Өткен тарихқа көз салсақ, газет 1929 жылы шыққанда «Кеңес туы» деп аталған. Белгілі филолог ғалым Бейсенбай Кенжебаев сол жылдары оның алғашқы редакторы болды. 1938 жылдан үнжария «Қызыл ту» деген атпен шыға бастады. 1963-1965 жылдары солтүстіктегі Тың игеруші 5 облысқа ортақ «Тың өлкесі» газеті жарық көреді. Осы уақытта жабылып қалған «Қызыл ту» кейін қайта ашылды.
Еліміз тәуелсіздігін алған елең-алаң шақта 1991 жылдың 26 қыркүйегінде «Қызыл ту» газеті «Сарыарқа самалы» атауын алды.
Облыстық мемлекеттік архивтің мәліметінше, өңірлік атқару комитеті президиумының 1929 жылғы 3 қаңтардағы отырысында «Жергілікті «Советская деревня» және «Кеңес туы» газеттерін шығару және типография ұйымдастыру туралы» қаулы қабылданған.
Редакция алқасының мүшелері болып Молдабаев, Ишмағамбетов және Кәрім Әжібеков тағайындалады. Қазақ баспаханасы үшін құрал-жабдықтар Қазан қаласынан әкелінеді.
Тарихтан ешкім ештеңені де сызып тастай алмайды. Кәрім Әжібеков деп отырғанымыз, елімізге белгілі азамат Кәрім Мәсімовтің нағашы атасы. Атасындай болсын деп Кәрім есімі берілген екен.
Архив басшысының орынбасары Ханшайым Мақажанованың айтуынша, «Кеңес туы» газетінің атауы коллективтендіру саясатына орай 1930 жылдың ақпанында «Колхоз» болып өзгертілген. 1938 жылы 15 қаңтарда Павлодар облысы құрылды да, осы жылы облыстық «Қызыл ту» және «Большевистский путь» газеттерінің атауларын бекітеді.
Газетке әр жылдары Ғалым Малдыбаев, Балтабек Асанов, Әлімбек Жанғабылов, Әубәкір Аяпбергенов, Сары Мыңбаев, Хамза Сыздықов, Әзілхан Нұршайықов, Омарғали Құдышев, Сұбыхан Шошанов, Балтабай Сейсенбеков, Әлқожа Мұхамеджанов сияқты қаламгарлер басшылық жасады.
Сонымен бірге мұнда Қалижан, Қайыржан Бекқожиндер, Зейін Шашкин, Мұзафар Әлімбаев, Қалмұқан Исабаев, Нұтфолла Шәкенов, Төлеужан Смайылов, Аманжол Шамкенов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Мүбәрак Жаманбалинов, Рамазан Тоқтаров, Мейрам Асылғазин, Нәсиполла Есімов, Жанат Тұрғанбеков сияқты ақын-жазушылар қызмет жасады.
Келесі буынды марқұмдар Айтжан Бәделханұлы, Қажымұрат Смағұл, Мұқамеджан Дәуренбеков, көзі тірі Төлеубек Қоңыр, Бақыт Баймұратов, Өскенбай Тастемханов, Шолпан Байғалы, Тұрсынбай Ибадуллин, Ғалымбек Жұматовтар жалғастырды.
Осы жолдардың авторы да аталмыш газетте 1985 жылы КазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, жолдамамен келіп, 2000 жылға дейін Нұртөре Жүсіп, Ғалым Омарханов, Жанымгүл Тәшкенбаева, марқұм Жұмаш Жұмаділ, Сәния Мейрамовалармен бірге қызмет етті. Ұрпақ жалғастығы үзілмейді. Көз көрген ағаларға – тағзым. Газеттің ескі тігінділерінде сол өткен тарих сақтаулы. Газеттің алғашқы редакторы, журналистика факультетінің түлектері, біздердің ұстазымыз Бейсенбай Кенжебаевқа да облыс орталығынан бір көше атауы берілсе дұрыс болар еді.
Бұл күндері заман өзгерісіне сай, облыстық кітапхана газет тігінділерінің электронды нұсқаларын жасауда. «Облыстағы баспасөздің электронды архиві» деп аталатын жобада А1 форматындағы кәсіби сканер пайдаланылуда. «Сарыарқа самалының» 1943 жылдан бергі шығарылымдарының 1750 нөмірі электронды түрге көшіріліпті.
Газеттің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев жиналған жұртшылыққа газеттің өткені мен бүгініне шолу жасап берді. Қазір газетте Сая Молдайып, Мұрат Аяғанов бастаған Қарлығаш Хашым, Гүлжайна Түгелбай, Нұржайна Шодыр, Құндыз Қабылденова, Айдана Қуанышева, Алпысбай Хонж, Тілеуберді Сахаба, Мереке Амантай сияқты жас тілшілер еңбек етіп жүр.
Фарида БЫҚАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Павлодар облысы