Аймақтар • 06 Наурыз, 2019

Қарағандыда орамалға арналған көрме ұйымдастырылды

1429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында тағылымы мол мәдени шара ұйымдастырды. «Әйел орамалының поэзиясы» атты тақырыппен өтіп жатқан тамаша көрменің төрінен арулардың айнымас серігі – орамалдар мен шәлілер және түрлі бас киімдер орын алды.

Қарағандыда орамалға арналған көрме ұйымдастырылды

Шарада модельдер алуан түрлі бас киімдерді көрермен назарына ұсынса, стилист-мамандар қызығушылық танытқан келушілерге шәлі мен орамалды қалай байлау, бөкебайды қайтіп сәндеп орау жөнінен шеберлік сыныбын өткізді.

– Көрмеге мұражай қорының жәдігерлері мен қаламыздың тұрғындары әкелген жеке заттар қойылды. Экспозицияда небір үлгідегі тамаша  орамалдар мен шәлілер бар. Мысалы, Орынбордың атақты түбіт шәлісін алайық. Ол көлемді болып көрінгенмен, қолға салмағы білінбейтін жеп-жеңіл. Сонымен қатар, мұнда кеңес кезеңінің 60-70-ші жылдардағы орамал үлгілері де бар,  –  дейді мұражайдың экскурсиялық-бұқаралық бөлім меңгерушісі Зәуреш Тебаева.

Көрмені ұйымдастырушылар жас буынның елімізде мекен етуші халықтардың ұлттық киім тарихына, мәдениеті мен дәстүріне деген қызығушылығын арттырып, құрметін қалыптастыруды мақсат еткен.

Көрмеде, сондай-ақ, «Жаңаның бәрі – ұмытылған ескі» тақырыбында модельдердің көздің жауын алған орамалдар тарихынан сыр шерткен көрсетілімі ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, көрермендер бұл жерде Қарағанды сән және технология колледжі студенттерінің қолынан шыққан қазақтың сәукеле, кимешек, жаулық сияқты ұлтық бас киім үлгілерін  тамашалады.

Қыз-келіншектердің ажарын ашып, абыройын асқақтатқан қасиетті орамалға арналған көрменің есігі 8 наурызға дейін ашық болады.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды