Аймақтар • 05 Наурыз, 2019

Қарағандылық имамдар игі шараларды насихаттауға атсалысады

1125 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының Әнет баба атындағы орталық мешітінде аудан және қала имамдары үшін тұрғындарды жұмыспен қамту және жеке ісін ашу саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге арналған семинар өтті.

Қарағандылық имамдар игі шараларды насихаттауға атсалысады

ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ Бекқожаның басшылығымен ұйымдастырылған семинар жұмысына облыс әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Төлеу Мұхтар, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, облыстық конфессияаралық қатынастардың проблемаларын зерттеу және талдау орталығының басшысы Жанболат Сектай қатысты.

         Жиын барысында «Бизнестің жол картасы - 2020» бойынша бизнесті дамыту және қаржылай қолдау, ауылдағы фермерлікті дамытуға бағытталған жеңілдетілген несие, сондай-ақ, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттары мен міндеттері туралы мәселелер егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Облыс әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов мұсылман діні өкілдерінің қоғамда болып жататын оқиғалардың жуан ортасында болып, шешілмеген мәселесі шаш-етектен тұрғындардың түрлі деңгейдегі санаттарымен кездесіп жүретінін тілге тиек етті.

– Жергілікті жерлердегі имамдар экономиканы дамыту және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бойынша мемлекеттік органдар қабылдаған шаралар туралы хабардар болуы керек. Сонымен қатар, қазіргі уақытта жәрдемақы, жеңілдетілген несиені қалай алу керектігі түсіндірілген түрлі инфографика әзірленген. Жақын арада олар әлеуметтік желілерде таратылатын болады. Өңірдің өзекті мәселелерін талқылайтын мұндай семинарлар мен кездесулерді жиі өткізіп тұру керек деп есептеймін, – деді А.Аймағамбетов.

Имамдармен болған әңгіме барысында облыс әкімінің орынбасары жергілікті атқарушы биліктің көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау бойынша қабылдаған шараларына тоқталды.

Мысалы, ол тұрғындардың бұл санаты үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» бойынша тұрғын үй несиесінің пайыздық мөлшерлемесінің төмендетілгені және жеке бизнесін ашам дегендерге жеңілдетілген несие қарастырылғаны жайында кеңінен әңгімелеп берді.

Семинарда имамдар жоғарыда айтылған игі бастамалардың өңіріміздің шалғай елді мекендерінде тұратын халық арасында кеңінен насихатталуына бір кісідей атсалысатындықтарын жеткізді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды