Қазақстан • 04 Наурыз, 2019

Жас ғалымдардың жобалары таныстырылды

1154 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымдарының бастамасымен қолға алынған «T2T Networking» жобасы Қызылорда облысындағы мектептерге таныстырылды.

Жас ғалымдардың жобалары таныстырылды

«Қыздар университетінің базасында құрылған Қазақстанның жас педагог-ғалымдары қауымдастығының ұйытқы болуымен қолға алынған бастама орта білім беру саласында басшылық қызмет атқаратын университет түлектері мен еліміздің педагогикалық жоғары оқу орнындағы жас ғалымдардың ортақ диалог алаңын құрып, ауылдық мектептердің ғылыми-педагогикалық әлеуетін көтеруді мақсат тұтады» делінген аталмыш оқу орнының Баспасөз мәліметінде.

Қызылорда облысындағы бірнеше мектепке арнайы іс-сапармен барып, мектеп мұғалімдері мен оқушыларына жаңартылған білім беру бағдарламасына арналған кешенді республикалық семинар-тренингтер жүргізген химия ғылымдарының PhD докторы Мөлдір Абдраймова Қазақстан жас педагог-ғалымдары қауымдастығының жұмыс барысымен таныстырды. Ал, филология ғылымдарының PhD докторы, Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Наргиза Балтабаева «ҰБТ-ның жаңа форматы және мамандықтар туралы толық мәлімет», «Жаңаша оқыту – заман талабы» тақырыбында шеберлік сыныбын, PhD докторы Шахислам Лайсханов «Ғарыштық түсірілімдерді пайдалану арқылы экологиялық мәселелерді анықтау», психолог Айсұлу Әубәкір «Өзіңе деген махаббат – өмірге деген махаббат» тақырыбында тренингтер өткізді. Сондай-ақ қолөнер шеберлері сәндік-қолданбалы өнер, әшекей  бұйымдарды әзірлеуге арналған шеберлік сыныбын жүргізді. Жиынға Шиелі ауданындағы жас мамандар да қатысты.

Жас ізденушілер қызылордалық жас мамандарды Қазақстанның жас педагог-ғалымдары қауымдастығымен бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Өз кезегінде Шиелі аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов жас ғалымдарға игілікті іске алғысын білдірді.

Өңірге жасаған сапар аясында жас ғалым-педагогтар Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде ұйымдастырылған «Заманауи ғылымның болашағы – жастардың қолында» тақырыбындағы республикалық жиынға қатысты. Алқалы кеңеске Қыздар университетінің PhD докторы Жұлдыз Базаева «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйретудің инновациялық әдістері», аға оқытушы Гүлмира Маханова «Қолданбалы қолөнер», ғылым магистрі Қайырден Баетов «Математиканы ағылшын тілінде оқыту», оқытушы Шынар Асылбекова «Білім беру жүйесінде электронды ресурстарды пайдаланудың тиімділігі» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді.

–  Алдағы уақытта Қызылорда облысындағы жетекші жоғары оқу орнының бірі – «Болашақ» университетінің базасында Қыздар университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының филиалы ашылады.  Жобаларды таныстыру шарасы еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын табатын болады.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ