Әлем • 11 Наурыз, 2019

Қытайда алғаш рет «өмір сусыны» табылды

1344 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытай аумағындағы Хэнань провинциясында археологтар ежелгі зираттан даос мифтерінде аты аталатын, аңызға айналған «өлместің сусынын» тапқан. Бұл туралы BBC News ақпараттық агенттігі жазды.

Қытайда алғаш рет «өмір сусыны» табылды

Батыс Хан  әулетінің (б.з. д. 202 ж. - б. з. д. 8 ж.) бейітінен өткен жылдың қазан айында 3,5 литрлік құмыра табылған. Ал ішінде шараптың жеңіл иісі бар сұйықтық болған. Алайда, сусынға жүргізілген зерттеу оның Үнді селитрасы мен квас тас ерітіндісінің қоспасы екенін көрсетті. Қазба жетекшісі Пан Фушэн айтқандай, бұл заттар «өмір эликсирінің» негізгі қоспалары ретінде ежелгі даос әдебиетінде сипатталған.

«Бұл – Қытайда мифтік «өмір эликсирін» табудың алғашқы оқиғасы»  деді Лоян мәдени реликвиялар және археология институтының басшысы Ши Цзяньчжен. «Бұл – мәңгілік өмір және Қытай өркениетінің жалпы эволюциясы туралы ежелгі қытайлықтардың түсініктерін зерттеуге көмектесетін үлкен құндылық» деді ол.

Бұл құмырадан басқа көлемі 210 шаршы метр болатын қорымда қола артефактілер, сондай-ақ түрлі саз ыдыстар мен нефритті әшекейлер табылды. Зираттағы Қытай ақсүйектерінің сүйектері де жақсы сақталған.

Өмір эликсирі

Екі мың жыл бойы сақталған эликсир сәл сарғыш реңкті, мөлдір сұйықтық сияқты көрінеді. Алғашқы кезде археологтар оны шарапқа ұқсатқаны тегін емес. Ежелгі қорымдардан күріш және дәндерден жасалған шарап ыдыстарын табуға болады. Сусынды шыны ыдысқа құйып, оның құрамын зерттегенде, шарап емес, калий нитраты мен алунит қоспасы екені анықталған.

Қазір калий нитраты өнеркәсіпте фейерверктер мен тыңайтқыштар өндіру үшін кеңінен қолданылады. Мұндай сусынды көптеген көне мәдениеттен табуға болады. Ежелгі қытай нұсқасында оның құрамына алтын, сынап, мышьяк және басқа да жеуге жарамсыз, тіпті, улы заттар қосқан.

Дегенмен, ғалымдардың айтуынша, адамдардың бұл эликсирді шын мәнінде ішкен-ішпегені белгісіз. Ол жерлеу рәсімінің бір бөлігі ғана болуы мүмкін.

Салтанат ШЫНӘДІЛ