3 мың балаға қысқарды
Алматыда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың республикалық кеңесінде көтерілген мәселелер осы сенімсіздік синдромын сейілтпейінше, аталған мәселенің жалғаса беретінін аңғартты.
Елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 25 376 бала бар. Республика бойынша 9 ірі балалар үйі жұмыс істейді. Балалар үйінен бөлек, білім беру жүйесінде 23 отбасы үлгісіндегі мекеме болса, онда 849 бала тәрбиеленеді, сонымен бірге 2 797 бала тұратын 43 балалар үйі және мектеп-интернат бар. Денсаулық сақтау жүйесінде – 21 балалар үйі, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде – 18 медициналық-әлеуметтік мекеме тіркелген. Қазақстанда тәрбиеленушілерді табысты дербес өмірге дайындау мақсатында балалар үйінің түлектері тұратын 14 жасөспірімдер үйі ашылған. Төрт өңірде 23-29 жас аралығындағы балалар үйінің түлектеріне арналған Жастар үйі бар.
Балалар үйінің түлектері үшін жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу кезінде белгіленген квота мемлекеттік білім беру тапсырысының 1%-ын құрайды.
Білім алу кезеңінде тегін тұру, тамақтану, киім-кешек, медициналық көмек алу, оқулықтармен, жұмсақ мүкәмал, керек-жарақпен қамтамасыз ету қарастырылған. Осы санаттағы балалар асыраушысынан айырылған жағдайда, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, оқу кезеңінде міндетті стипендия, сондай-ақ бірінші кезекте тұрғын үй алуға құқығы бар.
Әрине мұның бәрі жалпыға белгілі жағдай. Елімізде балалар үйі түлектерін әлеуметтендіру бағытында жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда, оларды интернаттан кейінгі сүйемелдеу мәселесі өзекті болып тұр. Сондықтан отырысқа қатысушылар балалар үйлерінің түлектерін интернаттан кейінгі сүйемелдеу жүйесін одан әрі дамыту, сондай-ақ балалар үйлерін трансформациялаудың жаңа тәсілдерін талқылады. Сондай-ақ асырап алушы ата-аналар мектебінің ONLINE модулі таныстырылды. Бүгінгі таңда жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастыру жөніндегі мемлекеттік емес агенттіктерді құру арқылы оларды әлеуметке табысты түрде бейімдеу, қоғамға кіріктіру мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.
Жоғарыдағы мәліметтерден бөлек, қазір жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда 5046 бала тәрбиеленуде. Соңғы 3 жылда балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны 3 мың балаға қысқарған. Бұл өз кезегінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 27 ұйымның жабылуы мен өзгеруіне жол ашты.
Алайда, осы арада екінші мәселе алдыңғы шепке шығады. Соңғы жылдарда жетім балалар үйлеріндегі сәбилер саны 3 мыңға дейін қысқарды. Бірақ бұл жетімдер азайды деген сөз емес. Ал енді олар асырап алған адамдардың үйлерінде бақытты ма? Бұл балалардың ертеңі үшін құзырлы мекемелер неге алаңдайды? Көңілі жарым жеткіншектер осы қоғамның толық мүшесіне айналып, өз арбасын әрі қарай өзі сүйреп кетуге не кедергі деген сауалдар туады.
– Қазір балаларды үйлеріне қамқорлығына алуға немесе асырап алуға ниет ететін ата-аналардың саны көбейіп келеді. Балаларды барынша дәстүрлі отбасыларының қамқорлығына беру аса маңызды. Соңғы жылдары балалар үйлерінің түлектеріне қолдау көрсетуге жақсы көңіл бөліне бастады. Бірақ олар қоғамнан өгейлік көрмей, өз күндерін өзі көріп кетуі үшін мекемеаралық өзара әрекетті күшейтіп, мемлекеттік емес агенттіктер құрудың өзектілігі көрінуде, – дейді Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.
Мәселен, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау жөніндегі нормативтік- құқықтық база жасақталған. Сондай-ақ балалар үйлерінің түлектерін кейінгі өмірге бейімдеу үшін 14 жасөспірімдер үйі ашылған. Қазіргі дерек бойынша, бұл үйлерде 208 түлек өмір сүріп жатыр.
Балалар үйлерінен кейінгі өмір
Мемлекет жетім балалар мәселесіне көзжұма қараған емес. Осыған сәйкес, олардың бірінші кезекте тұрғын үй алуға құқығы бар десек те, келеңсіз жағдайлар жеткілікті. Мәселен, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ерсайынов түрлі себептерге байланысты елімізде 952 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың тұрғын үй кезегіне қойылмағаны анықталғанын айтады. Ал оның ішінде балалар үйінің 122 тәрбиеленушісі бар. Ал Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында бір ғана кезекке бір үйдің бірнеше баласы қойылған. Сондай-ақ Ақмола, Алматы, Павлодар, Түркістан облыстарында мұрагерлік құқыққа ие болу құжаттарын дайындау жұмыстары дер кезінде жүргізілмегені белгілі болды. Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстарындағы қамқоршылық органдарына дер мезгілінде хабардар етілмеген. Семей қаласының білім бөлімінде 14 жасқа толмаған жасөспірімдердің иелігіндегі пәтерлер айырбас жасалған. Мұндай әрекетке қолданыстағы заң жол бермейді. Өскемен қаласының білім бөлімі шаршы метрі сәйкес келмейтін тұрғын үйді ауыстыру бойынша заңсыз әрекеттерге жол берген. Осылайша жетім баланың мүліктік құқығы сақталмаған.
Қысқасы, жетім балалардың әлеуметтік мәселелері ғана емес, оларды психологиялық тұрғыда өмірге бейімдеудің тәжірибеге сүйенген қыр-сырлары жетерлік. Ата-анасыз қалған сәби түгілі, кейде ересектердің өзіне де тағдыр сынағына сынып кетпеу үшін айналасының қамқорлығы, қоғамның түсіністігі қажет.
– Балалар үйлерінің түлектері де біз бен сіз сияқты адамдар. Өкінішке қарай, бізде теріс көзқарастар қалыптасқан. Балалар үйінің түлектерінің өмірі ешкімді алаңдата бермейді. Барлық адам сенім мен махаббатқа мұқтаж. Мәселен, балалар үйлерінен шығып, үлкен табыстарға жетіп отырған адамдар көп, – дейді «Қазақстан балалар үйі түлектері қауымдастығы» ЗБТ төрағасы Рафаэль Гасанов. Бұл ұйым әр өңірде бастамашыл топтар құрып, ізгі істерге ұйытқы болып жүр.
Сол сияқты «Қазақстандағы SOS балалар ауылы» корпоративтік қорының ұлттық директоры Гүлжан Асанова интернаттан кейінгі сүйемелдеудің «SOS моделі» туралы баяндап, жетім балаларды кәсіпқойлық тұрғыда мамандыққа баулудың түйткілдеріне тоқталды. Толық шаңырақта әке-шешесі әр баласының қабілеті қандай, неге бейім екенін байқап, құлшындырып, жағдай жасайды. Мұның өмірлік маңызы бар екенін ешкім жоққа шығара алмас. Ал оңы мен солын танымай жатып, тәлкекке түскен тағдырларды заманына бейімдеу, мамандығын адаспай табуына болысудың маңызы ұшан-теңіз. Сонда ғана бұл санаттағы балаларға толық қамқорлық көрсетілді деуге болады.
Қарап отырсақ, мыңдаған кішкентай адамдардың тағдырына қатысты жиында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы қоғамға қосудың да түйткілдері көп екені көрінді. Бұл мәселеде Павлодар өңірінде біраз іс оң шешімін тапқан. Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының бірінші орынбасары Роза Ақанова балалар үйлері тәрбиеленушілерін өмірге орналастыру моделі туралы тұщымды баяндады.
Егер бұл облыста 2010 жылы 19 ұйымда 810 бала болса, 2019 жылы оның саны жетіге дейін қысқарған, балалар саны – 305. Бұл санаттағы контингентті азайту балаларды отбасылардың қамқорлығына беру есебінен жүргізілуде.
Асырап алушының адамгершілік сапасы
«Ана үйі» қоғамдық қорының директоры Бәлия Әкімбекова бала асырап алғысы немесе қомқор болғысы келетін ата-аналардың сапасы туралы сөз қозғады. Шындығында, бала асырап алу оңай емес, сол әрең алған баланың үдесінен шыға алмай, қайтарып беруден өткен сорақылық жоқ. Бір рет емес, балалар үйіне жетім болып екінші рет оралған сәбидің өмірге деген сенімі мен сүйіспеншілігінің күл-паршасын шығаратын келеңсіздіктер, өкінішке қарай жиі орын алады. «Ана үйі» қоғамдық қоры 6 жылдан бері осы іспен айналысып келеді. Алты жылда қордан 4 мыңға жуық әйел мен бала көмек алған. 7 мыңнан астам адам балаларды отбасыларына алуға қатысты қордың заңдық және психологиялық тұрғыдағы қолдауына ие болған.
Балалар үйлерін трансформациялаудың жаңа тәсілдері дегеніміз – осы. Бұл қор осы күнге дейін 1-14 жас аралығындағы мың шақты баланы отбасы жылуына бөлеп үлгеріпті. Яғни «Үйдегідей» моделі Астана мен Шымкент қалаларында жақсы жұмыс істеуде. Бұл үрдіс биыл Ақмола облысында жалғасын тапты.
Аталған қор еліміздегі көптеген үкіметтік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс істеп отырса-дағы, басы ашық мәселелер әлі жеткілікті. Бұл – түрлі мекемелерде тіркелген балалар сергелдеңге түспес үшін, денсаулық, білім беру және әлеумет салалары өзара әрекетінің үйлесім табуы тұрғысындағы кедергілер. Балалар қайтадан жетімдікке душар болмауы үшін Бала асырап алушылар мектебінің жұмысын күшейту қажет. Балалар үйлерінен бастап барлық мекемелерде тәрбиеленіп жатқан жетім және ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балалардың құқығының бұзылмауына ыждағаттылықпен қарау да өзекті. Балалардың жеке құжаттарын мұқият зерттеп, оларды отбасылардың қамқорлығына беруге психологиялық тұрғыдан дайындау керек. Сондай-ақ бала асырап алған отбасыларымен сәби үйренісіп кеткенше жүйелі жұмыс істеудің маңызы зор. Бұл дегеніңіз, бала асырап алғысы келетін ата-аналардың кандидатурасына өте мұқият қарап, оның осы қадамға дайын екендігін Бала асырап алушылар мектебінде-ақ жазбаша бекіту керектігін көрсетеді.
Балалар үйлерінің түлектері, бүгінде Шығыс Қазақстан облысы «Үміт» балалар үйінің ұстазы Евгений Выблов, Алматы гимназиясының аға тәлімгері Гүлайым Әбеева өздерінің сәтті жалғасын тапқаннан кейінгі өмірлері мен табыстары туралы баяндай келе:
– Балалар үйі әрқашан да керек. Бала ата-анасымен бірге болуы керек екенін әрқайсысымыз білеміз. Бірақ өмір болған соң, әртүрлі жағдай болады. Егер біз Балалар үйінде жақсы тәрбие мен кейін мемлекет қамқорлығымен жоғары білім алмағанымызда, кейінгі тағдырымыз қандай болары өзімізге де беймәлім еді, – дейді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ