Осыдан екі ғасыр бұрын таулықтардың тәуелсіздігі үшін патшалық Ресей армиясымен аянбай айқасқан имам Шәмілді 1859 жылы қолға түсірген генерал Александр Барятинский: «Жартылай аш-жалаңаш таулықтар өздеріңнен жүз есе күшті армиямен жеңілмей жиырма бес жыл қалай соғыстыңдар?» деп сұрағанда, ол Шәміл: «Егер біздің бойымызда рух болмағанда, бұлай ұзақ шыдас бермеген болар едік» деген екен.
Өткен ғасырдың басында Қап тауынан кісікиік (адам сияқты мақұлық) іздеген экспедиция машинасы Кикуни аулының маңына келгенде батпаққа батады. Оны шығару мүмкін емес. Ізкесушілердің амалы таусылып, қайраңдап тұрғанда таудан балпаң-балпаң басқан алып тұлғалы адам түсіп келіп, құйға батып жатқан машинаны баланың ойыншығындай көтеріп, құрғақ жерге қояды. Бұл адам авар жұртының атақты балуаны, салмағы – 150 келі, бойы – 2.20 см Оспан Әбдірахманов екен. Ғалымдар балуаннан «мұншалық қуат-күшті қайдан алдыңыз?» сұрайды. Әбдірахманов айтады: «Бойыңызда рух болмаса қара күшпен ештеме істей алмайсыз» депті.
Сол сияқты рухы елдің ұланы Расул Гамзатов жазады: «Қанжардың ұясы қыны, оттың ұясы ошағы, ер жігіттің ұясы отбасы. Ошақтан шашыраған от, ол биік тауды шарпып лауласа: нағыз қанжар қынында жаттайды, рухы ер үйінде жатпайды».
Тағы таулық ақын құмық халқының жыршысы Қазақ: «рухсыз адам батыр болуға лайық емес» десе, даргинц ақыны Омарла Батырай өзінің өлер алдында айтқан соңғы өсиетінде: «Ержүрек халықтан рухсыз ұл тумаса екен!» деп дұға тілеген.
Біршама жылдың алдында, эстон журналисі Марко Михкельсон жауынгер генерал Джохар Дудаевқа: «Тау халқы бостандығы үшін соғысқанына 300 жыл болды. Бұнша ұзақ соғысуының құпиясы неде?» деп сұрағанда генерал: «Кавказдықтардың рухы ешқашан олардың құл болуына сейкес келмейді» десе, еркін күрестен екі дүркін Олимпиада және бір дүркін әлем чемпионы ресейлік балуан Мәулет Батыров «Кавказдық балуандардың басты ерекшелегі қандай?» деп қойған тілшінің сұрағына: «Біздің жігіттерде рух басым» деп бір ауыз сөзбен жауап берген.
Біз бұл өсиетнамалардан нендей ой түйеміз?! Таулықтардың ғасырлар бойы шыңдалған рухын аңғарамыз. Рух жолындағы тәрбиені байқаймыз. Қазақтың Кенесары сұлтаны мен кавказдың имам Шәмілі дәл бір мезгілде отарлаушыларға қарсы көтерілді. Қап тауында Шәміл атқа қонғанда, ақ патшадан шен алған бек-сұлтандар атақты Қажы Мұрат, авар жұртының абыройы Гамзат бек, Елісу сұлтаны Данилдер иықтарындағы алтын зерлі пагонды жұлып тастап көтерілісшілерге қосылды. Барлығы дерлік Шәміл айтқан «опасыздар жердің астында жатсын!» деген жалғыз ауыз сөздің ығына жығылды. Нәтжесінде көтерілісшілер саны 40 мыңға жетіп, 20 мың тұрақты жасақ ұстады.
Ал, қазақтың би-сұлтандары ше?! Кенесарыны қолдап азаттық үшін күреске шығудың орнына патшаның солдаттарымен бірігіп оған қарсы тұрды. Ақмола окургінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин 1840 жылы 5 ақпанда Кенесарыға көрсеткен қарсылығы үшін патшадан «полковник» шенін алды. Арқаның атақты биі Кішкентайдың Аққошқары Кене ханды қолдаған қазақ ауылдарын шапқаны үшін Батыс Сібір генерал-губернаторынан «Алтын шапан» сыйлығын алды. 1843 жылдың тамызында сұлтандар А.Жантөреұлы мен Б.Айшуақұлы көтерілісшілерге қарсы жасақ жабдықтады...
Бірақ имам Шәміл де, Кенесары да жеңіске жеткен жоқ. Тек ғана азаттық үшін күрескен ұлы тұлғалар ретінде екеуі де тарихта қалды. Хан Кене 1847 жылы 45 жасында қырғыздардың қолынан мерт болды. Имам Шәміл болса 1859 жылы орыстардың қолына түсті. Оны өлтіруге отаршылардың қорықты. Калугада ол ауласында бау-бақшасы мен мешіті бар, ең жақсы үйлердің біріне қоныстанды. Кейін имамның отбасы да түгел осында жеткізіледі. Ақ патша Шәмілге 15 мың рубль пенсия тағайындады. Ол 72 жасында екінші рет қажылыққа барып, Медина жерінде дүниеден өтті. Ал, Кенесарының сүйегі қайда қалды? Басы қайда жатыр? Іздесең де табылмайды?!
Қазақтың рухы осы кезден бастап әлсіреді. Оған негізгі себеп, отарлаудың зардабы болса, екінші тараптан Абай атамыздың, «алыс жақын қазақтың бәрі қаңғып, аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып...» дегеніндей сатқындық, атаққа алданбақтық немесе «мәз болады болысың, арқадан ұлық қаққанға» демекші мақтаншақтық сияқты кеселдің ұлт өміріне жалпыласып кетуінен таза рухы лайланды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»