Жалпы, 1594 жылғы Тәуекел ханның орыс еліне барып қайтқан елшілігі де, 1595 жылғы Қазақ еліне келіп кеткен орыс елшілігі де қазақтар үшін негізгі мәселе – Бұхара билеушісіне қарсы бірігіп күресу жөніндегі мәселені шеше алмады. Мәскеу жағы сөз жүзінде болмаса, іс жүзінде Қазақ хандығына Бұхараға қарсы күресте ешқандай көмек беруге оң ниет көрсетпеді. Соған қарамастан бұл елшіліктер екі ел арасындағы ресми елшілік қатынастардың орнауына негіз қалады. Ал елшіліктің баяндамалары мен жазбалары сол тұстағы Қазақ хандығының тарихы үшін құнды деректер қатарына жатады.
Орыс елшілігі кейін оралғаннан кейін бірнеше жыл бойы Тәуекел хан үшін басты назар оңтүстіктегі көрші болып қала берді. Мәскеу тарапынан нақты ешқандай көмек болмаған соң Тәуекел хан Ирандағы сефевилік әулеттің билеушісімен жақындасуды жөн көрген секілді. Екі ел арасында жоғарыда атап өткеніміздей, елшілік өкілдер арқылы байланыстар орнатылғаннан кейін, Бұхара ханына қарсы Тәуекел хан мен Аббас шахтың көзқарастары бір арнада тоғысады. 1597-1598 жылдары қазақ ханы мен иран шахының Мауереннахр мен Хорасан аймағында шайбанилық билеушіге қарсы жүргізген соғыстарын алдын ала келісілген шаралардың нәтижесі деуге болады. Төменде осы мәселе жөнінде тереңірек тоқталып, ондағы кейбір мәселеге қатысты өз ойымызды білдірелік.
Қазақ хандығы үшін Түркістан аймағындағы қалалар мен өңірлердің шаруашылық, экономикалық, саяси-әкімшілік, мәдени-рухани, геосаяси маңыздарға ие болғандығы белгілі. Соған байланысты Дешті Қыпшақ билеушілері мен Мауереннахр билеушілері арасында бірнеше ғасыр бойы аймақ үшін күрес жалғасып жатты. Тәуекел хан тұсындағы екі жақты қарым-қатынастардың басты өзегі, осы – Түркістан аймағындағы қалалар мен өңірлер болып қала берді. Ал Хорасан аймағы болса геосаяси және экономикалық тұрғыдан ежелден Мауереннахр мен Иранда билікте болған әулет билеушілері арасындағы күрестің нағыз майданына айналады. Ал XVI ғасырдың соңғы жиырма жылында Хорасан қалалары үшін шайбанилық және сефевилік әулет билеушілері арасында нағыз шиеленіскен күрес оты қызып тұрған еді.
1583 жылға дейін Мауереннахрдағы барлық қарсыластарын жеңіп, жеке-дара өз билігін орнатқан II Абдаллах хан, осы жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін өзін ресми түрде хан жариялап, өзінің келесі жорықтарын Хорасан, Бадахшан, Хорезм аймақтарына бағыттайды. Ол 1584 жылы – Бадахшанды, 1588 жылы – Гератты, 1595 жылы – Хорезмді бағындырады. 1587 жылы Иранда 16 жасында таққа отырған атақты сефевилік билеуші Аббас шах Хорасан аймағын қайтару үшін дипломатиялық, әскери жолдарды пайдаланады. Екі майданда соғыспау үшін ол 1590 жылы Осман империясымен бейбіт келісімге келеді. 1593 жылдың соңында ол Мәскеуге өз елшілігін жібереді. 1594 жылы қаңтарда Тәуекел ханның елшісі Құл-Мұхаммед бидің Мәскеуде ол елшілікпен жолыққанын және Бұхара ханына қарсы күресу үшін келіссөздер жүргізгенін айтып өттік. Тәуекел ханның ордасында болған иран елшісінің өкілі 1595 жылдың қазан айында Вельямин Степановпен бірге Мәскеуге қайтып оралғанын атап өттік. Иран елшілігінің өкілін шамамен келесі жылы, яғни 1596 жылы өз еліне қайтып оралған деуге болады. Әрине, ол Тәуекел ханмен болған келіссөздер қорытындысын Аббас шахқа хабарлағаны айдан анық.
1594 жылы 30 мамырда орыс патшасы Федор Иванович Аббас шахтың Мәскеуге келген елшілігіне жауап ретінде князь А.Д.Звенигородский бастаған елшілікті Иранға аттандырады. Иран шахы орыс елшісін сол жылдың 6 қарашасында өз сарайында қабылдап, орыс патшасының Түркияға, Қырымға, неміс императоры Рудольфке, Литва короліне, Ноғай Ордасына, Дағыстан билеушісі Шевкалға, Бұхара ханына және тағы басқа елдерге қарым-қатынасы жөнінде сұрақтар қояды. Бірақ Қазақ хандығы жөнінде, әсіресе, орыс патшасының Тәуекел ханға қарым-қатынасы туралы ешқандай сұрақ қойылмайды. Біз оның себебін былайша түсіндіруге тырысамыз.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Тәуекел ханның елшісі Құл-Мұхаммед би мен Аббас шахтың елшісі арасындағы келіссөз бойынша екі елшіліктің бір-бір өкілдерін Қазақ елі мен Иранға жіберу жөнінде келісілген болатын. Иран елшілігінің бір өкілі В.Степановпен бірге Тәуекел ханға келіп кеткенін айттық. Ал қазақ елшілігінің өкілі туралы ешқандай жерде айтылмайды. Бірақ ол қазақ елшілігінің өкілі Иранға келмеді дегенді білдірмейді. Біздің ойымызша, қазақ өкілі Иранға ирандық елші Ази Хұсраумен бірге келген. Князь А.Д.Звенигородский елшілігі Иранға 1594 жылдың 22 қыркүйегінде келсе, иран елшісінің кемесі «қарсы соққан желдің қырсығынан» 7 күн кешігіп келеді. Орыс елшісі тек бір жарым айдан кейін шахтың қабылдауында болады. Ал осы аралықта Ази Хұсрау елшілігіндегі қазақ өкілінен Аббас шахтың адамдары немесе шахтың өзі қазақтар туралы, Тәуекел хан және оның Мауереннахрдағы шайбанилық әулетпен, орыс патшасымен қарым-қатынастары туралы мәліметтерді біліп алған деуге болады.
Тәуекел ханның Мауереннахрға 1598 жылғы жорығы жөнінде баяндайтын деректердегі мәліметтерді терең қарастыру және оларды бір-бірімен салыстыру барысында біз, XVI ғасырдың соңында Тәуекел ханның Мауереннахрға жорығы екі рет, 1597 және 1598 жылы, яғни біріншісі II Абдаллах ханның тірі кезінде, ал екіншісі Бұхар ханы қайтыс болғаннан кейін болғанын көреміз. Ортағасырлық дерек мәліметтерінің көбінде 1598 жылғы жорық туралы айтылады. Тек екі деректе ғана – Искандер Муншидің «Тарих-и аламара-йи Аббаси» және Хожамқұли -бек Балхидың «Тарих-и Кипчаки» еңбектерінде Тәуекел ханның 1597 жылдың соңы мен 1598 жылдың басындағы жорығы жөнінде қысқаша болса да баяндалады. «Тарих-и Кипчаки» дерегіндегі мәліметтің қысқаша мазмұны мынадай: «Қазақ сұлтандары әкесі мен ұлы [Абдаллаххан мен Абд ал-Муминхан] арасындағы тартыс туралы хабарды естіп, бас көтерді. Тәуекел хан көп әскерімен Бұхараны бағындырмақ болды. Абдаллах хан ұрысқа [өзінің] қолбасшыларын алып шығады. Бұл ұрыста көптеген атақты өзбектер қаза тапты. Қашқан әскер Бұхараға келді. Бұл оқиға [хан үшін] қосымша күйініш болды. Ол әскер жиып, қазақтардың жорығына төтеп беру үшін Самарқан жаққа беттейді. Осы кезде ол қайғы мен күйініштен ауыра бастап, бір мың жетінші (1598/1599) жылы қайтыс болды». В.В.Вельяминов-Зернов Искандер Мунши еңбегіндегі Тәуекел ханның 1597-1598 жылғы Мауереннахрға жорығы туралы мәліметтің мазмұнын былайша аударып береді: «Әкесі мен ұлы арасындағы қастық пен жаулық туралы хабар Түркістанға тарағанда, бұған дейін Абдулланың күшінен қорқып тыныш өмір сүріп жатқан қазақ сұлтандары бас көтерді. Олардың бірі, өзі хан атағын иеленіп алған Тәуекел сұлтан қазақ көп әскермен Ташкентке таяп келеді. Абдуллахан оны өзіне лайықты қарсылас деп санамай, оған қарсы өз әулетінің сұлтандарын, шекаралас аймақтардың әмірлерін және әскерінің бір бөлігін жіберумен шектеледі. Екі жақ әскері Ташкент пен Самарқан аралығында кездесіп, қанды шайқас болды. Ханның бұған дейін ешқашан жеңіліс көрмеген әскері жеңіліс тапты. Әмірлер мен қолбасылардың көп бөлігі және бірнеше сұлтан қаза тапты, ал әскердің аман қалған бөлігі өте нашар және жалынышты күйде Бұхараға қашып келді. Бұрын да ұлының әрекетінен күйініп отырған ханды бұл жағдай одан әрі қатты қайғыландырды... Ол тек қана әскер жиып, жеңілістің орнын жабуды ойластырды. Әскер жиылып, туындаған қауіптің алдын алу үшін және Тәуекел ханнан кек алу үшін Самарқанға бет алды, бірақ онда келісімен ұлының бағынбауы мен қазақтардан жеңілу салдарынан болған қайғы оның денсаулығын күрт нашарлатып жіберді. Ауруы күшейіп, ол көп ұзамай қайтыс болды».
Келтірілген екі дерек мәліметінен көріп отырғанымыздай, Тәуекел ханның бұл айтылып отырған жорығы кезінде II Абдаллах хан әлі тірі. Шайбанилық ханның нақты қайтыс болған жылы мен күні ғылымда анық белгілі, ол – 1598 жылдың 8 ақпанында болған. Олай болса, келтірген дерек мәліметтері Тәуекел ханның бұл жорығы 1597 жылдың соңы мен 1598 жылдың басында болғанын көрсетеді.
Абдаллах ханның ұлы, әрі мұрагері Абдал-Мумин ханның әкесінен соң Бұхара қаласында таққа отырғаны көпшілікке мәлім. II Абдаллах ханның қайтыс болғаны жөніндегі хабарды естісімен Иран шахы бірден Хорасанды тезірек қайтару үшін жорыққа дайындалады да, 1598 жылдың 9 сәуірінде астанасы Исфаханнан Гератқа қарай аттанып шығады. Ал Тәуекел ханның Мауереннахрға жорығы алты айдан кейін, яғни Абдал-Мумин хан қастандықпен өлтірілгеннен кейін басталады. «Тарих-и Кипчаки» дерегінің авторы бұл жөнінде «Абдал-Мумин ханның өлтірілгендігі туралы хабарды ести сала...Тәуекел хан Ташкент пен Мауереннахрды бағындыру жолына кірісті», деп жазады.
Жоғарыда келтірілген дерек мәліметтерінен Тәуекел хан мен Аббас шахтың Мауереннахр мен Хорасандағы шайбанилық әулеттің билігіне қарсы жүргізген күрестері алдын ала жасалған екіжақты келісімнің нәтижесінде жүзеге асқан деуге болады. Мұндай келісім Тәуекел ханның ордасында болған ирандық елшілік өкілі мен Иранға жіберілген қазақ елшісі өкілінің жұмыстарының нәтижесі деп түсінеміз. Тәуекел хан келісімге сай Мауереннахрға алғашқы жорығын 1597 жылы II Абдаллах ханның тірі кезінде жасаса, Аббас шах болса, Бұхара билеушісі қайтыс болғаннан соң, 1598 жылы ұйымдастырады. 1598 жылы Тәуекел ханның келесі жорығы II Абдаллах ханның мұрагері қайтыс болғаннан кейін жасалады. Осылайша, Тәуекел ханның Мауереннахрдағы шайбанилық әулеттің билігіне қарсы күресі – оны тек қазақ тарихындағы ғана емес, сонымен бірге XVI ғасыр соңында бүкіл Орталық Азия аумағындағы танымал саяси қайраткер деңгейіне дейін көтереді.
Енді Тәуекел ханның 1598 жылғы Мауереннахрға жорығы мен оның барысына және қазақ тарихындағы маңызына тоқталсақ.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Тәуекел ханның жорығы 1598 жылы жаз айының соңында Абдал-Мумин ханның қастандықпен өлтірілуінен кейін басталады. Бұхара тағында алты ай отырған оны жергілікті әмірлер жасырын түрде қастандықпен өлтіреді. Бір қызығы, Мұхаммед Юсуф Мунши бойынша, Абд- ал-Мумин ханға қастандық ұйымдастырушылардың басында беделді бір қазақ ақсақалы болған. Ол былай деп баяндайды: «... Оның (Абд ал-Мумин ханның-Б.К.) билігі алты айға созылды. Бұхаралықтардың әкесінің қайырымдылығы мен ізгілігіне үйреніп қалғанын және өзінің іс-әрекеттеріне наразы болып, жаман бірдеңе ұйымдастырмақ ойларын Абд ал-Мумин білді. Ол ең беделді танымал адамдардың көзін жоймақ болды. Олар болса оны біліп қойып, жасырын кеңеске жиналды да, өздерінің үлкен істі (орындауға) дайын екендіктерін мәлімдеді. Жиналғандар ішінде бір ақсақал қазақ бар еді, ол былай деді: «Олай деуге болмайды». Ол орнынан тұрып, жиналысқа қатысушылардың әрқайсысының кеудесін кезек-кезек қолымен ұстап шықты да, ойымызды жүзеге асыруды айтқанда бәріңнің жүректерің қатты соғып кетті. Тек екі адамға қарап тұрып: «Сендердің жүректерің орнында тұр», деді ақсақал. Ойластырған істі жүзеге асыру жаңағы екі адамға жүктелді». Сол екі адам Абд ал-Мумин ханды өлтіріп, басын кесіп алады.
Дерек мәліметіндегі есімі белгісіз ақсақал қазақтың Тәуекел ханға қаншалықты қатысы бар екені беймәлім. Дегенменде, біз 1580 жылдардың басынан бері Тәуекелдің Мауереннахрда болғанын, Бұхарамен ашық түрде де, жасырын түрде де саясат жүргізгенін, 1594 жылдан бастап басты қарсыласы шайбанилық әулет екенін ескере келе, ақсақал қазақтың жай адам емес, Тәуекел ханның Бұхара қаласындағы сенімді адамдарының бірі деген ойға көңіліміз ауады. Және ол адам жалғыз болмаған. «Тарих-и аламара-йи Аббаси» мәліметінде II Абдулла ханның ең сенімді, әрі белгілі әмірлерінің бірі – Абд ул- Уаси би деген әмірдің хан өлімінен кейін Тәуекел хан жағына шығып, Абд ал-Мумин ханға қастандық ұйымдастырушылардың бірі болғандығы және Тәуекел ханды Мауереннахрға жорық жасауға шақырғандығы айтылады. Осындай мәліметтерге қарап, Тәуекел ханның Мауереннахр қалалары мен оның астанасы Бұхара қаласында ықпалының күшті болғандығын көреміз. Осы факторлар 1598 жылғы жорықта Ташкент, Ахси, Андижан, Самарқан секілді қалалардың қазақтар жағына ұрыссыз өтуінің көп себептерінің бірі болса керек.
Тәуекел ханның жорығы жаздың соңғы айында басталады. Тәуекел ханның жарлығына сәйкес бүкіл қазақ жерінен 120 сұлтан атқа отырады. Искандер-бек Муншидың мәліметтеріне қарап, Тәуекел хан жорыққа жүз мыңнан аса әскер шығарған және ол әскердің бәрі Дешті Қыпшақ пен Түркістан аймағындағы тайпалардан жасақталғанын көреміз.
Одан әрі Искандер-бек Мунши өз баяндауын былайша жалғастырады:
«Тәуекел ханның осыншама мол әскеріне жергілікті өңірдің тұрғындары ешбір қарсылықсыз бағынды. Аз уақыт ішінде ол Орта Азияның Ташкент, Ахси, Андижан, Самарқан сияқты ірі қалалары мен өңірлерін Бұхара аймағының қаласы Мианқалға дейінгі жерлерді басып алады. Самарқанда 20 мыңдық әскермен інісі Есім сұлтанды қалдырып, өзі 70-80 мың әскермен Бұхараны алу мақсатымен қалаға бет алады. Бұхарада 15 мыңға жетпейтін әскер болғандықтан, Пір-Мұхаммед хан мен әмірлер жаумен ашық майданға шықпай, қала бекінісі мен мұнараларын күшейтеді. Тәуекел хан қалаға жақын келіп, әскері бірнеше бөліктерге бөлінеді де, қаланы түгелдей қоршауға алады. Бұхаралықтар күн сайын қаланың әр қақпасынан қарсыластарына шабуылдар жасап, олардың адам санына шығындар келтіріп отырады. Осылайша он бір күн бойы осындай ұрыс болып тұрады. Он екінші күні Бұхарадағы барлық әскер қаладан шығып, күннің атысынан күннің батысына дейін соғысады. Осы күні бұхаралықтар жеңіске жетеді. Ал Тәуекел хан шегінуге мәжбүр болады. Шегінген әскердің алды Самарқанға жеткенде болған оқиға түгелдей Есім сұлтанға баяндалады.
Мұндай хабарды естіген Есім сұлтан ашуланып ағасына мынадай сипатта хабар жібереді: «Соншама әскермен азғантай ғана Бұхара әскерінен жеңіліп, шегіну деген ұят және өте қатты ұят нәрсе, егер хан Самарқанға келсе, бұл жақта да Бұхара жақтағыдай самарқандықтардың бізге бағынбауы мүмкін. Хан шегінісін тоқтатып, кері оралсын, мен оған өз әскеріммен қосыламын». Тәуекел хан інісінің кеңесін құп алады да, қайтадан Бұхараға бет алады. Көп ұзамай оған Есім сұлтан келіп қосылады. Бұхараға да Бакы-Мұхаммед сұлтан бастаған әскери күш Балхтан көмекке келіп жетеді. Екі жақтың әскері Мианқалдың Ұзынсақал деген жерінде кездесіп, ұрысты бастап кетеді. Шайқастар қайта жалғасып, бір айдай уақытқа созылады. Соғысушы екі жақ түпкілікті жеңіске жете алмайды. Осындай бір сәтте Тәуекел хан әскерді өзі бастап ұрысқа түседі. Қарсыластар жағынан көп әскер шығынға ұшырап, бұхаралықтардың ең беделді және танымал адамдары қаза табады. Осы шайқаста Тәуекел ханның өзі де ауыр жарақат алады. Хан жараланғаннан кейін қазақ әскерлері Ташкентке оралады. Ал көп ұзамай Тәуекел хан қайтыс болады. Осылайша, Қазақ хандығының тарихындағы ең бір көрнекті тұлғалардың бірі, қазақ елінің оңтүстік бағыттағы шекарасын қалпына келтіру үшін жан аямай күрес жүргізген және оны жүзеге асыра білген Тәуекел хан 1598 жылы өмірден озады.
Тәуекел ханның жеке басындағы жақсы тұлғалық қасиеттерін Т.И.Сұлтанов былайша атап көрсетеді: «Шығайдың ұлы Тәуекел сұлтан – айбынды және жеңімпаз жауынгер бола білді. Ұрыс өнерін жақсы меңгеріп, мерген садақшы болады. Және де ол жақсы ұл да болды. Оған адалдық қасиет тән еді. Тәуекел батыл және шұғыл шешімдер қабылдай алатын тұлға болды. Тәуекел жағдайды жақсы пайдалана білетін. Тәуекел адамдарды соңынан ерте білетін».
Тәуекел хан – елдік, мемлекеттік мүддені алдыңғы қатарға қойған тұлға болды. Алдыңғы беттердің бірінде Тәуекел ханның жарлығына сәйкес Мауереннахрға қарсы бағытталған жорыққа 120 қазақ сұлтанының атқа қонуы – ел ішінде саяси бірліктің орныққандығын көрсетеді. Ал оның 1584-1585 жылдардан 1598 жылға дейінгі Орыс мемлекетімен жүргізген дипломатиялық саясаты, Мауереннахрдағы шайбанилық әулет басшысы II Абдаллах ханға қарсы жорықтары, қарақалпақтар мен қалмақтарда өз әулетінің өкілдерін билікке отырғызуы, Шығыс Түркістанның саяси өміріне белсене араласуы – Орталық Азия аумағына танымал болған тарихи тұлға болғандығын дәлелдейді.
Енді Тәуекел ханның ұрпақтары жөнінде айтсақ. 1594 жылғы дерек мәліметтерінде Тәуекел ханның ұлдарының үлкені – Құсайынның 10 жаста, одан кейінгілері 8 және 4 жаста болғандығы, сондай-ақ неше жаста екені белгісіз Мұрат есімді ұлының болғандығы айтылады.
Жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, Тәуекел хан жөнінде мынадай қорытындылар жасауға болады.
Бірінші, Тәуекел ханның жеке басындағы айбындылық, төзімділік, шыдамдылық, шұғыл шешім қабылдағыштық, адалдық, соғыс өнерін жақсы меңгергендік, саясаткерлік, көпшілікті соңынан ерте білушілік секілді қасиеттері – оны өз замандастарының алды етеді. Билеуші әулеттің өкілі ретінде онда мұндай қасиеттердің болуы – оны хан тағына әкеледі.
Екінші, Тәуекел хан билікке келісімен ең алдымен елдік және мемлекеттік мүдделерді алға қояды. XV ғасырдың 70-жылдарынан бері Сырдария өзені бойындағы қалалар мен өңірлер, жайылымдық жерлер үшін Мауереннахр билеушілерімен болып келе жатқан күресті соңына дейін жеткізіп, қазақ халқы үшін жеңіспен аяқтайды. Аталған аймақ қазақ халқының этникалық аумағының құрамдас бөлігіне айналады.
Үшіншіден, Тәуекел хан өзінің басты қарсыласы Бұхара ханына қарсы күресте кең ауқымды тұлға ретінде көрінеді. Оның Орыс мемлекетімен дипломатиялық байланыстары, Ирандағы Аббас шахпен байланысы, 1597-1598 жылдардағы Мауереннахрға нәтижелі жорықтары Тәуекел ханды бір халықтың тарихы шеңберінен асырып, Орталық Азия аумағына танымал тарихи тұлғалар қатарына қосады.
Төртіншіден, Тәуекел ханның қазақ тарихындағы рөлі мәселесі әлі терең зерттеулерді қажет етеді. Болашақта ғылыми айналымдарға енгізілетін дерек мәліметтері Тәуекел ханның қазақ тарихындағы, Орталық Азия тарихындағы тарихи – тұлғалық рөлін одан әрі айқындай түседі деген ойдамыз.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы