14 Наурыз, 2019

Ақмешіт үңгірі

3596 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмешіт үңгірі Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауда­ны аумағында, Шымкент шаһарынан 90 шақырымдай қашық­тықта орналасқан. Өлке тұрғындары бұл жерді көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге толы тарихи қастерлі орын ретін­де құрметтейді. Сондықтан да бұл нысан соңғы жылдары жал­пыұлттық мәртебеге ие қасиетті орындар қатарына ілігіп отыр.

Ақмешіт үңгірі

Үңгірдің географиялық ор­наласуы мен құрылымдық үде­рісін зерттеген мамандар оны әк­тасты жыныстар қабатының ойылуынан пайда болған деген болжам жасапты. Үңгірдің ішінен қарағанда саңылау пішіні киіз үйдің шаңырағы іспеттес көрінеді.

Нысанның ішінде ұзындығы 7-8 метрдей үлкен жолды жы­рық бар. Зиярат етуге келген адамдар жоғарыдағы жолды жы­рықтың сорабы арқылы еңбек­тей көтеріліп, өзіне қажет ар­ман-мұратын, дұға-тілегін бір Ал­лаға жолдайды.  Бұл дәстүр қашан қалыптасқаны белгісіз. Ел ішінде көп айтылатын тағы бір аңызға сенсек, ертеде үңгір ішінде көп жамағат жиналып намаз оқитын, құлшылық жасайтын мешіт тәрізді орын болған-мыс. 

«Осындағы мешітке сырттан кіретін құпия жолдар салын­ған. Екі ғасыр бұрын мешіт күм­бе­зі­нің бір бөлігі опырылып құ­лап, үңгірге кіретін үлкен са­ңы­­лау пайда болады да, жер қыр­тысының өзгеруіне байланысты бұрынғы құпия жолдар жабылып қалған», дейді жергілікті өлкетанушылар.

Үң­гірді арнайы био­­­лока­ция­лық құралмен тексер­ген­де, адам денсаулығына ке­рі әсер беретін геомагнитті микро­толқын жоқ екені анықталған.  Яғни, үңгірде адам ағзасына кері әсер беретін биоэнергия жоқ. 

Ел аузындағы тағы бір аңыз­да: «Бір кездері үңгірде үлкен айдаһар өмір сүріпті. Ол қараша халықтың мал-мүлкін ойрандап, орасан зор зиян келтіріпті. Амалы таусылған халық Ақмешіт атты батырдан көмек сұрайды. Ақмешіт батыр тылсым ілім-бі­лімнің күшімен айдаһарды жең­ген екен. Бірақ өзі о дүниеге аттанарда мүрдесін осы үңгірге жерлеуін өтініпті. Содан бері бұл жер «Ақмешіт үңгірі» деп ата­лады». 

Үңгірдің іші қашанда қоңыр салқын райынан еш өзгермейді. Жазда даланы  40 градус аптап ыстық күйдірсе, үңгір ішінде 17-19 градус шамасында ғана жай­лы леп тербеп тұрады. Үң­гір төбесінен ауық-ауық созыла үзіліп мөлдір тамшылар құ­лайды. Мұны жергілікті жұрт «Ақ молданың көз жасы» деп атайды. Осы су тамшылары үңгір ішіндегі ғажайып өсімдіктерге нәр береді.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»