Аймақтар • 12 Наурыз, 2019

Жайық суынан қауіп жоқ

902 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атыраудағы Жайық өзенінде балық қырылып жатқаны туралы алғашқы дерек өткен жылдың 2 желтоқсанында белгілі болды. Мамандардың айтуынша, балық өлімі 9 желтоқсанға дейін жалғасқан. Сол күннен бастап бүгінге дейін аймақтағы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары Ұлттық сараптама орталығының зертханасында су жағдайын тексеруде. 

Жайық суынан қауіп жоқ

Қысты күні мұзға қатып қалған балықтар көктем түсе бастасымен су бетіне қалқып шықты. Арнайы мамандар мен жергілікті тұрғындар су айдынын балық өлексесінен тазарту жұмыстарына жұмылып жатыр. Балық өнімдерінен, судан улану деректері тіркелмеді, сонда да ішіп отырған тіршілік нәрінің сапасына алаңдағандар көп. Алайда мамандар алаңдауға еш негіз жоқ деп отыр.

- Жайық өзенінен және су тазарту қондырғыларынан күн сайын сынамалар алынды. Зерттеу нәтижелері алынған сулардың гигиеналық нормаларға толық сай екенін көрсетті. Су пайдалануға жарамды, - дейді Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Айгүл Ысқақова.

Айта кетейік, балықтардың жаппай қырылуы дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр, оқиғаға кінәлі анықталады.

Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы әлеуметтік желі арқылы халықпен тікелей байланысқа шығып, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап берді. «Өзен мұздан толық тазартылғаннан кейін жақын күндері су айдынын тазалау жұмыстарымен арнайы жабдықтары бар балық аулау кооперативтерінің кәсіби мамандары айналысатын болады»,- деді А.Сәдібекұлы.

Басқарма басшысы Жайық өзенінде осындай оқиға өткен ғасырдың 80-жылдары да болғанын атап өтті. Ол кезде су маржандарының мезгілсіз өліміне анықталмаған заттардың өзенге құйылуы себеп болыпты. Қалың мұз бен қардың салдарынан да балық қырылған.  Өзен көктемгі уылдырық шашу кезінде балық популяциясын қалпына келтірген.

Бақытгүл БАБАШ,

«Egemen Qazaqstan»

Атырау