01 Наурыз, 2019

Қазақ және неміс тілінде кестеленген «Сәлеметсіз бе?» сөзінің тарихы

1135 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында Алғыс айту күні мерекесіне орай шара өтті. Қала жұртшылығы облыс өңірін екінші отанына айналдырған түрлі ұлыстардың 17 этно-мәдени орталығы өнерпаздарының күшімен қойылған концертті тамашалады.

Қазақ және неміс тілінде кестеленген «Сәлеметсіз бе?» сөзінің тарихы

Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, әр ұлыс өкілдері сөз сөйледі. Жиналған жұрт концерт алдында фойеге қойылған көрмені тамашалады. Ол негізінен қазақ даласына саяси қуғын-сүргін және соғыс жылдары жер аударылған ұлттар өкілдерінің тұтынған заттары және Қостанай өңірін жайлаған өзге де ұлыстардың ұлттық бұйымдарынан тұратын еді. Көрмені қызықтаған жұрттың назары неміс диаспорасынан жиналған бұйымдар арасындағы ақ шытқа қазақ және неміс тілдерінде қызыл жіппен кестеленген «Сәлеметсіз бе?» деген сөзге ауғандай, оны қызықтаушылар көп болды. Осыны байқаған «Возрождение» неміс этно-мәдени қоғамдық бірлестігі жанындағы «Музей, мәдениет және тұрмыс» жобасының жетекшісі Вячеслав Авдеев осы ақ матаға кестеленген «Сәлеметсіз бе?» сөзінің тарихын айтып берді.

«Бұл «Возрождение» музейінің ең қымбат жәдігерлерінің бірі. Мұны Берте Ситнер деген әжеміз өз қолымен тапсырған еді. Ол кісі мұны тоғыз жасында кестелеген екен. Тарихын айтайын. 1942 жылы қаңтар айында Озерная стансасына Поволжьеден жер аударылған немістер тиелген эшелон келіп тоқтайды. Ол оншақты вагон екен. Соның ішінде 8 жасар Берте Ситнер деген қыз бала да болады. Вагонның іші азынаған суық, Саратовтан 1941 жылы қазан айында шыққан пойызда дұрыс азық-түлік те болмайды. Жолай аштықтан, суықтан көп адамдар өледі. Бертенің анасы да жолда қайтыс болады. Эшелон Озернаяға келіп тоқтағанда, оның анасының мәйіті қардың үстінде жатты. Қостанайдың аудандарынан тапсырмамен келген адамдар ат арбаға неміс отбасыларын отырғызып әкетіп жатады. Сол жерде, ата-анасы жоқ жетім қыз темір жол вокзалында бір өзі қалып қояды. 8 жасар қыз аш, тоңған үрпиіп отырады. Кеш түсіп бара жатады. Бір уақытта жанына ерлі-зайыпты келеді де, тіл білмеуіне қарағанда эшелоннан түскенін сезіп, өздерімен бірге алып кетеді. Берте Әлия мен Қанаттың қолында өседі, бой жетіп, ел қатарына қосылады. Әлияны «мама», Қанатты «папа» деп өседі. Әлия анасы Бертеге кесте тігуді үйретеді. Ол бір жапырақ ақ мата беріп, (ол кезде ақ бәтестің өзі табыла бермейді ғой) «осыған өзің кесте тіге ғой» дейді. 1943 жылы тоғыз жасар қыздың бұл алғаш ине-жіп ұстап, кесте тігуі екен. Берте «Сәлеметсіз бе?» сөзін қазақ және неміс тілдерінде кестелейді. Қазақ отбасынан жиі еститін сөзі болса керек. «Сәлем – сөздің атасы» дейтін қазақ емес пе, осы сөз кішкентай қыздың жүрегіне де жылы тисе керек» деп қайырды әңгімесін Вячеслав Авдеев.

Өкінішке қарай, Берте әжей қазір өмірде жоқ, осыдан үш жыл бұрын Германияда балаларының қолында дүние салыпты. Қазақ тілінде мүдірмей, таза сөйлепті, неміс тілін де ұмытпаған. Ал орыс тілінің мақамын да келтіре алмай, қате сөйлеп кетіпті.

«Әжейдің балалары 90-шы жылдары-ақ Германияға кетті. Біздегі экономикалық дағдарыс көші-қоңды үдетіп жіберді ғой, көптеген ұлттар өкілдері тарихи отанын іздеді. Ал Берте балаларына ерген жоқ, ол кезде жолдасы бар еді, екеуі бармай қалды. 2005 жылы жолдасы қайтыс болған соң, жалғыз қалған өзі амалсыздан Германияға балаларына кеткен еді. Кетерде мен ол кісіден бүкіл тарихын бейне таспаға жазып алып қалдым. Қазақ халқын айналып отырар еді. «Немістердің өлетіні Қазақстанға жеткенше пойыздың ішінде өлді, тірі қалғаны қазақ халқының арқасында, солардың кең пейілімен адам болып, ілеске ілініп кетті» деп отыратын» дейді Вячеслав.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен белгіленген Алғыс айту күні Берте Ситнер әжейдің қолының табы қалған ескі ақ шүберектегі оның кіршіксіз сәби жүрегінен шыққан «Сәлеметсіз бе?» сөзі айналаға жылу, шапақ шашып тұрғандай болды. Шымырлаған жүректер бұл сөзді Алғыс деп қабылдап жатқандай.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай