Могул дегеніміз не?
Могул – төбешікті бөктерден тау шаңғысымен құлдилап, трамплиннен секіру элементтерін орындайтын фристайл спортының бір түрі. Қысқы Олимпиададағы ең қызықты бәсекелер тап осы могулдан өтеді. FIS ұйымдастыратын фристайлдан әлем кубогі 1980 жылдан бері жыл сайын өтіп келеді.
Алматыдағы әлем кубогі кезеңі 2018/2019 жылғы маусымдағы могулшылардың ең соңғы жарысы болмақ. Спортшының кубоктік кезеңдегі жиған ұпайлары арқылы жалпы есептегі орны анықталады. «Шымбұлақта» әлем кубогінің жетінші кезеңі өтіп, биылғы маусым қорытындысы бойынша кімдердің топ жаратын айқындалады.
Әлем кубогінің қатысушыларын төрешілер қалай бағалайды?
Могулшылар бәсекесіне жеті төреші қазылық етеді. Спортшының өнеріне баға берерде үш факторға баса назар аударылады: бұрылыстарды орындағаны үшін берілетін ұпай – 50 %, секіру элементіне берілетін ұпай – 25 %, жылдамдығы үшін берілетін ұпай – 25 %.
Параллельді могулға төрелік етуде аздаған өзгерістер бар. Жеті төрешінің екеуі секіру элементтерін, біреуі жылдамдықты, төртеуі бұрылыстарды бағалайды. Әрбір төреші 0-ден 5-ке дейінгі аралықта ұпай беріп, екі спортшының көрсеткішін бағалайды. Мейілінше көп ұпай алған спортшы жеңіске жетеді.
Қайда өтеді?
Әлемдік деңгейдегі жарысты «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені қабылдайды. Аталған курорт ТМД елдерінде ғана емес, шетелдерде де үздіктер қатарына енеді. Жыл сайын «Шымбұлақ» бөктеріне әлемнің әр түкпірінен қонақтар ағылатыны жасырын емес. 2017 жылы «Шымбұлақта» могулдан Универсиада аясындағы жарыс өтіп, біздің спортшыларымыз алтын алқа тағынған болатын. Содан бері халықаралық спорттық ұйымдар мұнда турнир ұйымдастыру сапасы жоғары екенін байқады. 2018 жылы халықаралық шаңғы спорт түрлері федерациясы могулдан әлем кубогінің финалдық кезеңін өткізуді Қазақстанға сеніп тапсырды.
Трасса қайда орналасқан?
«Шымбұлақ» тау-шаңғы курортындағы трасса «Конус» бөктерінде орналасады. Жарыс өтетін аймаққа туристер жіберілмейді. Ал «Шымбұлақта» шаңғы теуіп жүрген қонақтардың барлығы жарысты тікелей тамашалай алады.
Қашан және нешеде басталады?
Турнир 2-3 наурыз күндері өтеді. Екі күн бойы жанкүйерлер мен көрермендер әлемдегі үздік спортшылардың жарысына куә болмақ. 2 наурыз күні жекелей сындағы, 3 наурыз күні параллельді могулдағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Кубоктік доданың бірінші күнінде жарыс Астана уақытымен 09.45-те басталады. Финалдық бәсекелер 13.30-ға жоспарланған. Келесі күні жарыс 11.55-те басталады. Марапаттау рәсімін қоса есептегенде екі күнгі жарыс 15.00-ге дейін созылады.
Билет алу керек пе?
Билет алу қажеттілігі туындамады. Бар болғаны, «Шымбұлаққа» жетіп, «ски-пасс» алсаңыз жеткілікті. Өзіңізге ыңғайлы орынға отырып, үлкен экрандар арқылы жарысты тамашаласаңыз болады. Егер шынайы жанкүйер болсаңыз, трассаның жанында тұрып, спортшыларға қолдау көрсетуге мүмкіндік бар. Бұл күні басқа бөктерлерде шаңғы тепсеңіз де, еш кедергі жоқ.
Қай елдің спортшылары қатысады?
Алматыдағы финалдық кезеңде 13 елдің өкілдері бақ сынайды. Атап айтар болсақ, Австралия, Ұлыбритания, Германия, Қазақстан, Канада, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, АҚШ, Финляндия, Франция, Швеция және Жапония спортшылары қорытынды кезеңде жүлдеге таласады.
Спорт жұлдыздарынан кімдер бар?
Алматыға австралиялық Энтони Джакараның келмейтіні белгілі болды. Ол әлем кубогінің жалпы есебінде екінші орында тұрған спортшы. Энтони Хрусталь глобусқа таласа алмайды. «Шымбұлақтан» қазақ жанкүйерлері олимпиада чемпионы Микаэль Кингсбери (Канада) мен Перрин Лаффон (Франция), әлем чемпионы Юлия Галышева (Қазақстан) және 2017 жылғы әлем чемпионы Икума Хирошима (Жапония) бастаған танымал спортшыларды көре алады.
Қазақстан командасының бас бапкері Елена Круглыхина Алматыдағы додаға ұлттық құрама спортшылары толық қатысатынын мәлімдеді. Оларға тек жанкүйер қолдауы қажет.
Қазақстан командасының құрамы: Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Аяулым Әміренова, Александр Геберт, Константин Горлачев, Сергей Романов, Олег Цинн.
Алматыдағы әлем кубогі кезеңінің айырмашылығы қандай?
«Шымбұлақта» мұндай ірі спорттық оқиға алғаш рет өткелі отыр. Одан бөлек, жанкүйерлер әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазын марапаттау сәтіне куә болады. Үздік спортшыларға хрусталь глобус табыс етіледі. Екі күн бойы біздегі тау-шаңғы курорты әлемдік фристайлдың отаны болмақ.
Сондай-ақ, 2011/2012 жылғы маусымнан бері әлем кубогінің жалпы есебінде жеңіліп көрмеген канадалық Микаэль Кингсбери де жанкүйерлер үшін қызықты болары сөзсіз. Алматыда ол қатарынан сегізінші рет үздік атануы мүмкін.
Әлемдік рейтингтегі үздіктер кімдер?
Әйелдер:
1. Перрин Лаффон (Франция);
2. Энтони Джакара (Австралия);
3. Джейлин Кауф (АҚШ);
4. Юлия Галышева (Қазақстан);
5. Тесс Джонсон (АҚШ).
Ерлер:
1. Микаэль Кингсбери (Канада);
2. Бенджамин Кавет (Франция);
3. Икума Хоришима (Жапония);
4. Уолтер Уолберг (Швеция);
5. Мэтт Грэм (Австралия).
Қазақстандық Дмитрий Рейхерд жарақатына байланысты бесінші орыннан жетінші сатыға төмендеді.