12 Наурыз, 2019

Астана көктемгі қарғын суға дайын ба?

942 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елордамыздың кейбір аудандарын, жекелеген көшелерді су алу қаупі жиі туындайтын болды. Жылда тиісті дайындық шараларын жүргізгенімен, жағдай  қайталанып келеді. Мұның себебі неде? Осы сұрақтың жауабын 20 жыл бойы жүргізілген жұмыстан іздеу керек секілді. Оның үстіне салаға бағытталған ерік-жігер себеппен емес, салдармен күресуге көбірек жұмсалып отырғаны мәселені күрделендіре түскендей. 

Астана көктемгі қарғын суға дайын ба?

Географиялық жағдай. Бас қала­ның батпақты екенін білетініміз болмаса, көпшілігіміз соның себебіне бойлай бермейміз. Мамандардың сөзіне сенсек, Астана жазықта орналасқандықтан, жиналған су ағып кетпей, бір орында тұрып алады. Оған қоса Есіл мен Нұра өзендері бар, әрі Астананың жерасты суы жер бетіне жақын жатыр. Осының әсерінен жауын-шашын кезінде көлкіген су тез сіңіп кете қоймайды. 

Бұрыс есеп. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің аға инженері Бекболат Оразхан: «Астанада суағар ретінде жұмыс істеп тұрған құбырлар бар. Бірақ олардың диаметрі 150 см, ал біздің жағдайда диаметрі 250 см көлеміндегі құбырлар керек. Сондықтан олар тиісті мөлшердегі суды уақтылы өткізе алмайды. Жа­ңа су құбырларын салу, жаңарту жұмыс­та­ры бұрыннан көте­ріліп келеді», дейді. Астана қаласы Урба­нис­тика ор­талығының басшысы Асхат Ке­ңесұлы да мұны растайды: «Шынын­да бұл өте күрделі мәселе. Біз кәріз құ­быр­ларын нормативтік талаптарға сәйкес саламыз. Сол кәріздердің өлшемі Астананың географиялық, экологиялық, климаттық жағдайына сай келмейді. Соңғы кезде ғаламдық жылыну деген мә­селе бар, оның үстіне бізде кейінгі 5 жыл­дың көлемінде анамальды, яғни бұрын болмаған мөлшерде жауын-шашын түсті. Бұл да өз кезегінде Астананы су алып кетуіне әсер етіп жатыр», дейді. Орталық басшысының зерттеуінше, бізде жауын-шашын мөлшері дұрыс есептелмеген. Шетелде қаладағы кәріз және жерасты арналар жүйесін жауын-шашынның 200 жылдық мөлшеріне өлшеп салатын көрінеді. Ал бізде, өкінішке қарай, олай емес. А.Кеңесұлы елорданың эко­ло­гиялық, климаттық жағдайына сай, диа­метрі үлкен трубалар ұсынылғанда, олар­дың нормативтік құжаттардағы стан­дарттарға сай өтпей қалатынын айтады. 

Акт – «айыпты». Жоғарыда аталған орталық сарапшылары түйткілдің түйінін тарқату төңірегінде зерттеулер жүргізіп, себептерін сараптап көрген. Нәтижесінде «қаладағы кәріз құбырларына қатысты құжатты түзетулермен толықтыру керек» деп есептеген. Қазір Қазгидромет, және Азиаттық даму банкімен бірге арнайы жоба әзірлеп жатыр. Бұдан бөлек, шетелдік білікті мамандармен және отандық инженерлермен бірігіп, қаланы су алып кету мәселесін қалай шешуге болатыны талқылану үстінде. Олар жыл басынан бері екі рет кездесу ұйымдастырған. Бұл орайда жауын-шашыннан туындайтын қиындықтар ғана емес, кәріз құбырлары мен ауыз суға қатысты қордаланған мәселелер де қарастырылып, нормативтік актілерге өзгерістер енгізу көзделеді. 

«Апат айтып келмейді». Десек те, бізге ескерту – жылдағы жауын-шашын мен қалың қардан кейінгі күннің жылынуы. Қала қазір қаншалықты дайын? Аға инженер Б.Оразхан қала әкімдігімен бірлесіп барлығы 34 су басуы мүмкін аймақтардың анықталғанын айтады. Уақытында суды сору, қарды қаладан шығару жұмыстары бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. 

«Төтенше жағдай орын алса, тұр­ғындарды уақытша орналастыратын арнайы 6 пункт, оның ішінде мек­тептің спорт залдары, темір жол вокзалы мен автовокзал бар. Сонан соң «Жігер», «Әлқуат» қонақүйлері мен «Б.А.Нұрғалиев» жеке кәсіпкерлігі тарапынан барлығы 464 орын қарастырылып отыр. Автобус паркінен табиғат апатынан зардап шеккендерді таситын 40 автобус тартылған», дейді инженер. 

Сондай-ақ ол: «Бұл мәселедегі ең бас­ты міндеттің бері ретінде Есіл өзенінің арнасын кеңейтіп келеміз. Бұдан бөлек, 450 миллион текше метр көлеміндегі контр реттеуіш бар, онда тасқын сулар сақталып, қаланы, ха­лықты қорғайды. Бұл объектінің кө­мегімен су қала арқылы ақырын өт­кізіледі», дейді. Осы орайда, Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі тұр­ғын­дарды да апаттың алдын алуда белсенді болуға шақырды. «Уақтылы қаланы қардан тазарту жұмыстарына шыққанда «ауланы да үкімет тазарту тиіс» дейтін пікірдегі адамдарды кездестіреміз. Сондықтан тұрғындардан жекеменшігіне біз қолсұға алмайтын­дықтан, өз ауласындағы қар­ды көше бойына шығарып қоюын сұраймыз», дей­ді Б.Оразхан. 

Жаңа үкімет. Жаңа әкім. Жақында жаңадан жасақталған Үкімет басшысы Асқар Мамин өткен аптада Астананың айналасындағы шағын ауылдарды аралады. Сонда елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Астананы дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру барысы туралы баяндады. Ал бұл жоспарға нақты шешімді қажет ететін Астананың өзекті мәселелерінің бірі болып кәріз жүйесі енгізілген еді. Жаңа әкім Бақыт Сұлтанов өзінің есеп беруінде елордалықтарды: «Астана екінші Венеция болмайды», деп сендірді. Өйткені бұл мәселені шешуге бұрынғыдай 5 миллиард теңге емес, 7 миллиард теңге бөлінетін болған. Артық бөлінген 2 миллиард уәдені орындауға жете ме? Оны уақыт көрсетеді. 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»