11 Наурыз, 2019

Көне Шаған обалары туралы не білеміз?

1709 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тоқтамыс батыр ауылының тарихы бай, табиғаты әсем, жері шұрайлы. Біздің ауыл Шаған өзенінің бойында орналасқан. Ауылдың солтүстігін Шыңғыс, шығысын Бұғылы, оңтүстігін Машан, батысын Көксеңгір таулары қоршап тұр. Дәл өзен бойын көлбей, өркеш-өркеш болып тізбектеліп Ақтас тауы жатыр. 

Көне Шаған обалары туралы не білеміз?

Ауылымыздан  20 шақырым жердегі Ақтастың сілемінде биік жартас арасында әйгілі Қоңыр әулие үңгірі бар. Үңгірдің ұзындығы - 100, ені 20 метрге жуық. Биіктігі – 5-6 метр, бірақ түбіне қарай 1-2 метрге төмендейді. Үңгір ішіндегі көлдің суы мөлдір, әрі тұщы, оның тереңдігі 3-4 метрге жетеді. Қоңыр әулие үңгірі туралы 1912 жылы өлкетанушы В.Брюхановтың мақаласы жарық көргені белгілі. Қазақ арасында бұл тарихи ескерткіштің ерекше қасиеті жайында әңгіме көп. Қоңыр әулие үңгіріне атақты адамдар да, қарапайым халық та келіп жүрген, солардың қатарында ұлы Абай да үңгірде болып, қолтаңбасын қалдырған деген сөз бар. Үңгірдің маңындағы бейіттердің жанынан құпия белгілері бар тас мүсіндер табылған. Сонымен бірге бұл үңгірдің қазақ-қалмақ соғысында бекініс, тосқауыл рөлін атқарғаны да белгілі болды. Оның айналасындағы тасбейіттер мен құлпытастарға қашалып жазылған әр рудың таңбалары бұл маңда қиян-кескі шайқастардың болғандығын дәлелдейді.

Шаған өзені бойында әлі де зерттеуді, зерделеуді қажет ететін,  ешқандай тізімге алынбаған, мемлекет қамқорлығына зәру құпия сыры ашылмаған ескерткіштер аз емес. Олардың ішіндегі аса бір елеулілері - алып тас құрылыстары. Шаған өзенінен оңтүстікке қарай үлкен алқап бойын ала ертедегі қорымдар тізбектеле орналасқан. Шаған алқабындағы обалардың бетін өзен малтатасымен жалтыратып, жазықтың өз бейнесін ерінбей-жалықпай қайталағанына қайран қаласыз. Өзен бойындағы Молдабай, Күншуақ, Шыбынтай жеріндегі тас суреттер (петроглифтер) – көктен төгілген тылсым үннің, табиғат түрленуінің жалғасы іспетті. Ондағы бедерлер сан алуан, басым көпшілігі – аң бейнелері. Бірнеше тұстағы әсіресе, киелі бұғы бейнесі өте әсерлі шыққан. Соңғы қола, ерте темірдің басы, яғни осыдан үш мың жылдай бұрынғы заманға тиесілі мұралар. Бұғының мүйіздері шеңбер және шеңбер ішіндегі күн шапағы түрінде бедерленген. Шапақ сызықтары бір нұсқада бестармақты, адамның симфоликалық бейнесін ұсынғандай. Бұл бейнелер адамның күн нұры мен киелі аң – бұғыдан жаратылғанын ұқтырса керек. Енді бір суретте күнбейнелі жеке бұғыны көреміз. Сонымен қатар бір дертелі қос доңғалақты арба жегілген аттардың көрінісі де көзге түседі. Жаңатас пен қола дәуірінің суреттерінде аңдар ортасында адам да аракідік байқалады. Адам өзінің екі негізгі функциясымен көрінеді: бірінде - ат үстінде аң қуу сәті (тауға өрмелеген елікке сүңгі сермеуге дайын, ізін басқан аңшы). Екіншісінде атты жауынгер бейнеленген және бәрінің қарулары бөлек. Бас жауынгердің қолында найза, бір қолында сүңгі. Оның маңында семсерлі, қанжарлы, қылышты және тас доп лақтырушы жауынгерлер. Шаған өзені бойындағы тастағы суреттердің көбі бейнелеу өнерінің арғы дәуіріне жатады. Бірқатары мысты тас, қола ғасырынікі, 4-5 мың жыл бұрынғы дүниелер деп шамалаймыз. Басқалары ерте темір, 2,5 мың жылдай бұрынғы замандікі. Күн, ай және «тұлпар тұяғы» таңбаларының ерте замандарда ғұрыптық маңызға ие болғанын көреміз.

Будан Ата мазары

Ерте көне дәуірден бері бұл жерге қанша ел келіп, кеткені бір Аллаға ғана аян. Сол дәуірлердің куәсі - өзен бойындағы көне обалар мен қорымдар. Ауылымыздың батысына қарай жүрсеңіз өзен бойынан көне сәулет өнерінің ескерткіші Будан ата мазарын көзіңіз шалады. Будан ата шамамен ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген. Өз заманында ауқатты, халыққа сөзі өткен, ел ішінде беделді адам болғанға ұқсайды. Будан ата халық арасында мұсылман дінін қатты қадірлеген және исламның адамгершілік, ізгілік қасиеттерін кеңінен насихаттауға ықпал жасаған деседі. Будан ата туралы тарихи деректер сақталмаған. Көнекөз қариялардың айтуынша, атаның ұрпақтары ол қайтыс болғаннан кейін басына мазар салдырған. Мазар құрылысына топыраққа жылқының қылы, қазы мен ешкінің майын араластырылып, пайдаланылған дейді. Ескерткіштің биіктігі - 20 метр, ені - 5-10 метр. Ескерткіш төрт бөлмеден тұрады. Бірінші бөлмеде екі адам жерленген, екіншісі – үлкен, жатын, қонақжай бөлмесі, үшінші ортаңғы бөлме арнайы орын болса керек, соңғысы шыға беріс, ауызғы бөлме - мұнда жерленген адам қабірі бар. Ортаңғы бөлменің төбесіндегі материалдар 1929– 1930 жылдардағы ұжымдастыру кезінде колхоздың құрылыс жұмыстарына бұзып алынғаны айтылады. Осы мазарға тақау жерде белгісіз адамның шошақ төбелі кірпіштен қаланған мазары бар.

Ауылымыздың батыс жағындағы алқапта ертедегі адамдардың қорымдары орналасқан. Ерте темір дәуіріндегі ескерткіштер негізінен обалар түрінде сақталған. Олардың  үлкендерінің диаметрі - 20, биіктігі 2 метрден асады. Обалардың көпшілігінің ені 6 метрден 15, ал биіктігі 1 метрден 12 метрге дейінгі аралықта. Осы жерде «мұртты» қорған қорымы ерекше көзге түседі. Үлкен оба диаметрі 35 метр, сырты таспен қаланған 22 метр сақина тәрізді қоршалған қорым, шығысқа қарай доға тәрізді ұзындығы 48 метр, ені 2 метр, батысқа қарай ұзындығы 64 метр, доға тәріздес болып келеді. Қорымның ортасында диаметрі 8 метр қарама-қарсы тағы осындай қорым бар. Осы обаға қарсы үлкен қорым орналасқан. Обаның үсті ұсақ қиыршық аралас тастармен қоршалған. Диаметрі 97 метр, биіктігі 15 метр обаның ортасы таспен қоршалған. Обаларға жақын жерде жерлеу дәстүрі ерекше қорым бар. Бұл қорымның төрт бұрышында үлкен тас белгі бар, қорымның диаметрі - 25, ені - 24 метр. Үсті малта, қиыршық тастармен жабылған. Бұрышындағы тастарда түсініксіз әртүрлі таңбалар бар. Осы маңда 50-60-тан астам үлкенді-кішілі обалар және басқа да жерлеу қорымдары кездеседі. Бұған қарап осы жерді көне заманда адамдар мекендеген деген болжам жасауға болатын секілді. Бұған дәлел өзеннің қарсы бетінде таудың беткейінде орналасқан үш үлкен аузы бар «Қырық екі» үңгір мекені бар. Үңгірдің осылай аталуына осы маңайдағы тау ішіндегі бірнеше үңгір себеп болса керек. Үңгірді ежелгі заманда адамдар мекендегеніне үңгір ішіндегі жер қабатындағы күлдің көп қабатты топыраққа айналып кеткені де дәлел болатындай. Мұның бәрін сөз етіп отырғаным, оқушыларыммен бірге осы мекендердің барлығын аралап, зерттеу жұмыстарын бастадық. Бұл бағыттағы ізденістерімізді алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.

Құрманғазы Қарымсақ,

Жанғазы Молдағалиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы,

Тоқтамыс ауылы