Аймақтар • 05 Наурыз, 2019

Түркістан облысында су басу қаупі жоқ

1412 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында биыл өткен жылмен салыстырғанда қардың түсуі 13 пайызға төмен. Бұл аймақтағы тасқын қаупі жағдайын анықтау мақсатында жүргізілген таудағы мұздық көлдердің және қар қорының жағдайына аэровизуалды және жер үсті зерделеу жұмыстары нәтижесінде анықталып отыр.

Түркістан облысында су басу қаупі жоқ

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, жалпы су басу қаупі бар 64 нысанның барлығы тиісті деңгейде тұрақты бақылауға алынған. Яғни департмент мамандары тұрғындарға төніп тұрған қауіп жоқ екенін мәлімдеуде. Өңірдегі су қоймалары мен өзендерге күнделікті мониторинг жүргізіледі. Жалпы облыс бойынша су қоймалардың орташа толуы - 40-45 пайыз. Тасқын суларды қабылдауға жеткілікті қорлар бар, ал өзендердегі судың өтуі орта деңгейден төмен.

Сондай-ақ департамент тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігін және тұрғындардың улы газдан уланудың алдын алу мақсатында жыл басынан бері аптаның сенбісін облыс аумағында «Тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі» күні етіп белгілеген. Сенбі күні департамент гарнизонының барлық жеке құрамы қала, ауыл, елді мекендердегі тұрғын үйлерді аралап улы газдан уланудың алдын алу және өрт қауіпсіздігін түсіндіруде. Жылыту маусымы басталғалы мамандар 76 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, 302 мыңға жуық адамға түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы