Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің міндеті – аурудың алдын алу және қоғамның денсаулығына мемлекет пен халықтың ортақ жауапкершілігін арттыру. Соңғы жылдары Қазақстанда созылмалы инфекциялық емес аурулар санының өскені байқалады. Оған мемлекеттің денсаулық сақтауға бағытталған барлық шығындарының негізгі бөлігі жұмсалады, ал алдын алуға 3 пайыз ғана бөлінеді. Біздіңше, осы шараға қоғам көбірек қаражат жұмсауы керек. Сол кезде мемлекет ауруларды емдеуге аз қаражат жұмсайтын болады.
Өкінішке қарай бүгінде біз асқынған созылмалы ауруларға және қауіпті жағдайлармен күреске көп ақша жұмсаймыз. Бізде емдеуге бөлінген қаражаттың 80%-ы науқас асқынған кезде жасалатын оталарға жұмсалады. Сондықтан ауруды емдегеннен гөрі ауырмайтын жол іздеу қазіргі таңда ерекше көңіл бөлетін мәселенің бірі болып отыр.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жалпы денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі. Бұл халық денсаулығын жақсартуды, пациенттердің қанағаттанушылығын және денсаулық сақтау саласына жұмсалатын жалпы шығындарды азайтуды қамтамасыз етеді.
Көптеген аурулардың негізгі себебі көбіне-көп адамның денсаулық сақтау бойынша білігінің жетіспеушілігінен туындайды. Сондықтан халықтың медициналық персоналмен тығыз және сенімді байланысын арттыру арқылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде дерттің алдын алуға, жаңа технологияларды пайдаланып (клубтар, денсаулық мектептері, еріктілер қозғалысы және тағы басқа) ақпараттық жұмысты ұйымдастыруға болады.
Қазір медицина саласының алдында көп асулар тұр. Оның ішінде атап айтатын болсақ: министрлікте 2020-2024 жылдарға медицина саласының өсіп-өркендеуі мен жетістіктеріне арналған жаңа бағдарламаны жасау жұмыстары басталды; 2020 жылдан бастап медицина саласы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшкелі отыр, бұл бағытта да көптеген жұмыс атқаруымыз қажет; дәрі-дәрмек бағасы сәуір айынан бастап Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы бойынша мемлекет тарапынан реттелетін болады.
Міне, осы мәселелер Елбасының медицина саласына бөлгізіп отырған қомақты қаражаты арқылы шешіледі деп айтуға толық сенім бар.
Зәуре АМАНЖОЛОВА,
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі