Міне, сол еншісін алған көші-қон процесі өңірдің басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындары үшін үлкен мәселеге айналып отыр. Шымкенттіктер қалада орналасқан Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдардың қызметіне жүгіне алмағандығын ашына айтуда.
Мәселенің мән-жайын білмекке облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанбыз. Баспасөз хатшысы Мира Сүлейменоваға түйткілдің кезек күттірмейтінін ескерткен соң басқарма басшысының орынбасарымен хабарласқанын, ережеге сәйкес, науқасты тек шұғыл жағдайда жоспарлы түрде мекенжайы бойынша кез келген медициналық мекеме қабылдайтындығын айтты. Басқарма өкілінің сөзіне сенсек, Шымкент қаласының тұрғындарында ауруханаларға зәрулік жоқ. Себебі барлық салалық ауруханалар жетерлік. Демек, қала тұрғындарының облысқа қарасты медициналық ұйымдардың қызметіне жүгінуінің қажеті жоқ секілді. Ал шаһар тұрғындары бұл жауапқа келісе қоймайды.
Қазіргі таңда үшінші мегаполисте Түркістан облысының меншігіндегі облыстық клиникалық аурухана, облыстық балалар ауруханасы, №1, №2 облыстық перинаталдық орталық, облыстық тері-венерологиялық диспансер, облыстық балаларды оңалту орталығы, облыстық психоневрологиялық диспансер, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері, облыстық паталогиялық-анатомиялық бюро, «Арнайы медициналық жабдықтау базасын» қамтыған 10-нан астам мекеме орналасқан.
Бүгінде пациенттердің аталған денсаулық сақтау мекемелерінен ем алуы қиындай түскен. Сала мамандары дәрігер көмегіне мұқтаж жандардың тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген ұйымдарға ғана қаралуын ескерткен. Нақтырақ айтсақ, тұрғындардың қалада тіркелгені қалаға, облысқа қарастысы облыс меншігіндегі медициналық ұйымдардың дәрігерлерінен шипа таппақ.
Алайда үйінің іргесінде орналасқан мекемеге кіре алмаған науқастардың өкпесі қара қазандай. Олар жоғарыда айтылған уәжбен келіспей, ел азаматы ретінде аймақтық дәрігер мен медициналық мекемелерді еркін таңдап, емделу құқығы бар екендігін айтуда.
Ал Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелерде жағдай басқаша. Басқармаға қарасты 36 медициналық ұйымның 10 мекемесі Шымкент қаласы және Түркістан облысының тұрғындарына бірдей медициналық қызмет көрсетеді.
«Қалалық кардиологиялық орталықта жүрегінде ақауы бар және жүрекке ота жасалатын облыс тұрғындары да ем ала алады. Ал Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығында улану салдарынан ауыр жағдайға түскен науқсатарға ем жасалса, қалалық қан орталығында қан тапсыруға, жұқпалы аурулар ауруханасында түрлі инфекциялық аурулар бойынша ем алуына болады. Ана мен бала орталығы және ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығында Қауіпті инфекцияға шалдыққандарға медициналық көмек көрсетіледі. №1, №2 оңалту орталығында және Мейірім оңалту орталығында тумысынан неврологиялық, сал ауруына шалдыққан 18-жасқа дейінгі облыс және қаладағы балаларға оңалту шаралары жүргізіледі», дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілі.
Тұрғындар үшін қос өңірдің денсаулық сақтау саласында түйіткілді мәселелер аз емес. Мегаполисте салалық басқарма құрылғанымен бас дәрігері әлі тағайындалмаған. Міне, салдарынан басшысыз басқарманың жұмысы шатқаяқтап тұрғаны тағы бар.
Осы жылдың ақпан айында өткен облыс әкімінің есебінде Түркістан қалалық әйелдер қауымдастығының төрайымы облыстық клиникалық ауруxана Шымкент қаласында орналасқанын, Түркістан облысында үлкен ауруxана жоқ екенін айтқан еді. Көтерілген мәселе бойынша облыстың бұрынғы әкімі Ж.Түймебаев «Біріншіден, Шымкент — шетел емес. Егер емделу қажет болса, мегаполистегі ауруxанаға баруға ешкім кедергі болмайды. Бірақ болашақта Түркістан қаласында облыстық ауруxана салынып, медициналық аппараттар алынады», деп жауап берген болатын.
Анығында, миллиондаған халқы бар, туу көрсеткіші жоғары Түркістан облысы мен Шымкент қаласына әлі де бірқатар денсаулық сақтау мекемелері қажет-ақ. Өткен жылдың қыркүйек айында қала мен облысқа қарасты медициналық мекемелер арасында тұрғындар үшін бірқатар түсініксіз жағдай орын алған болатын. Тіпті, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Әнуарбек Маймақов қала әкіміне хат жазып, өзі басқарып отырған мекемеге өңірлік мәртебе беріп, қалалық басқарманың қарамағына ауыстыру туралы айтқан. Сонда Қазақстан заңнамаларына сәйкес Шымкент қаласы және Түркістан облысы халқы бірдей көпбейінді медициналық қызметпен қамтамасыз етілер еді», деген ұсыныс жолдаған болатын. Хат мазмұнында облыстық басқарма тарапынан амбулаторлық деңгейде тегін дәрілік заттар алу үшін рецептілерді және дәрілік препараттарды тек облысқа қарасты аудандық пациенттерге жазу туралы тапсырма түскенін де тілге тиек еткен.
«Бұл дегеніміз 2018 жылғы 12 қарашадағы №621 «Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы медициналық көмек көрсетудің кейбір мәселелері туралы» Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына қарама-қайшы. Ата-аналар дау тудырмас үшін бас мамандарға бөліп-жармай барлығын бірдей жазуға тапсырма бердім», делінген ресми іс-қағазында.
Былтыр күзде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының жауапты қызметкерлері «қаладағы барлық медициналық мекемелер әкімшілік бағыныстылығына қарамастан, халыққа бұрынғыша көмек көрсете береді», деп сендірген болатын. Яғни, облыстық клиникалық аурухана дәл баяғыша облыс тұрғындарымен қатар, қала тұрғындарына да көмек көрсетеді. Қаланың иелігіне өткен кардиоорталыққа келер болсақ, тұрғындар қалада немесе Түркістан облысындағы тұрғылықты мекенжайына қарамастан аурухана көмегіне жүгіне бермек. Түптеп келгенде жанына шипа іздеген тұрғындар үшін әкімшілік бөлініс әсер етпейді. Қажет кезде көмек ала беруі керек. Мұны қос әкімдік те, Денсаулық сақтау министрлігі де қолдаған. Сондықтан облыста және қалада салалық медициналық ұйымдар болғанша, өңір тұрғындары кез-келген денсаулық сақтау мекемесіне барып, дәрігерлердің көмегіне жүгіне бермек.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
ШЫМКЕНТ