Аймақтар • 05 Наурыз, 2019

Tele2 мен Altel бірлескен компаниялары 7 160 000 абонентті өзіне қаратты

1068 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Tele2 және Altel Бірлескен компаниясы Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, ұялы байланыс саласының жаңалықтарымен бөлісті. Бұл күнде компанияның абоненттік базасы 7 160 000 адамға жеткен.

Tele2 мен Altel бірлескен компаниялары 7 160 000 абонентті өзіне қаратты

Өткен жылы желтоқсан айында компания қазақстандық мобильдік операторлардың ішінде алғашқы болып Алматыда мобильдік желінің виртуалдық ядросын коммерциялық пайдалануға берген болатын. Ядроны виртуалдандыру желі өнімділігін шектемеуге мүмкіндік беріп, ең көп салмақ түсетін уақыттарда ресурстарды қайта үлестіруге және қажет болған жағдайда қосымша серверлік қуаттылықты қосуға жағдай жасайды. Платформа 5G желісінде қолдануға жарамды. 2019 жылы Астана, Шымкент және Ақтөбедегі ядроларды виртуалдандыру жоспарланған. Осы жоспарларды табысты жүзеге асыру желіні икемді әрі берік етуге, сондай-ақ, VoLTE технологиясын ендіруге мүмкіндік бермек.

«Tele2 және Altel бірлескен компаниясының үш жылдық қызметі ішінде біз абоненттік базаны айтарлықтай өсіріп, басты қаржылық көрсеткіштерді арттыруды жалғастырдық. LTE Advanced желісін дамыту мен желідегі жобаларды жүзеге асырып, күш біріктіргеніміздің арқасында желі жұмысының тұрақтылығын арттырып, технологиялық көшбасшылығымызды сақтап қалдық. Біз қол жеткізілген көрсеткіштерді місе тұтпай, алдағы жылдары абоненттердің мобильдік қаржылық сервистерге және ОТТ қызметтеріне (ғаламтор арқылы бейнеқызметтерді ұсыну) деген қажеттіліктерін қанағаттандыруды, сондай-ақ, 5G және IoT сервистерін іске қосу үшін желіміздің әлеуетін қолдануды жоспарлап отырмыз», – деді Tele2 және Altel бірлескен компаниясы басқарма төрағасы Роман Володин.

Ал абоненттік базаның және әр абоненттен түсетін орташа кірістің өсуі компанияның қаржылай нәтижелеріне игі әсер етіп отыр. 2018 жылдың 4 тоқсанындағы жиынтық ақшалай түсім 33,3 мдрд теңгені құраған (2017 жылы – 28,5 млрд теңге), ал 2018 жылдың нәтижесі бойынша 122,2 млрд теңгеге жетті (2017 жылы – 104 млрд. теңге). Компанияның 2018 жылдың 4-тоқсанындағы абоненттік ақшалай түсімі 26,4 млрд теңге (2017 жылдың 4-тоқсаны – 22,1 млрд теңге), ал  2018 жылы барлығы 96,1 млрд теңге құрады (2017 жылы 80,2 млрд теңге). 2018 жылы EBITDA 69%-ға, яғни 41,9 млрд. теңгеге дейін өсті (2017 жылы 24,8 млрд. теңге). 2018 жылдың 4-тоқсанында EBITDA12,8 млрд. теңге құрады (2017 жылдың 4-тоқсанында 7,8 млрд теңге).

Компания 2018 жылдың соңына қарай 6380 базалық станцияны біріктіре отырып, белсенді түрде желіні салуды жалғастырды. Олардың 70%-дан астамы деректері таратудың соңғы стандарты – LTE Advanced технологиясын қолдайды. Осылайша ҚР тұрғындарын осы технологиямен қамту көрсеткіші 75,3%-ға жетті.

LTE Advanced желісін кеңейту және жаңғырту деректерді тарату көлемінің айтарлықтай өсуіне алып келді, 2018 жылы ол 822 ПБ құрады ( 2017 жылы – 540 ПБ).

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ