Жылы үйде жаның шуақ табады
Меңдіғара ауданына қарасты Архипов деген ауыл бар. Өзге ауылдар секілді бұл да сырттан қарағанда ақ көрпесін жамылып, бұйығы жатыр. Мұржадан шыққан түтін жоқ, от жақпағандай, тым-тырыс. Ауыл шетіне ішкерілей бергенде ұзын көшенің оң жақ қапталынан жап-жаңа су құбыры жетелей жөнеледі. Ауыл орталықтандырылған қазандықтан жылытылады екен. Соңғы жылдары құбырдың ескілігі сыр бергенде, ауылдастардың көңілі қобалжи бастаған. Өткен жылы «Заря» акционерлік қоғамының президенті Александр Климко шаруашылықтан 51 миллион теңге бөліп, Кеңес Одағынан қалған ескі жылу құбырын қайта жаңартты. Негізі, бұл ауылдың әйелдері Кеңес Одағынан бері пешке от жағып көрген емес.
– Жұмыстан шаршап, даладан тоңып келгенде, үй ішінің жылып тұрғанына не жетсін. Күндіз-түні бірқалыпты. Отын, көмір іздемейсің, түн ортасынан тұрып от жақпайсың, күл шығармайсың. Бұл төңіректе мұндай рахатты архиповтіктерден өзге көріп отырған елді мекен жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Ольга Монахова.
Қазір ауылдарда мал ұстамайтын тұрғындардың, сиыр саумайтын әйелдердің қарасы көбейген. Сүт пен сары майды дүкеннен сатып алады. Мұны басқосуларда жұрт кәдімгідей уайым етіп айтады. «Қайда бара жатырмыз?» дейді. Ал Архипов тұрғындарының мал ұстамайтыны кемде-кем, тіпті жоқ деуге болады.
– Қорамызда түйеден басқасының бәрін ұстаймыз, – дейді ауыл тұрғыны Юрий Тяпкин. – Машина-трактор шеберханасында дәнекерлеуші болып істеймін. Әйелім де жұмыста. Сүтті таңертең арнайы машина келіп алып кетеді. Жем-шөпті күзде үйге түсіріп береді, қыста жетпей жатса, «колхоздан» жаздырып аламыз. Ешнәрсеге жан қиналып, зәру болған емеспіз. Ауыз суы ащы болса да, Архиповтей жер жоқ секілді көрінеді өзімізге.
– Біздің Архиповте мал ұстамаған күнә секілді, қатардан қалғандық болып көрінеді. 7-8 сиырға дейін ұстайтындар бар, бір механизатор жігіт 12 сиыр ұстайды. Сүттің литрін 90 теңгеден аудан орталығындағы май зауыты алады, әр он күнде ақшасын әкеліп алақанға салып отыр. Одан артық не керек? Қалтамыз ақшасыз болмайды, бәріне жетеді, – дейді машина-трактор шеберханасының меңгерушісі Дүйсенбай Досжанов.
«Колхоз» – ауылдың қамқоры
Архипов ауылы Кеңес Одағы тұсында «Заря» ұжымшарының орталығы еді. Шаруашылықта басқа түлікті айтпағанда, 2500 ірі қара мал ұстады. Машина-трактор шеберханасы, қоймалар, орта мектеп, клуб, балабақша, асхана, кеңсе – бәрі-бәрі болды. Әдетте, кез келген ауылдың осылай кешегісін айтқандар сөзінің соңын «бүгін соның бірі де жоқ» деп аяқтайтыны бар. Біздің әңгімеміз олай бұрылмайды, бүгінде Архиповте әлеуметтік нысандардың шекесі бұзылмай сақталған. Оны айтасыз, тіпті шаруашылық та банкрот болған жоқ, тек малдың саны азайды демесең, ол да сақталды. Оның басшысы да сол күйінде, яғни кешегі «Заря» ұжымшарының төрағасы Александр Петрович Климко – бүгінгі «Заря» акционерлік қоғамының президенті. Ауылдастар осы «Заря» акционерлік қоғамын сол баяғыша «колхоз» деп атайды. Архипов ауылының тұрғындары да «колхозда» істегеніме пәлен жыл болды» деп әңгіме бастайды.
– Аудандағы шаруашылықтардың барлығынан береке кетті ғой. Осыдан он екі жыл бұрын 30 шақырымдай жерде жатқан Татьяновка ауылынан орыс-қазағымыз бар, отыз шақты үй Архиповке көшіп келдік. Бір уақытта кәдімгі шегірткенің көшіндей, Архиповті басып қалдық. «Колхоздан» бәрімізге жұмыс табылды. Мен біраздан бері осы машина-трактор шеберханасын басқарамын, зейнетке де шықтым. Александр Петрович құрдасым: «Мен кеткен күні кетесің», деп жұмыстан босатпады. Әзірге денсаулық, күш-қуатым болған соң, мен де басшының сөзін жерге тастамадым, – дейді Дүйсенбай ағай.
Машина-трактор шеберханасында үсті-басы май-май жігіттер техниканы көктемгі дала жұмыстарына дайындап жатыр. Цех биік, еңселі, жылы. Шаруашылықта техниканың ескісі де, жаңасы да бар. Механизаторлар жер жыртылатын күнге дейін бәрін де сақадай сай етеді. Көктем шықты дегенше Архипов ауылында бос жүрген бір адамды көрмейсің. Ой да, қыр да дүрліккен еңбек думанына айналады. Бүгінде шаруашылықтың 6 мың гектар жері, сүт бағытындағы 800 бас ірі қарасы бар. Оның сыртында шамалы жылқы өсіреді.
– Шаруашылық бұрын ұжымшар болғандықтан ғана осынша сақталып қалды. Жарғысы ұжымдық шаруашылыққа ұқсайтын болғандықтан, біз акционерлік қоғам болуды таңдадық. Сондықтан жұмысшыға бұрынғы ұжымшардағы секілді айлық жалақыны сағатына емес, істеген ісіне қарай және сыйақы түрінде төлейміз. Барлық мәселені ұжымшардағы секілді акционерлік қоғам мүшелерінің қатысуымен шешеміз, – дейді «Заря» акционерлік қоғамының президенті А.Климко.
– Әр айдың 10-ында айлық жалақымыз беріледі. Жалақымның көлемі әр айда әртүрлі. Оған ешқандай ренішім жоқ, өйткені қанша көлемде жұмыс істегенімді өзім біліп отырамын. Тек жұмысыма қарай аламын, – дейді дәнекерші Ю.Тяпкин. Тек бір Юрий Алексеевич қана емес, шаруашылықта еңбек ететін 145 жұмысшының барлығы да дәл осы ұстаныммен еңбекақы алады екен.
Архипов ауылындағы клуб, балабақша, мектеп, фельдшерлік пункт, асхана секілді әлеуметтік нысандардың барлығы да Кеңес Одағы кезінде бюджеттің бір тиыны шығын болмай, несие қаржы алу арқылы ұжымшардың ақшасына салынған екен. Енді бүгін олардың барлығы да «Заря» акционерлік қоғамының балансында, күтіп ұстау шаруашылықтың мойнында. Мектептің терезелері бюджеттің қаржысына ауыстырылып беріледі дегенді ауылдастар біршама уақыт күтіпті, болмаған соң, шаруашылық өткен жылы өз қаржысына ауыстырып қойды. Ауыл ішіндегі жолдарды да шаруашылықтың өзі жөндеп алған.
– Ауылдың әлеуметтік тұрмысына қарамасаң, адам тұра ма? Айналып келгенде барлығын да өзіміз үшін жасаймыз. Көктемде ауылды қоқыстан тазарту да, тұрғындардың жем-шөбін әр үйдің қорасына түсіріп беру де шаруашылықтың мойнында. Тұрғындарға бөлінген жерді шаруашылықпен бірге пайдаланамыз. Шабындыққа малазықтық шөп, қоспалар егеміз. Оларды рәсуа болып шашылмас үшін тайлап, шаруашылықтың жұмысшылары мен тұрғындарға сатамыз. Әрине, жеңілдікпен алады. Ал көрші ауылдарға қымбатына береміз, онсыз шығынды өтемейді, – дейді А.Климко.
Басшы сөзін ауылдастар тірілтті
– «Колхоздың» арқасында мал азығын дайындаудың қиындығын сезінген емеспіз. Күзде үйге түсіріп береді. Ал қазір көрші ауылдардың тұрғындары сабан сұрап келіп жүр, оны 20-30 шақырымға жеткізгенше ол қалтасын қағып түседі. Олар малын көктемге көтерем етпей алып шығу үшін сабан іздейді, ал біздің малдардың күйі төмендемейді, – дейді ауыл тұрғындары.
Архиповта ауыз су жоқ. Жер асты суы тым тұзды, оны адам түгіл мал ішпейді. Жылу құбырына да пайдалана алмайды, қазандыққа суды ауылдағы көлден алады. Тұрғындар қыс айларында малды үйге қазандықтан келіп тұрған ыстық суға қар қосып немесе суытып суарады. Ал ауыз суды аудан орталығынан тасып ішеді.
– Осы ауылда құдық жоқ. Өйткені оның тұзды суын малға берген обал, бірден азып кетеді. Тұрғындар жылудың ақысын төлегенмен, көлден қаншама су тартамыз, соның шығынымен кетіп қалады. Осылай біріне-бірін жалғаймыз, – дейді Александр Петрович.
«Заря» акционерлік қоғамының 6 мың гектар жерінің жыл сайын жартысынан астамына дәнді дақылдар егіледі. Өзгесі парға қалдырылады, жемазықтық екпе шөптер егіледі, жайылымы, шабындығына жұмсалады. Білікті басшы мал басын асылдандырды, тұрғындар қолындағы сиырларды да асыл тұқымды бұқалармен ұрықтандырып, ауылдастардың мал ұстап, сүт өндіруіне жағдай жасады.
– Қазір ауыл тұрғындарының қолындағы мал басы шаруашылықтың малынан әлдеқайда асып кетті. Біздегі асыл тұқымды қара ала сиырлар сүтті мол береді. Соның арқасында ауылды тербетіп отырмыз, – дейді Александр Петрович.
Архиповте ауыз су мен интернет жылдамдығының тым төмендігі ғана білінеді. Бұл енді бюджеттен бөлінетін қаржымен іске асатын шаруа. «Нұр Отан» партиясының ХVШ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік бағыттағы берген тапсырмасының бірі – өңірді кешенді дамыту, оның ішінде ауылды көтеру болып табылады. Бұл архиповтіктерді де қуантып тастады.
– Мемлекет ауылды далаға тастап отырған жоқ. Әңгіме сол бағдарламалардың ауылда қалай жүзеге асатынында ғой, – дейді машина-трактор шеберханасындағы жұмысшылар. Облыста елді мекендерді оптикалық талшықты интернетпен, ауыз сумен қамтамасыз ететін бағдарламалар жүзеге асып келеді. Олардың Архипов ауылына жететініне ауылдастардың үміті мол.
«Петровичке» қол көтермеуге болмайды
Архиповтіктер шаруашылық басшысын осы ауылдың әкесіндей көреді. Оның әділдігі, адалдығы мен қарапайымдылығы тұтас ауылды тәрбиелегендей.
– Менің анамның бұрынғы күйеуі соғыстан қайтпапты. Ал әкем соғыстан келген соң, әйелі қайтыс болыпты, сондай тағдырмен екеуі қосылған екен. Әкемнің бұрынғы әйелінен қалған, анамның соңына еріп келген және екеуінің ортақ балалары – жетеуіміз бір үйде ержеттік. Әкем мен анам балаларды «сенікі, менікі» деп бөлмеді, өгейлік көрсетпеді. Әкем айтқан «әділдік» деген сөз менің санамды бала күннен биледі, кейін өмірлік ұстанымыма айналды. Отбасында, шаруашылықта, тіпті мемлекетте әділдік салтанат құрса, отбасында балалардан жақсы адамдар қалыптасады, шаруашылық дамиды, ал мемлекет гүлденеді, – деді қоштасарда Александр Петрович.
– Сіздің шаруашылықтағы әділдігіңіз неден көрінеді?– дейміз біз басшыдан сөз тартып.
– Шаруашылық басшысының әділдігі өндірген өнімді, табысты тең бөлу емес пе? Мұны біздің ұжымнан сұраңыз, – дейді Александр Петрович.
– Қалада тұрасыз ба, ауылда тұрасыз ба? – дейміз біз қитұрқылау сөйлеп.
– Сұрағыңызды түсіндім. Қалада 64 шаршы метр пәтеріміз бар, онда қызым тұрады. Үлкен ұлым осы ауылда, шаруашылық инженері. Кіші ұлым Челябіде тұрады, өзінің жұмысы да, табысы да өзіне жетерлік. Мен қалада бір күн қона алмаймын, шаруа себебімен барамын да, ауылға жеткенше асығамын. Маған коттедж керек емес, біріншіден оны салу да, ұстау да қаржыға түседі. Үйдің бақыты сұлулығында, биіктігінде емес, ішкі берекесінде. Ауылдағы үйім 77 шаршы метр, әйелім екеумізге жетеді. Жұрт қатарлы мен де екі сиыр, тауық ұстаймын, – деді Александр Петрович.
Акционерлік қоғам мүшелері басшыны әр үш жылда сайлап отырады. «Заря» шаруашылығының ұжымы тек өздерінің «Петровичіне» қол көтеріп келеді. Қол көтермеуге болмайды, үміті үзіліп қалатындай көрінеді. Шыны да сол сияқты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
Қостанай облысы
Меңдіғара ауданы
Архипов ауылы