Фото: tengrinews.kz
Университтегі сабағына асыққан студент Арман Бақытбайұлы жол бойындағы үйдің екінші қабатынан көмек сұраған балалардың айғайын естиді. Пәтердің терезесінен түтін шығып жатқан болатын.
- Балконнан жылаған қыздың даусын естіп жүгіріп келсем, терезеден түтін шығып жатыр екен. Жедел 101 қызметіне телефон соқтым, ар жақтан көмек жолға шыққанын айтты. Содан 2-қабатқа келіп, есікті тартып ем, іштен жабылыпты. Қайта сыртқа шығып, газ құбыры арқылы жоғары өрмеледім. Үлкен қыз кіші сіңлісін жетелеп балконға шықты. Алдымен 2 жасар қызды көтеріп алып, төменге түстім. Қайта өрмелеп, үлкен қызды да құтқардым, - дейді батыл жүректі Арман.
Оқиға орнына келген төтенше жағдай қызметкерлері тұтанған өртті сөндіріп, балаларға дәргерілік көмек көрсетті. Оқиға кезінде балалар пәтерде оңаша болған екен. Осылайша қағілез студент 2 баланың өмірін сақтап қалды.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы