Қазақстан • 06 Наурыз, 2019

Солтүстік Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған алғашқы автомектеп ашылды

1093 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тірек-қимыл жүйесі бұзылған жандарды оқытуға арнайы жарақтандырылған алғашқы көлік тіркеуден өтті.

Солтүстік Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған алғашқы автомектеп ашылды

Еліміз бойынша бірінші болып өз жұмыс бастаған автомектепті петропавлдық жас кәсіпкер Сәлімхан Сәбитов ашты. Жастайынан мүгедектікке душар болған ол стартап-жоба аясында автоматты және механикалық беріліс қорабымен екі Лада «Granta» автокөлігін сатып алып, Ресейдің Челябі қаласында мүгедек адамдарға ыңғайланып өзгертілді.

«Еліміздегі қанатқақты тың идея жан-жақты зерттеліп, сараланып, «Равная дорога» деп аталатын жоба қолданысқа енгізілмек. Біз  мүгедек  адамдардың өмірге толыққанды араласулары үшін барлық жағдай жасауға ұмтыламыз. Бұл идея мен мектепте оқып жүрген кезде пайда болды. Бүгін автокөлікке техникалық құжатты алып, мектепті ресми түрде аштық. Қазірдің өзінде 13 адам медициналық тексерістен өтіп, автомектепте оқуға рұқсат алмақшы», - дейді Сәлімхан Сәбитов. 

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мамандарының айтуынша, облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Қызмет көрсету мекемелері пандустармен, мүгедектерге арналған шақырту түймешектерімен, Брайль шрифтімен жазылған тақтайшалармен және көзі нашар көретіндерге жанасу жолдарымен жарақтандырылуда.

Бүгінде облыс орталығында 8 мыңнан  астамы тірек-қимыл жүйесі бұзылған  мүгедек адам тұрады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы