Қазақстан • 08 Наурыз, 2019

Өмірдің уылжыған сәті

1470 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Жақсы адаммен бірге өткіз­ген әрбір күнім – бір жыл­дық өмірім» деп Лұқпан хакім айтпақ­шы, өмір-өрнегі ешкімге ұқ­сай бермейтін ғажайып тағдыр­лар­мен бір сәт сырласып, сый­лас­қанға дүниеде не жетсін, ші­ркін! Жақында атақты әнші-ком­по­зитор, ақын Жаяу Мұсаның тұң­ғышы – Анна апамыздың тұң­ғыш немересі Гүлбаршын Дүр­манова редакцияға телефон ша­лды. Амандық-сау­лық­тан соң, Елбасына хат жол­дағанын, іле-шала Ақордадан: «Елі­­міз­дегі бейбіт өмір мен ты­ныш­­тық­тың қадірін біліп, тәуел­сіз­дік жылдарында жүзеге асы­рыл­ған саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды жоға­ры бағалайтыныңызды аңғар­тып, ақ тілектеріңізді арнап жаз­ған хатыңыз Мемлекет басшысы Н.Назарбаевқа таныстырылды.

Өмірдің уылжыған сәті

Президент аналық жүре­гіңіз­ден шыққан жылы лебіздерге толы хатыңыз үшін Сізге алғысын жет­кізуді тапсырды. Сондай-ақ Ел­басымыз өзіңізге ұзақ та б­ақыт­ты өмір сүріп, балаларыңыз бен немере-шөберелеріңіздің қуа­нышы мен қызығына бөлене беруі­ңізді тілейді» делінген хат қол­ы­на тигенде, әжептәуір мар­қайып қалғанын айтты.

Кезінде Павлодар облысы Май аудандық «Шамшырақ» газеті­нің редакторы, облыстық «Сары­арқа самалы» газетінде тілші қызметтерін атқарған ар­да­­гер әріп­тесіміз құрметті еңбек дема­л­ысына шыққаны­мен қоғам­дық жұмыстарға белсене ат­салысып келеді, сондай-ақ Ас­­танадағы музей ісі саласын дамы­туға қос­қан үлесі мен қайы­рымды­лық жолын­дағы төккен тола­ғ­ай тері өз алдына бір төбе. «Еgemen Qazaqstan» газетін үзбей оқи­тын ардагер журналистен реті келіп тұрғанда, қазір қандай жұ­мыс­пен айналысып жүргенін сұрадық. 

– Мені бүгінгі таңда еліміздегі өзім секілді зейнеткерлердің жағ­дайы қатты алаңдатады, – деген Гүлбаршын Орханқызы мұ­нан кейін қарттар өміріне қатыс­ты тың ойларын ортаға салды:

– «Жұрт күлсе біреулер жай күледі, басына түспеген жан не біледі?» деген бар. Сол айт­пақ­шы, өмірден көрген-түй­гені мол, дарияға-қарияға айналған кемел кісі қашанда ертең артымда қан­дай із қалады дегенді ойлаумен таң атырады. Адамның жас кезі – шыбынсыз жаз секілді алаң­сыз іңкәр сәті десек, ал егде тарт­қан шағыңыз – өмірдің уыл­жы­ған сәті тәрізді бөлек әлем. Содан да әр ұрпақ үшін өз ке­зеңі аса қымбат. Менің орта­ға салайын деп отырғаным – қарт­­тықты қазіргі жұрт қалай түсі­ніп жүр деген мәселе. Жетпіс, сек­сенді алқымдаған замандас құрбы­ла­рым­ды не ойландырады, не тол­ғандырады деген толғақты ой. 

Ұдайы өзін-өзі қамшылау, оқу-тоқу тек жастардың мойнына ғана артылған міндет емес, жас ұрпағыңның жан-дүниесін жете ұғына білу үшін бұл өзіңе де қатысты айтылған сын деп есе­п­теу лазым. Ата-әже локомотив секіл­ді олардың алдында жүруі керек емес пе? Сондықтан біздің мақсатымыз – қазы­налы қария болу. Бұл сөздің мағынасы өте тереңде әрі қазақтың дәстүрі бойынша ежелден баға жетпес байлық саналады. Мән берсек, бұл – адамның ең бір жауапты кезеңі. Мысалы, жасыңа лайық сөйлей білудің өзі – үлкен мерей. Солай десек те кейбір қарттарымыз ата­лық, әжелік рөлін толық орындай алмай қалып жатқанда еріксіз қапаланасың.

Соның бәрін ескере келіп, қарт­тарымыз қоғамдағы өзгеріс­терден, жаң­ғы­рулардан шет қалмасын деген мақ­сатпен 60 пен 80 жас аралығындағыларға осы жағынан көмек көрсететін, рухани дамыту мектебі ашылса, көп жұртқа пайдасы тиер еді-ау деген тұжырым жасадым. 

Қазір жұмыстың едәуір бө­лігі компьютермен жүзеге асы­ры­лады. Баяғыдай кезекте тұр­май, түрлі коммуналдық төлем­дер­ді үйден шықпай-ақ төлеуге мүм­кіндік мол. Сонда мұның тілін оқып-білгеннің не айыбы бар дейсіз ғой баяғы. Қайта уақытыңыз үнемделеді. Кей құрбыларым: «Қартайғанда мұ­ның бізге не керегі бар?» деп ин­тер­неттің тілін білуден қашады. Тегін үйретейік десең де өз ық­тияр­ларымен бас тарта­ды. Сон­д­ықтан айтайын де­ге­нім, әлгі қарттар мектебі алғаш­­қы кезекте, азаматтардың әлеу­мет­тік жағдайын жүзеге асы­ру­ға мүмкіндік тудыратын, заң­ды құқығының қорғалуына, сақ­талуына кепілдік беретін, мұқ­таж­дығы мен қажеттілігі бағ­дар­ланған, арадағы өзара әре­­кет­тестік қарым-қатынас ұғы­­нық­ты және қол жетімді бола­тын электрондық үкімет тұжы­­рым­дамасын (egov.kz.) пай­далануды үйретуді қолға алмақ. Бұрын мемлекеттік орган өз бетінше оқшау өмір сүріп, бай­ланысқа түсе қоймайтын. Анық­тама, растама т.б. қағаздарды жинау үшін, толып жатқан есіктерді ашуға тура келетін. Сондай-ақ бұл лицензияны рәсімдеу, коммуналдық төлемдер мен айыппұл төлеу сияқ­ты жұмыстардың онлайн жүйе­сінде жүзеге асырылуына мүм­кіндік туғызып отыр. Биз­не­сіңді өз бетіңше тіркеу, анық­тама, балабақша кезегі тура­лы мағлұмат алу, т.б. осы сия­қты жұмыстарды әркім өзі-ақ тындыра алады. Сондай бірсыпыра шаруаны шашаусыз жүзеге асыратын компьютердің тілін жетік білсек, артық па, ағайын? 

Келешек озық технологияның заманы десек, осыған бейімделуге барынша тырысып-бағып жүрген жанның бірі өзіммін. Әжептәуір жасыма қарамастан жылт еткен жаңалықтан бой тасалап қалған кезім жоқ. Алпысымда компьютер, жетпісімде машина жүр­­гізуді үйрендім. Демек үйре­нетін адамға ешқашан кеш емес. Ком­пьютер тілі ғана емес, мұнда сон­дай-ақ қазақ халқының салт-дәс­түрі, тарихы, мәдениеті, діні мен тілінің де оқытылуына үміттіміз.

Тағы бір мәселе, осы күні жасы үлкен әйелдердің киінуінде мін көбейді. Олар ана, әже ғой, көйлек киюден қалды. Тыртитып қыжыр-мыжыр шалбар киіп алатынды шығарды. Бәрібірдей оқалы шапан, оюлы камзол кисін демеймін, бірақ жаңаша жарасымды киімдерді таңдай білуге не кедергі деймін.

Ендігі бір ортаға салатын ой – біз осы той мәдениетін меңгердік пе деген жайт. Той басталмай жатып дастарқанға бас салу, сосын ішкен-жеген асымыз бойымызға тарасын деп селкілдеп, секіріп билей жөнелетін жөн-жоралғы қазекемнің әдет-ғұрпында бұ­рын-соңды болып па еді. Адам оңашада өз-өзін айнаға қарап көру керек қой, қимылың келісе ме, келіспей ме дегендей. Ән салу, әдемі қалжың айту қайда қалды? Тойда ән салайын, өлең оқиын дейтін үлкендер жоқ­тың қасы. У-шудың арасында отырып-отырып қайтады. Сон­да асабаның жаттанды сөзін тың­­дауға ғана келді ме, тойды қызықтауға келді ме – осы екеуі­нің айырмасын білу керек. Би керек болса, халқымызда тамаша билер бар емес пе? 

... «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, ең бастысы – ден­саулыққа мән беру. Ол үшін адамда көңіл күйді орнықтыратын орта болуы керек, дер кезінде дұрыс тамақтанып, мәдениетті дем­а­луға көңіл бөлген абзал. Лажы болса, жылына бір рет сауық­тыру орындарында демал­ғанға не жетсін, шіркін! Бар өмі­рін балаларының келешегіне арнайтын қайран, қазекемнің бұдан гөрі ұрпағының ертеңі көбірек толғандыратыны мәлім, әрине. Дегенмен бұл өзіңді мүлде ұмыт, денсаулығыңды түзетуден бас тарт деген түбегейлі шешім емес.

Әсіресе мені ешкімге керексіз болмай қалған тағдырлардың мұң-мұқтажы алаңдатады. Көшеден міскін жан кездестірсем, тілдесіп, хал-жағдайын сұрастыра бастаймын. Қанға сіңіп кеткен қасиетті тастай алмайсың... Жастық – кәрі­­лі­гіңді қамтамасыз ететін мүм­кін­дік деп жатады ғой, сол айт­пақшы, осының бәрі кейінгі жас­тарға сабақ болсын деп айтып отырмын.

Қартайғанда жалғыз қалу сұмдық трагедия ғой. Бұл жердегі сөз тек Қарттар үйі туралы ғана емес, болып-толып, дүниесі асып-тасып жатқандардың ішінде де жан-дүниесі жалғызсырай­тын, балалары мен немерелері­нің тілін таба алмай қамығатын қария­лар баршылық. Сондайда бас қосып, әңгіме-дүкен құратын, сыр­ласатын жері болса, қандай ғанибет! Өзім де зейнет жасында болғандықтан әсіресе қала қария­лары үшін сондай қазыналы орын ашсам ба деп армандаймын. Мұнда қарттар емін-еркін келіп-кетіп, өзара тамаша, жайлы әсерлерімен бөлісіп, жаңалық­тан, жаңғырудан тыс қалмау­дың қам-қарекеті қарастырылса, қанеки. Бұл жақсы жоба болар еді. Менің ұсынысым: егде кісі­лердің өз мектебі болса екен дей­мін. Ал мен осы рет­тегі жо­бам­­­ды жұртшылықпен бөлісуге әр­дайым дайынмын».

Жазып алған Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Еgemen Qazaqstan»