Қазақстан • 05 Наурыз, 2019

А. Мамин «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді

855 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында 2019–2021 жылдарға арналған жеңіл және жиһаз өнеркәсібін, құрылыс индустриясын дамыту бойынша Жол карталарының жобалары мақұлданды деп хабарлайды primeminister.kz.

А. Мамин «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді

Ұсынылатын шаралар туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, сондай-ақ, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Е. Бахмутова баяндады.

Премьер-Министр Асқар Мамин бірқатар нақты тапсырма берді. 2025 жылға дейін импорт үлесінің 59%-дан 37%-ға дейін азаюы қамтамасыз етілетіні атап өтілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынының есебінен әртараптандыруды одан әрі дамытамыз», — деген А. Мамин жоғарыда аталған салаларда 2019–2025 жылдар аралығында 200-ге жуық жоба іске асырылатынын атап өтті.

Болжамды есептеулерге сәйкес, 2025 жылға қарай қарапайым заттар экономикасы тауарлары өнімдерін өндіру көлемі 4 трлн теңгеден 9 трлн теңгеге дейін ұлғаяды.

«Біз әзірлеген шаралардың аясында 2025 жылға дейін бүкіл Қазақстан бойынша 16 мыңнан астам өнімділігі жоғары тұрақты жұмыс орны құрылады», — деді Премьер-Министр және тиісті мемлекеттік органдарға осы шараларды жүзеге асыруға бірден кірісуді тапсырды.