«ЭФЭ» тәуелсіз ақпарат агенттігі: Мемлекет ресурстары орнымен қолданылуы керек
Атап айтар болсақ, Испанияның «ЭФЭ» тәуелсіз ақпараттық агенттігі «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық съезі өткенін хабарлай отыра, жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға көмек көрсетуге мемлекеттік бюджеттен 5,29 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінетінін хабарлады.
«Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларды дамыту – міндетіміз, – деді Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының 20 жылына арналған съезінің ашылуы барысында» деп жазады Испания басылымы.
Сонымен қатар басылым съезге дейін Елбасы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына көңілі толмай, министрлер кабинетінің құрамын өзгерткенін айтып өткен. «Елдегі экономикалық жағдай Қазақстан үкіметі отставкаға шыққаннан кейін отырыстың басты тақырыбына айналды. Орталық Азия елінің көшбасшысы жаңа Үкіметке неғұрлым жоғары нәтиже көрсетуді және азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруды, бұған дейін орындалмаған міндеттерді тапсырды. Парламентті абсолюттік көпшілік дауыспен бақылайтын «Нұр Отан» партиясының үндеуінде Мемлекет басшысы Қазақстанда 2020 жылы президенттік және заңнамалық сайлау өтетінін хабарлады» делінген басылым хабарламасында.
Испания агенттігінің жазуынша, Н.Назарбаев үкіметті теңдестірілген әлеуметтік саясатқа негіздеп, оған мемлекеттік ресурстардың белгіленген мақсатта жұмсалуын қамтамасыз етуін қадағалауды тапсырған.
«Рейтер» ақпарат агенттігі: Мемлекеттің резервтегі қоры пайдаланылады
Ал халықаралық «Рейтер» ақпарат агенттігі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз үкіметіне съезде бюджет қызметкерлерінің жалақысын арттыру және әлеуметтік көмек төлеу үшін, сондай-ақ тұрғын үй мен инфрақұрылымды дамыту мақсатында мемлекеттің резервтегі қорын пайдалануды тапсырғаны туралы хабарлаған.
«Ол мемлекет астанасында өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде Үкіметке аз қамтамасыз етілген отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету үшін шамамен $790 млн бөлуді тапсырды. Сонымен қатар қолжетімді тұрғын үй, денсаулық сақтау және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған тапсырмалар беріп, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешудің жаңа стратегиясын ұсынды. Оған қоса Н.Назарбаев партиялық саммитте алдағы үш жылда әлеуметтік бағдарламаларға 1,35 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалатынын айтты. Бұл шаралар пакетіне 55 АҚШ доллары мөлшерінде ай сайынғы төлем кіреді. Осылайша қазіргі жүйеде төрт және одан да көп балалары бар аналар жалпы алғанда $45 мөлшерінде ақшалай жәрдемақыға үміткер бола алады» деп жазады «Рейтер».
Онымен қоса, медициналық қызметкерлер, педагогтар және басқа да мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 30%-ға жоғарылайтыны шетелдік агенттіктің назарынан тыс қалмаған. Олардың айтуынша, жоғарыда айтылған қызметкерлердің жалақысы 300 доллардан аз.
«Түркия» газеті: Қазақстан үкіметінің негізгі мақсаты – азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру
Түркия Республикасының «Түркия» газеті 1999 жылдың 1 наурызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен құрылған «Нұр Отан» партиясына 20 жыл толғанын, осыған орай Астанада кезекті съезі өтіп жатқанын хабарлайды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтаған сөзін жариялаған.
«Қазақстан үкіметінің негізгі мақсаты – азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру. Бұл мақсатта 2019 жылы әлеуметтік саладағы шығындарға мемлекеттік бюджеттің 45 пайыздан астамы жұмсалады» дейді түрік басылымы. Олардың жазуынша, әлеуметтік саясат үш негізгі бағытта жүреді. Ал аз қамтылған отбасылардың тұрғын үй мәселелері шешіліп, денсаулық сақтау саласына қосымша қаржы бөлінбек. Оған қоса, еліміздің соңғы жылдары жеткен жетістіктері туралы айта келе, халықтың табысы 16 есе өсіп, 141 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 1400 заманауи аурухана мен емхана, 2865 жаңа мектеп, балабақша мен кәсіби мектептер ашылғаны туралы жазған.
Шолуды дайындаған Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»