестік жүйе бұдан былай да ақынның тағдыры мен мұрасына байланысты бар жағдайларды бұрмалап отырғанын деректер мен дәйектерден білеміз.
Әке мұрағатының табысуы туралы қызы Ильфа былайша еске алады.
«...В начале 80-х мне позвонили по поручению Бижамал Рамазановой (она возглавляла Главное архивное управление при СМ КазССР) и сказали, что нашелся архив Ильяса, вернее его часть. Оказывается, два года назад в доме по улице Комсомольской умер старик Голубятников (фамилию могла перепутать), работавший ранее в органах НКВД. Старик жил одиноко, без родственников и друзей, а после смерти люди обнаружили много рукописей на арабском и латинском. Они обратились в ЦГА РК, оттуда прибыли специалисты, бумаги перевезли. Исследователи обнаружили, что это архив Джансугурова. Кстати, в нем была рукопись «Ақбілек» Жусупбека Аймаутова, арестованного гораздо раньше 1932 году. Мне показали расписку Голубятникова, которая свидетельствовала о том, что он являясь следователем по делу Ильяса, подверг уничтожению его архив путем сожжения... Что заставило работника НКВД спасти рукописи отца, аймаутовский роман? Но этот подвиг русского человека не может забыт нами». (И.Жансугуров: Документы, письма, дневники... Алматы, 2006. 13 с.).
Осындай тарихи хикаямен бостандыққа шыққан, 1942 жылы тәркіленген әке мұрағаты – кітаптары мен қолжазбалары 80-жылдары балаларына және туған халқына аман-есен оралады.
Ақынның іс қағазындағы тізімдемені 10 томдық «Шура» журналы (1908-1918 ж. ж.) бастайды. Бүгінде бұл журналдың 1911-1917 жылдар аралығындағы №23-24 нөмірлері, жеті томы Талдықорғандағы музейінің экспозициясында, қалпына келтірілген ақынның кабинетіндегі кітап шкафында орналасқан. Журналды Орынборда, «Вакть» газетінің қосымшасы етіп шығарушысы Ризаэддин уфалық Фәхредденов. ХХ ғ. басында жаңа көзқарас-пікірдегі басылым санатында болған журналды алдыңғы қатарлы қазақ азаматтары іздеп оқыған.
Өмірінің соңғы күндеріне дейін кітап оқуды, жинауды, әдебиетпен айналысуды сүйікті ісіне айналдырған Ілиястың өлең-жырға құмарлығы қолына түсірген Абайдың тұңғыш кітабынан және Б.Сыртановтың әлемдік деңгейдегі зор кітапханасынан басталғанын өмірбаяндарында әңгімелейді. Ілияс өзі айтқандай, кеш болса да өмір-өлеңге көзін ашқан Абай шығармаларынан бастап, сол кезеңдерде өздерімен бірге қудалана бастаған Алаш азаматтарының және замандастарының маңдайалды шығармаларын кітапханасында жинақтаған. Ілияс кітапханасының жеке мөрі болған, оны Талдықорғандағы ақын музейінде сақталып отырған «Абай» (г.Алашь, редакция журнала) журналынан көруге болады. Журналды оқу барысында қызыл және көк қарындашпен қойып отырған белгілері де осында. Қазақ тарихына және әдебиетіне байланысты ескіліктің құнды кітаптарын талмай іздеп оқығанын, шығармаларында қолдану әдістерін ұзақ әңгімелеуге болады. Қолжазба дәптерлеріне ұнаған дүниелерді жазып алып оларды түптеу, көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу дәстүрін ұстанушылардың бірегейі Ілияс болған.
«...Жанына жаққан нәрсенің бәрін жазып алудан жалықпайтын, Алматыға келгесін үлкен том етіп түптетіп те алды, біздерге оқуға беретін, кітап тапшы кезде көп нәрсені содан оқып беретін» деп жерлес інісі, құймақұлақ шәкірті Ғ.Орманов есіне түсірген, 1923 жылмен мерзімделген 34 дәптер әдебиет құрағын осы тізімдемеде кездестіреміз. Ақын архивімен бірге бостандыққа аман шыққан, кеңестік қоғамық-саяси ортаны селт еткізген Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» қолжазбасы, оның аудармасындағы Пушкиннің «Тас мейманы», Ш.Құдайбердиевтің еркін аудармасындағы Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны, Ә.Бөкейханұлы – Қыр баласы аударған Л.Толстойдың «Хаджимурат» шығармасы, М.Жұмабаевтың «Тарту» оқулық кітабы, А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы», Ғ.Қарашев құрастырған (Ғабдулла Мүштах бүркеншік аты) «Қазақ ақындарының басты жырлары» – (Шайыр) жинағы, «Сүйімбике», «Түрік-татар тарамы», «Борис Годуновтың» аудармасы және тізімдемеде көрсетілген басқа да басылымдар бүгінде ұлт руханиятының алтын қорында десек қателеспеген болармыз. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметіндегі азамат-ақынның халық жауларының, алашордалықтардың шығармаларын оқып және сақтап келгені бірінші кезекте, өмірдегі ұстанымынан, шығармашылық мұратынан сыр береді емес пе.
Мерзімді әдеби-тарихи журналдардан: «Шураны» (1908-1918 ж.ж.), «Қызыл Қазақстанды» (1922), «Жас қайратты» (1924), «Таңды» (1925), «Жаңа мектепті» (1927-1928 ж.ж.), «Әдебиет және сын мәселелерін», (1929); 1932 және 1935 жылдардағы «Әдебиет майданын», 1935 жылғы «Қазақстанды» кездестіреміз.
1928 жылдан бастап шыққан «Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы №1-2 тарихи нөмірлері (1932 жылдан «Әдебиет майданы»), 1931 жылғы №1 нөмірі, «Қазақстанның» 1935 жылғы №1 және №2 нөмірлері жеке көрсетілген.
«Жаңа әдебиет» журналына байланысты ақынның 1931 жылғы 1-санында шыққан «Мен қалай жаздым?» деген мақаласы, Жансүгіров музейінің экспозициясында орналасқан 1929 жылғы 11,12-сандарындағы «Күй поэмасы, 1932 жылғы 1-санындағы «Қуат» поэмасы бірінші кезекте аталады.
«Жаңа мектеп» журналының 1927-1928 ж.ж. топтамасынан – 1927 жылғы бірінші нөмірінде жарық көрген С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасын, тұңғыш қазақ библиографы М.Дулатовтың «Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткішінің (бірінші бөлімі 1926 жылы жарық көрген) араб қарпімен жарық көрген екінші бөлімін ерекше атауға болады. Көрсеткішке қазан төңкерісінен кейін 1926 жылдың бірінші қаңтарына дейін шыққан кітаптар енген екен. Бұл көрсеткіштің жалғыз Ілияс емес, бар әдеби қауымға бағыт-бағдар болғанын жоққа шығаруға болмайды.
Сондай-ақ Ілияс алғысөзін жазған Абайдың толық жинағы (1933), С.Шәріповтің «Рузи Иран» шығармасы (1935), Георгий Николаевич Тверитин тұңғыш көркем тілмен аударған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры және т.б. Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағының және Халық ағарту комиссариатының ұйымдастыруымен Алаш азаматтары мен үш арыстың ескіліктен жинап, баспаға даярлаған асыл қазынаның барлығын дерлік осы тізімдемеден табамыз.
Ақынның іс қағазымен танысуға рұқсат алған музей қызметкерлері 1937 және 1942 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің барлығы – 171 кітабын, 54 қолжазба дәптерін, оның ішінде 1923 жылмен мерзімделген «Әдебиет құрағы» тақырыбында №1-34-ке дейін нөмірлі дәптерлерін, №35-36-37 блокноттарын, №38-39-40 қолжазба дәптерін, №41 – 1916 жылдың материалдарын, №42 дәптерін, №43 – қолжазбасын, №44 – аудармаларын, 10 папка еңбектерін,оның ішінде №45 папка – №2 әндер туралы, №46 папка – №3 туралы, №47 папка – №4 туралы, №48 папка – №5 туралы, №49 папка – №6 туралы, №50 папка – №7 пьесалары, №51 – «Ақбілек» қолжазбасы, №52 – 3 дәптер қолжазбалары, №53 – 1 папканы тәркілегенін анықтады.
Білімді, ақылды жан, сүйікті жары Ф.Габитованың және әкесінен қалған бір тілім қағаз болсын сақтап, қастерлеп, зерделеп архивке тапсыруды отбасылық дәстүрге айналдырған балаларының арқасында замандастарының арасында мұрағаты барынша сақталып қалған − Ілияс.
Кәмила ҚОҚЫМОВА,
музей қызметінің ардагері
Астана