Зерттеу тобы мұндай деректерді Астана полигонында тұрмыстық қатты қалдықтардан энергетикалық отын алу мүмкіндігін іздеу барысында алды.
«Біздің күнделікті шығаратын тұрмыстық қатты қалдықтарды жартылай кәдеге жарату және оны қаланың коммуналдық қажеттілігіне қолдану жолдарын көру – жобаның негізгі идеясы. Егер нақтырақ айтатын болсақ, мұны жылу беру маусымы кезінде жылу энергиясын өндіру үшін пайдалануға болатынын көрсеткіміз келеді», деді жоба жетекшісі, PhD Ербол Сарбасов.
Тәжірибе барысында жану параметрлерін зерттеу үшін өңделген отынның үлгілері жалған сұйықталған қабат қондырғысында көмірмен және көмірсіз жағылды.
Құрамында National Laboratory Astana жасыл энергетика және қоршаған ортаны қорғау зертханасы мен Инженерия мектебінің қызметкерлері бар Назарбаев Университеттің зерттеу тобы ТҚҚ-ның құрғақ жанғыш қалдықтарын екі түрлі тәсілмен кәдеге жаратуға болатындығы туралы қорытынды жасады. Бұл – синтетикалық газды алу үшін пиролиз тәсілі арқылы немесе қайнау қабаты бар оттықта бірге жағу арқылы кәдеге жарату. Екінші әдіс, Астана қаласының шағын аудандық қазандықтарында қолдану үшін тиімдірек болады.
Ғалымдар қоқыстың құрамы шығарылатын аймағына байланысты өзгеріп отыратынын байқады. Олар Астанадағы қатты қалдықтарды жою қаланың экологиялық жағдайына оң әсерін тигізетіндігіне, сондай-ақ оны көмуге арналған санитарлық полигондардың қызмет ету мерзімін ұзартуға көмектесетініне сенімді.
«Егемен-ақпарат»