Өткен маусыммен салыстырғанда құрамын 90 пайызға өзгерткен Талдықорғанның «Жетісу» клубының футболшылары бір-біріне үйренісу үшін біраз уақыт керек деп топшылаған мамандар. Бірақ «Жетісу» өз алаңында премьер-лигаға қайта оралған Көкшетаудың «Оқжетпес» командасын 5:1 есебімен жеңеді деп ешкім болжамаса керек. Талдықорғанда өткен матчта біріншіліктің алғашқы голы да соғылды. Ойынның небəрі 11-минутында қысқы трансферде команда құрамын толықтырған Абылайхан Махамбетов салды. Махамбетов былтыр «Қыран» сапында Бірінші лиганың сұрмергені атанған. Андрей Карпович баптайтын «Оқжетпесті» әлі алда талай сынақ күтіп тұрғаны анық. Осы жеңістен кейін «Жетісу» әзірге турнир кестесінде көш бастады.
Күн райының ыңғайлылығына байланысты шырайлы Шымкент жері əдеттегідей алғашқы бірнеше турды өз алаңында өткізеді. «Ордабасы» бұл жолы Қарағандыдан келген «Шахтерді» 3:0 есебімен жеңді. Маусымаралық үзілісте «Ордабасы» құрамын отандық және шетелдік футболшылармен толықтырды. Мысалы, былтыр «Астана» сапында ел чемпионы атанып, Еуропа лигасында ойнаған қорғаушы Сергей Малый мен шабуылшы Алексей Щеткин, былтырғы маусымда «Тобылда» доп тепкен қорғаушы Марат Быстров пен қақпашы Дмитрий Непогодов және Болгарияның «Лудогорец» командасынан келген Жоао Пауло мен Махлангу Май секілді футболшылар қосылды. Бір айта кетерлігі, кездесудегі үш голдың екеуін Жоао Пауло, біреуін Махлангу Май соқты. Ал үш голға да Алексей Щеткин ассистенттік жасады. Осыдан-ақ «Ордабасының» бұл маусымда қалай күшейгенін байқауға болатын шығар. «Шахтер» өз құрамын күшейту үшін 3 сәуірге дейін уақыты бар. Әйтпесе, биыл да премьер-лигада әупірімдеп жансақтауға тура келеді.
Былтырғы маусымнан кейін бапкерінен бастап, бірнеше ойыншыларына дейін өзгерткен «Қайрат» Суперкубоктағы сәтсіздіктен кейін ел чемпионатын сәтті бастауға тырысты. Алматыдағы «Орталық» стадионда премьер-лигаға қайта оралған «Таразды» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Әзірге «Қайраттың» жаңа ойыншылары бір-бірін қас-қабағынан түсінем дегенше, негізгі құрамның жарақат алған футболшылары қатарға қайта оралғанша, клубтың жас футболшылары сенімді ақтап жатыр. «Таразға» қарсы өткен кездесуде ойын тағдырын «Қайрат» мектебінің түлектері Р.Нұрмұғамет пен А.Әбікен шешті.
Таланттарға бай «Тараз» футболы бір жылдан соң премьер-лигаға қайта оралды. Вахид Масудов шәкірттерінің биылғы басты мақсаты – бірінші лигаға түсіп қалмау болып тұр.
Әр футбол маусымы басталған сайын футбол мамандары солтүстіктегі стадиондардың жағдайы сын көтермейтінін, бұл аймақтарға манеж салу керектігін жыл сайын айтатын. Осыны ескерген Қостанайдың жергілікті билік өкілдері «Тобыл» клубына 3 мың орындық «Тобыл-Арена» манежін салып берді. Ел чемпионатындағы алғашқы ойынын жаңа манежде өткізген «Тобыл» Павлодардан келген «Ертіс» командасын 3:0 есебімен жеңіп, маңызды үш ұпайына қол жеткізді. «Ертіс» қысқы трансферде қазақстандық жанкүйерлерге есімі жақсы таныс Рохер Каньяс, былтырдан бастап ұлттық құрамаға шақырыла бастаған Магомед Парагульгов, венгриялық жартылай қорғаушы Патрик Хиди, сербиялық қорғаушы Урош Витас және тағы басқа бірнеше ойыншымен толыққан болатын. Дегенмен «Тобылға» қарсы өткен ойында «Ертіс» футболшыларының ойыны сүреңсіз екені байқалады. Шабуылды голмен аяқтайтын футболшының жоқтығы көзге ұрып тұрды. Ал матчта соғылған үш голдың үшеуі де қорғаушылар мен қақпашының қателігінен соғылды.
Биылғы чемпионаттың күтпеген оқиғасы Қызылордада тіркелді. Былтыр чемпионаттың алғашқы турында «Қайсар» екінші құраммен келген «Ақтөбеден» жеңіліп қалған болатын. Ал биыл «Атырау» командасын жеңе алмады. Кездесу толығымен «Қайсардың» басымдығымен өтсе де, В.Кумыков шәкірттері ойын соңына дейін бір гол айырмасын сақтай алды. Ойындағы жалғыз голды былтырғы маусымда жарақатына байланысты өткізіп алған Дәурен Мәжитов соқты. Осылайша «Атырау» биыл сырт алаңда жеңіске жеткен бірінші команда болып отыр. Тағы бір айта кетер жайт, Атыраудағы «Мұнайшы» стадионына жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан «Атырау» клубы үй ойындарын біраз уақыт «Астана Арена» стадионында өткізеді.
Еліміздің бес дүркін чемпиондары «Ақтөбе» үшін биылғы маусым да сәтсіз басталды. Былтырғы маусымда ойыншылардың қарызын өтей алмағандықтан жаңа футболшыларын тіркей алмай, алаңға екінші құрамын шығарған-ды. Биыл қорғаушы А.Аделейенің қарызын толық жапса да, ФИФА әлі де жаңа ойыншыларды тіркеуге рұқсат бермей жатыр. Сонымен қатар екінші жыл қатарынан ФИФА «Ақтөбеден» 6 ұпай алып тастады. Команда біршама қиындыққа тап болса да, Астанада өткен ойында есепті бірінші ашты. Матчтың үшінші минутында шабуылшы Абат Əйімбетов гол соқты.
«Астана» сапынан Бахтиер Зайнутдинов, Ричард Алмейда, Ласло Кляйнхайслер, Педро Энрике секілді бірқатар үздік ойыншылары кетсе де, Еурододаларда ойнап, тәжірибе жинақтаған «Астана» бұл голдан түк сасқан жоқ. Ойынның 19 және 39-минутында Марин Томасов екі гол соғып, кездесу барысында әріптестеріне екі нәтижелі пас шығарып берді. «Астананың» үшінші голын қорғаушы Юрий Логвиненко соқса, төртінші голын былтырғы маусымды «Атырауда» өткізген Юрий Перцух салды. Осылайша былтырғы ел чемпионы жеңіске жетті. Биыл «Астана» сапында да аз-кем өзгеріс бар. Былтыр отбасылық жағдайына байланысты командадан уақытша кеткен бас бапкер Роман Григорчук қайта оралды. Сонымен қатар қысқы трансферде команда румыниялық жартылай қорғаушы Дорин Ротариу, хорватиялық қорғаушы Лука Шимунович және ұлттық құрама шабуылшысы Сергей Хижниченкомен толықты.
Сөз соңында сандарды сөйлетсек. Бірінші турдағы 6 ойында барлығы 20 гол соғылып, 13-ін қазақстандық футболшылар салды. Қалған жеті голды легионерлер өз еншілеріне жазды. Былтыр алғашқы турда бар-жоғы 14 гол соғылған еді. 20 доптың 11-і бірінші таймда соғылса, қалған 9-ы екінші таймның еншісінде. Бірінші турды жалпы саны 30 мың адам тамашаласа, ең көп жанкүйер «Астана» – «Ақтөбе кездесуіне келді – 10 000 көрермен. Алғашқы турда пенальти мүлде белгіленген жоқ. Былтыр бір пенальти белгілеген болатын. Келесі тур ойындары 15 наурызда өтеді. Екінші турда «Ордабасы» – «Ақтөбе», «Атырау» – «Ертіс», «Қайсар» – «Жетісу», «Тобыл» – «Тараз», «Қайрат» – «Шахтер», «Астана» – «Оқжетпес» клубтары кездеседі.
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»