Аталмыш іс-шара Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай «Мейірім» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды. Көрменің ашылуына Астана қаласының №10 мектеп-гимназиясының зағип және нашар еститін оқушылары мен тифлопедагог Сәуле Сағымбаева қатысты.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды музейлік білім беру кеңістігі арқылы еліміздің мәдени құндылықтарымен таныстырып, дүниетанымын кеңейту әрі шығармашылық қабілеттерін дамытуды мақсат тұтқан шараға отандық белгілі мүсіншілердің Наурыз тақырыбындағы жұмыстарымен бірге №10 мектеп-гимназиясы оқушыларының қолдан жасаған бұйымдары қойылды. Атап айтар болсақ, Марат Ғабдрахмановтың «Жауынгер», Валерия Пирожкованың «Бүркітші», Анатолия Посядоның «Табында», Асгат Динекеевтің «Әуен», Рысбек Ахметовтің «Немере», франко-хорват суретшісі, мүсінші Ясенка Тучан Вайанның «Көктем келді» атты мүсіндерінің қатарын аталған мектеп оқушыларының «Наурыз келді», «Қызғалдақ – көктем хабаршысы», «Бұл менің киіз үйім», «Көктемнің басты мейрамы» сынды бірқатар жұмыстары толықтырды. Балдырғандар көрме жәдігерлерінің жанында тұрып Абай Құнанбайұлының «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Жазғытұры» өлеңдерін оқып, Ернұр Тұрмаханбетов, Елизавета Хижнях бастаған талантты балалар «Менің Қазақстаным», «Атамекен», «Наурыз келді» әндерін шырқады.
Еңбегі ел алдына қойылғанына ерекше қуанып, жүздері бал-бұл жанған балдырғандар жанарына қонған қуаныштан ол бақыттың ұшқынын сезіну қиын емес еді.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»