Парламент • 14 Наурыз, 2019

Сенатта балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күрес бойынша заң қабылданды

842 реткөрсетілді

Соңғы жылдарда балаларға жасалатын зорлық туралы жиі еститін болдық. Тіпті, бір кездерде мұндай оқиғалар жиілеп, бала қауіпсіздігіне орай ата-аналарда үрей пайда болған. Ең өкініштісі, бұл - алып-қашпа қауесет емес. Деректер бойынша, бес жылда 4740 бала зорлық-зомбылық құрбаны болған. Бұл қоғамның көңілін алаңдатқан аса маңызды мәселе еді.

Бұл мәселені алғаш Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйек айында көтеріп, қылмыстық заңдарды, оның ішінде балалардың құқықтарына қатысты мәселелер жөніндегі заңдарды шектен тыс ізгілендіруді тоқтатудың қажеттігі туралы айтқан болатын. Ол жыныстық сипаттағы құқық бұзушылықтар үшін жазаны қатайтуға шақырған еді. «Ондай қылмыстар біздің қоғамда қызу талқыға салынады, жеңіл жаза беру немесе қылмыстық жауапкершіліктен жалтару көріністері азаматтардың ашу-ызасын туғызады» деген болатын Қ.Тоқаев.

Сенат төрағасы Парламенттің, Үкіметтің заңдарды шамадан тыс ізгілендіруі мемлекет мүддесіне зиян келтіретіні туралы мәселе қоюға әкелетінін еске салған.

Бүгін Сенат балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған маңызды заңды қабылдады.

Ендігі жерде ата-аналардың, өгей әке-шешелердің, мұғалімдердің, қамқоршылардың кәмелетке толмағандарды зорлауы немесе зорлық көрсеткені үшін қылмыстық жауаптылық күшейе түседі.  Бұл баптар бойынша қылмыс жасағандарды 12-ден 17 жылға дейін соттау көзделіп отыр.

Кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін жаза қатайтылып, заң бұл баптар бойынша сотталғандарды өмір бойына мұғалімдік қызмет атқаруға және балалармен жұмыс істеуге тыйым салады.  

Жұртшылықты ерекше алаңдатқан мәселенің бірі мектептердегі тәртіпсіздік, оқушылар арасындағы қатігездік, әлімжеттік мәселесі екені белгілі. Елімізде осы тұрғыдағы оқиғалар орын алып, бұл да қоғамда алаңдаушылық туғызған. Осы орайда Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылына арналған дөңгелек үстелде мектептерде жиі болып отырған зорлық-зомбылық жағдайлары – барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік екенін атап өтіп, бұл мәселеге көз жұмып қарамай, шаралар қолдану туралы нақты мәселе қойған.

Бүгінгі Сенат қабылдаған заң сол мектептерде  болып келген зорлық-зомбылықты болдырмау және жазаны қатайту мәселесіне де қатысты.

Оның маңыздылығы сонда, ендігі жерде кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық және жыныстық сипаттағы басқа да қылмыстар үшін жазаның жаңа түрі енгізілетін болады. Сөйтіп, жұртшылық күтіп отырған шаралар қолға алынып, балаларға зорлық-зомбылық жасап, оларға қорлық көрсететін қылмыскерлер қылмыстық әрекетіне орай қатаң жазасын алады.

Сенат төрағасы көтерген жұрт көкейіндегі мәселелер заң аясында жүзеге асырылды, ендігі жерде балаларды қорғау жөніндегі ережелер бұрынғыдан да нақты әрі қатаң болады.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұстаз һәм өскелең ұрпақ

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар